Мазмұнға өту

Фрэнк Капра

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Фрэнк Капра
итал. Frank Capra
Сурет
Фрэнк Капра (1943)
Жалпы мағлұмат
Туған кездегі есімі

Франческо Розарио Капра

Туған күні

18 мамыр 1897 (1897-05-18)

Туған жері

Бизаквино, Сицилия, Италия

Қайтыс болған күні

3 қыркүйек 1991 (1991-09-03) (94 жас)

Қайтыс болған жері

Ла-Кинта, Калифорния, АҚШ

Азаматтығы

 АҚШ

Мамандығы

режиссёр
кинопродюсер

Белсенді жылдары

19261961

Марапаттары

«Оскар» (1935, 1937, 1939)

IMDb

ID 0001008

Фрэнк Капра (ағылш. Frank Capra, туған кездегі есімі — Франческо Розарио Капра (итал. Francesco Rosario Capra); 18 мамыр 1897(18970518), Бизаквино, Сицилия, Италия3 қыркүйек 1991, Ла-Кинта, Калифорния, АҚШ) — Италиядан шыққан американдық кинорежиссёр жəне продюсер, бурлесктік комедия шебері, «Оскар» жүлдесінің лауреаты (1935, 1937, 1939), 1939 жылдан 1941 жылға дейін жəне 1960 жылдан 1961 жылға дейін Америка режиссерлар одағының Президенті.

Франческо Росарио Капра Сицилияда дүниеге келген. Көпбалалы отбасы 1903 жылы АҚШ-қа көшіп, Лос Анжелесте бұлардан бұрын көшіп келген əкесінің ағасы Бенедеттомен тұрды. 1918 жылы Фрэнк Капра Труппа Институтын (келешектегі Калифорниялық техникалық институт) аяқтап, инженер-химик дипломын алды. Осы жылы АҚШ əскеріне тіркеліп, «испанка» атаулы аурумен ауырып, əскери қызметтен босатылды. 1920 жылдан — АҚШ азаматы, құжат бойынша есімі — Фрэнк Рассел Капра.

1926 жылдан бастап — қысқаметражды мылқау комедиялардың режиссері. 1940 жылға дейін Роберт Рискинмен, одан кейін Сидни Бакманмен бірге жұмыс істеді. 1933 жылы өзіне алғашқы «Оскарын» əкелген «Түнде болған оқиға» фильмінің түсірілімдерін бастады. Роберт Монтгомери, Мирна Лой секілді сол кезеңнің алдыңғы қатарлы əртістері фильмге түсу жайлы ұсыныстардан бас тартты. Оның себебі ретінде олар əлсіз сценарийді, студия жұмысынан босай алмауын жəне фильм кезінде басты актрисаның тек екі костюм киетіндігін көрсетеді. Нəтижесінде Кларк Гейблдың серігі ретінде онша танымал емес Клодетт Колбер алынды. Клодетт Колбер осы фильмнен кейін ең үздік əйел рөлі номинациясында «Оскар» сыйлығын алды. Жалпы фильм басты номинациялар бойынша бес «Оскар» сыйлығын алды. Бұдан кейін көптеген табысты фильмдерін шығарады. Олардың қатарында «Мистер Смит Вашингтонға барады», «Белгісізді қарсы алыңдар» жəне керемет жетістікке жеткен «Мистер Дидс қалаға көшеді», «Өзіңмен бірге алып кетпессің» фильмдері болады. Капраның фильмдеріне түскеннен кейін танымалдылыққа жеткен Барбара Стэнвик, Гэри Купер мен Кэри Грант секілді əртістер оның алдында қарыздар.

1937 жылы Капра «Жоғалған көкжиек» фантастикалық ертегісін түсіреді. Алғашында Капра оны түрлі түсті түрде түсірмекші болады, алайда, фильмдегі Гималай тауларындағы қар көшкіні тек қара-ала түрде болғандықтан, фильм де осы түрде түсірілді. Фильм бюджеті жоспарланған бір жарым миллион доллар мөлшерден екі есе асып кетті. Фильмнің алғашқы авторлық нұсқасы алты сағатқа созылды; көрініске ұсыну үшін Капра оны үш жарым есе қысқартты, нəтижесінде, алғашқы көрсетілімде фильм сəтсіздікке ұшырайды. Режиссёр фильмнен көңілі қалып, оны жойып тастайды. Көрсетілімге қысқартылған нұсқасы шығарылып, бірнеше жылдан кейін бақылаушылар оның құрамынан «коммунизм жайлы» деп аталған 22 минуттық материалды қысқартып тастады. Мұрағаттық көшірмелер уақыт өте келе бұзылып, қазіргі кезеңнің фильм нұсқаларында бұл сəттер қозғалмайтын көрініспен алмастырылды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында Капра АҚШ билігін насихаттауда жұмыс істеді, сегіз əскери тақырыптағы деректі фильм түсірді. 1944 жылы ол комедияға оралады, Кэри Грант түскен «Күшəн мен ескі шілтер» фильмін түсіреді. 1946 жылы өзінің ең атақты фильмі, «Бұл керемет өмірді» түсіреді. Режиссёр 1961 жылға дейін фильм түсіруді жалғастырады. Оның алпысыншы жылдардағы ғылыми фантастика түсіру жайлы жоспары орындалмай қалды.

Капра екі рет үйленген, үш баласы болған. Оның отызыншы жылдардағы фильмдері рузвельттік «жаңа бағыттағы» демократиялық күшке ие болса да, жеке өмірде ол консерватор болды. 1971 жылы Капра өзінің автобиографиясын жариялады. Алайда, ғалымдар оның растығына күмəн келтіреді. Калифорниядағы өз иелігін Капра альма-матері, Калифорниялық технологиялық институтқа өсиет етті.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]