Софокл

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Софокл (гр. Σοφοκλής) (б.з.б. 496 – 406 ж. ш.) – ежелгі грек ғұламасы, драматургиялық біздің заманымыздан бұрын 440 – 439 жылы әскери қолбасшы болған. Ол мемлекет істеріне де араласып, эллиндер мәдениетінің дамуына үлес қосқан. Ертеден жеткен мәліметтер бойынша 120-дан астам драма жазған, 30 мәрте трагик ақындардың айтысына қатысып, 24 рет бас бәйгені иемденген. Бізге 7 драмасы толығымен, 90-нан астамы үзінді қойылымдар түрінде жеткен. Ерте жазылған драмасы “Аякс” саналады. “Антигона” (441), “Эдип патша” (425), “Филоктет” (409), “Колондағы Эдип” (Софокл өлгеннен кейін 401 жылы қойылған) драмаларының жазылған уақыты шамамен анықталса, “Трахинянкілер”, “Электра”, т.б. драммалық шығармаларының жазылған мерзімі белгісіз. Софокл шығармалары Грекиядағы құл иеленушілік құрылымның дамып, гүлденген кезеңін, қоғамдық-саяси оқиғаларға толы өзгерістерді, ел демократиясының жай-күйін бейнеледі. Софокл еңбектерінде Эсхил, Еврипид пікірлерімен келісе отырып, пьесаларда актерлер санын екіден бірнешеге көбейту, хор бөлімдерін қысқартып, қимылдай жүріп диалог негізінде сөйлесу, сөзді іс-әрекетпен толықтыру секілді жаңа жобалар ұсынды. Ол сахнаға жаңа декорациялар енгізіп, маскаларды жаңаша жасады. Софокл туындылары адам мәселесін алғашқы орынға қоя отырып, өмір шындығын қарама-қайшылықтар негізінде көркем жеткізуімен ерекшеленді. Ол шығармаларында еркіндікке толы адамзат рухының қатал тағдырға қарсы іштей күресуін шынайы бере білді. Грек ойшылы Гомердің шығармаларын үлгі тұта отырып, мифологиялық оқиғаларды шығармаларына арқау еткен Софокл “Трахинянкілер” трагедиясында соғыс майданында әрдайым мерейі үстем болған Гераклдың (Геркулес) өлімін бейнеледі. Жас арудың ағасына деген жанашырлықтан басын өлімге тігуін “Антигона”, әке өлімі үшін қызының кек алуын “Электра”, әкесін өлтіріп күнәға батқан ұлдың жайын “Эдип патша”, “Колондағы Эдип”, адалдыққа қулық-сұмдықтың, зұлымдықтың қарсы қойылуын “Филоктет” секілді трагедиялары мазмұндайды. Софокл дарынды актер ретінде де танылды, актерлік өнерді кәсіби деңгейде дамытуға, сан қырынан жетілдіре түсуге баса назар аударды. Әлем әдебиетінде Софокл ірі тұлғалар сомдап, образдар галереясын жасаған ежелгі грек трагедиясының аса көрнекті өкілі ретінде бағаланады.[1][2]

Эсхилдан кейінгі афиндық ұлы трагик ақын Софокл б.з.б. 496 жылы Афины жанындағы Колон деген жерде дүниеге келген. Туған жері Колонның сұлу табиғатын ақын «Эдип Колонда» атты трагедиясының бірінші стасимасында жырға қосқан. Оның әкесі Софиил қару-жарақ шеберханасының қожайыны болды. Яғни, материалдық жағынан дәулетті болған Софиил өз баласына жан-жақты, терең білім беруге талпынды. Сонымен бірге, Софоклды гимнастика мен музыка өнеріне баулыды. Осылайша Софокл атақты Лампрдың өзінен музыкалық дәріс алды. Софоклдың б.з.б. 480 жылы Саламин аралында өткен үлкен салтанатты жиында гимн айтуы – оның музыкалық сауаттылығының бірден-бір дәлелі болып табылады. Онымен қоса, Софокл өз драмаларының кей бөлімдеріне музыка жазды. Ал Гомердің «Одиссей» поэмасының негізінде жазылған өз драмасында патша қызы Навсикаяның рөлін ойнағанда, ерекше ептілікпен доп ойнауы – оның афиндық палестрден, яғни спорттық мектепте жақсы тәлім алғандығын көрсетеді. Жалпы антикалық мәліметтерге сүйенсек, Софокл музыкалық және гимнастикалық өнері бойынша көптеген жетістіктерге жеткен. [3] Аттикалық трагедияның үш ұлы драматургы дегенде Эсхил, Софокл, Еврипид есімдерін атасақ, гректер үшеуінің де өмірін Саламин жеңісімен байланыстырады. Мәселен, Эсхил Саламин соғысына қатысқан, Софокл бұл жеңісті хор арқылы жырлаған, Еврипид Саламин жеңісі уақытында дүниеге келген. Үш сүйікті ұлының тағдырын бұлайша байланыстыру парсы жаугершілігінің бетін қайтарған Саламин түбіндегі жеңістің грек халқы үшін қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. Софокл б.з.б. V ғасырдағы грек жұртының ең сүйікті трагик ақындарының бірі болған. Ол 60 жылдық шығармашылық өмірінде 123 драма жазды. Яғни орта есеппен алғанда жылына 2 рет алқалы топтың алдына шығып отырған. Оның шығармалары ылғи сәтті болып, 24 рет бірінші орын алған, ара-арасында екінші орынды місе тұтқанымен, ешуақытта үшінші орын алып немесе жеңіліп көрмеген. Софокл өз дәуірінде атақты болғанымен, оның біздің заманымызға дейін 7 драмасы ғана жеткен: «Аякс», «Трахиндық әйелдер», «Антигона», «Эдип патша», «Электра», «Филоктет», «Эдип Колонда». Шығармаларының сюжетін Софокл үш мифологиялық циклдан алған: троялық мифтер циклынан «Аякс», «Электра», «Филоктет»; фивылық мифтер циклынан «Эдип патша», «Эдип Колонда», «Антигона»; Геракл туралы мифтер циклынан «Трахиндық әйелдер». Драмаларының жазылған уақыты белгісіз. Зерттеушілер кейбір драмаларының сахналанған уақытын ғана шамалап көрсетеді. «Филоктет» - б.з.б. 409 жылы, «Эдип Колонда» - б.з.б. 401 жылы ақын өлімінен кейін қойылған; ал «Эдип патша» трагедиясы Афиныдағы б.з.б. 430-429 жылдар аралығында болған эпидемиядан кейін туған деп топшыланады. 1912 жылы Оңтүстік Египет құмдарынан табылған папирустар ішінен Софоклдың «Із кесушілер» шығармасының үлкен бір фрагменті табылған. [4] Софокл шығармаларында көтерілген негізгі мәселе – жеке адам тағдыры. Драматург Грекиядағы құл иеленушілік қоғамның дамып, гүлденген кезеңін, қоғамдық-саяси оқиғаларға толы өзгерістерді, елдегі демократиялық жағдайды бейнелейді. Софокл өзіне дейінгі трагиктер пікірлерімен келісе отырып, актерлар санын, хор орындаушылардың санын он бес адамға дейін көбейтті, драмалық әрекетті күшейтті, хор бөлімдерін қысқартты. Шығармаларына музыкалық өңдеу жасап декорациялық живописьті қосты. Алғашқы кезде жазған шығармаларының бірі – «Триптолемде» патриоттық тақырыбын көтерумен қатар, егіншілік пен молшылық құдайы Деметраның халыққа жер бөліп берген қамқорлығы жөнінде айтылады. Эсхилмен салыстырғанда Софокл кейіпкерлері өз бетінше шешім қабылдайтын тәуелсіз болды, олар өзге кейіпкерлермен қалай қарым-қатынасқа түсу керектігін өздері шешті. Софокл құдайларды сахнаға жиі шығарған жоқ. Себебі ол индвид – жеке тұлға мәселесін бірінші орынға қойды. Демек, Софокл туындылары адам мәселесін алғашқы орынға қойып, өмір шындығын қарама-қайшылықтар негізінде көркем жеткізуімен ерекшеленді. Оның «адамдар қандай болуы керек болса, мен оларды солай суреттеймін» деген сөздері осыған дәлел. [5] Эсхил секілді Софокл да ақшаның үстемдігіне қарсы болды («Антигона», «Эдип патша»), ол демократиялық мемлекеттің күшейгенін қалады («Аякс»). Бірақ Софокл шығармаларында қарама-қайшы келетін пікірлер де орын алып отырады. Мәселен, бірде Аполлонның дәстүрлі религияларының орындалуын, құдай заңдарының орындалуын талап етсе («Антигона»), бірде адамзаттың азат еркіндігін («Эдип патша») дәріптейді.

Софоклдың саяси қызмет

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аттикалық кезеңнің әйгілі драматургы Софокл жас кезінде ақсүйектер партиясының көсемі, реакциялық жер иеленушілік топтың басшысы ақсүйек Кимонды қолдағанымен, кейіннен Перикл жағына көшеді. Кимон парсыларға қарсы соғысқа қатысып, көптеген жеңістерге жеткен. Софокл шығармашылығының толысқан шағы тарихта «Перикл дәуірі» деген атпен белгілі кезеңмен тұспа-тұс келді. [6] Демократиялық партия жеңіске жетіп, Кимон қуғынға ұшырағаннан кейін үкімет басына құлиеленушілердің белсенді топтары келе бастады. Отыз жыл бойы Перикл мемлекет басында тұрғанда Афины мәдени орталыққа айналды. Мұнда басқа да грек полис-мемлекеттерінен оқымыстылар, ақындар, скульпторлар жиналды. Периклдың айналасында тарихшы Геродот, философ Архелай болды. Софокл мен Перикл екеуінің достығы 20 жылға дейін жалғасты (б.з.б. 430 жылы Перикл чума ауруынан қайтыс болғанға дейін). Софокл өмірінің соңына дейін демократиялық көзқарасты ұстанды. Драматургтың жастық шағы грек-парсы соғысынан кейін Афинының саяси және экономикалық даму кезеңімен тұспа-тұс келді. Бұл ақынның дүниетанымына қатты әсер етті. Ол құдайлардың әділдігіне, адам санасы мүмкіндігінің шексіз екендігіне, әрбір азаматтың өз міндетін адал орындап шығуға талпынатындығына сенді. Сондықтан драматург Софокл афиндық демократияның гүлденген кезеңінің ақыны болды. Өз дәуірінде ақынның зор жетістіктерге жетуі тек көркемдік шеберлігіне байланысты болған жоқ, оның көзқарасының б.з.б. V ғасырдағы афиндық қоғам көзқарастарымен үндес келуіне байланысты болды. Оның үстіне Эсхил, Еврипидтер секілді өз Отанын тастап ешқайда кеткен жоқ. Халқының шексіз құрметіне бөленіп, бақытты ғұмыр кешті. Софоклдың ерекше сұлулығына, сымбаттылығына қарап, замандастары оны «бақыттың еркесі» деп атаған. [7]

Софокл қоғам өміріне де белсене араласты. Дәулетті адам болғандықтан б.з.б. 443 жылы эллиндік, яғни одақтық қазынаның казначейлер комиссиясының төрағасы болып жауапты қызметке тағайындалды. Оның міндеті одақтық мемлекеттер арасында қаржыны бөлу болды. Ал б.з.б. 441 жылы атақты драматург стратег қызметіне сайланып, Периклмен бірге 2 жыл Самос аралына қарсы соғысқа қатысты. Негізінде ежелгі Грекияда казначейлік және стратегтік қызметке тек үстем тап өкілдері, яғни пентакосиомедимдер сайланатын болған. Оған қоса, Софоклдың өз замандастары арасында беделі өте күшті болған. Себебі, мұндай жоғары лауазымды қаржылық немесе әскери қызметке сайлау ашық түрде, яғни қол көтеріп жақтау арқылы өткізілетін болған. Софокл саяси мәселелерге араласып отырғанымен, оның саяси сұрақтарға жауап беруге қабілеті де, аса қызығушылығы да болмаған. Соның салдарынан самостық әскербасы, философ Мелистен жеңіліп қалады. Осы самостық жорықта Софокл өз замандасы, трагедиялық әрі лирикалық ақын Ион Хиосскиймен танысады. Ионның айтуынша, Софокл көпшіл, белсенді, мықты ақын болғанымен, саясаткер, стратег ретінде жарқырап, ерекше талантымен көріне алмаған. [8] Софокл көрген түске, діни культке, көріпкелге, емшілерге сенетін болған. Софоклдың отбасында Асклепийдің абыздары болғандығы да оған әсер етіп, дәрігерлік практикадан өтеді, діни медицина культтерінің мүшесі болады. Өмірінің соңына дейін Асклепий культімен байланысты абыздық қызмет атқарып, Софокл өлгеннен кейін оған «Дексион» деген культтық батырдың есімі беріледі. Б.з.б. 480 жылы Софокл хор жетекшісі болды, он екі жылдан кейін алғаш рет трагиктер сайысына қатысып, басты қарсыласы әрі ұстазы Эсхилды шаң қаптырып, бас жүлдені жеңіп алады. Сол уақыттан бастап өмірден өткенге дейін Софокл афиндық драматургтер ішіндегі ең танымалы болады. Ол Ұлы Дионис мейрамдарында 18 рет, Леней мерекелерінде 6 рет жеңіске жетеді. Б.з.б. 468 жылы драмалық сайыста алғаш рет Эсхилды жеңгенде құрамында «Триптолем» атты трагедиясы бар трилогиясы арқылы жеңеді. Софоклдың бірінші жеңісі жөнінде Плутарх өз еңбегінде жазып қалдырған («Кимон»). Сайысқа афиндық қолбасшы Кимон және 10 стратег қатысқан. Бұдан кейінгі сайыстарда драматург Софокл 20 рет бірінші орынды иемденіп, ешуақытта үшінші орын алып көрмеген.

Пайдаланған сілтеме

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Өнер: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулык/Қ.Болатбаев, Е.Қосбармақов, А.Еркебай. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-33-998-8
  3. История античной литературы. Чистякова Н.А, Вулих Н.В. –Л., 1971
  4. Античная литература. Под ред. Проф.А.А.Тахо-Годи. Второе издание, переработанное. М., 1973
  5. История античной литературы. Тронский И.М. Москва. Высшая школа. 1983
  6. Радциг С.И. История древнегреческой литературы. Москва, 1969
  7. Тоқшылықова Г.Б. Антика әдебиетінің тарихы. Алматы, 2011.
  8. Античная литература. Анпеткова-Шарова Г.Г., Чекалова Е.И. Ленинград, 1981