Әбжылан
Әбжылан - ертедегі аңыздарда, жырларда кездесетін мифологиялық образ. Ежелгі дәуірде жылан тотем болып саналған. Яғни ғажайып тылсым қасиеттердің иесі. Сондықтан жылан қазақи ғұрыптар мен жосын-жоралғылардың және наным-сенімдердің негізгі нысандарының бірі болды. Әсіресе, қазақтың фольклорлық дәстүрінде әбжыланды жағымды мифопоэтикапық образға айналды. Мысалы, «Әбжылан қабықты жігіт» қиял-ғажайып ертегісінде сәби жылан киімінде туады да, алапат күшке, сиқыршылықка ие болады. Сондай-ақ, батырдың кереметтігін, әйелдің таңгажайып сұлулығын да әбжыланға теңеген тұрақты теңеулер мен сөз орамдары эпикалық жырларда жиі кездеседі. Мысалы,
Әбжыландай толғанып,
Шұбарға қарғып мінеді
(Алпамыс).
Алтында қамшы қолға алып,
Әбжыландай толғанып,
Буралып кетіп барады
(Қыз Жібек).
Түркі халықтарының дәстүрлі мифологиялық түсінігінде жылан төменгі әлемнің өкілі болып саналады, ол алтынды қорып күзетеді, темір мен ұсталық кәсіпті жебеуші рухқа ие. Ертөстік ертегісінде бас кейіпкер жылан Бапыханның еліне саяхат шегеді, оның қызына үйленеді. Жер астындагы жылан патшалығын Шаһмаранның елі деп те атайды. Арбауда мары-мары жылан деген сөз бар, мұндағы мары парсыша «жылан» деген мағынаны береді. Ал әбжылан «үлкен алып жылан» дегенді аңғартады. Сонымен бірге аңыздар мен мифтік әңгімелерде жердің белдеуін әбжылан орап тұрады деген түсінік бар. Тотемдік танымның көмескіленуіне байланысты кейінгі замандарда әбжылан «қаскөй күш» ретінде көрінеді.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |