Мазмұнға өту

Репродуктивті жүйе

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Репродуктивті жүйе немесе Көбею жүйесі — көпжасушалы тірі ағзалардың (жануарлар, өсімдіктер, саңырауқұлақтар және т.б.) жыныстық көбеюіне жауапты жүйе.

Ағзаның басқа жүйелеріне қарағанда репродуктивті жүйе еркек дара мен ұрғашы дара арасында көбіне қатты ерекшеленеді[1]. Кейбір биологиялық белсенді заттар (гормондар және феромондар) жануарлардың репродуктивті жүйесінің жұмысына қатты әсер етеді.

Омыртқалардың репродуктивті жүйелері көбіне жалпы бір-біріне ұқсас:

  • жыныстық бездері (гонадалар)
  • арнайы шығарушы жолдар (VAS efferens және oviducts)
  • сыртқы жыныс мүшелері

Жыныстық көбеюге екі – аталық және аналық организмі қатысады. Жыныс сыртқы белгілерімен, сондай-ақ жыныс жүйесінің құрылысы бойынша ерекшеленеді. Жыныс мүшелері: аналық без – жұмыртқа жасушасын, ал аталық без сперматозоидтер түзеді. Жыныс жасушаларында хромосомалар жиынтығының жартысы бар, олар қосылып зигота түзгенде, хромосома жиынтығы екі еселеніп 46 болады.[2]

Аталық жыныс жүйесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аталық жыныс жүйесі қосалқы бөлімдері бар аталық безден, шәует шығаратын түтік, жыныс мүшесі және басқа бездерден, олардың ішіндегі ең ірісі – қуық асты безінен тұрады. Бездер шәует сұйықтығын түзеді. Аталық жыныс жасушасысперматозоид ірі ядросы бар бас, мойын және ұзын құйрықшадан тұрады. Сперматозоидтер аталық ұрық безінің қосалқы бөлімдерінде жиналады да, қуық асты безінен бөлінетін шәуетпен араласып, зәр шығару өзегі арқылы сыртқа шығарылады.[2]

Аталық жыныс жүйесі аталық жыныс безінен және қосымша мүшелерден тұрады. Оларға ұрық шығару жолдары, ұрық көпіршіктері, қуық асты (простата) және бульбоуретральды бездер, аталық жыныс мүшесі жатады.

Аталық жыныс безінің көп бөлігі сыртынан сірлі қабықшамен — ішпердемен қапталады, оның астында тығыз талшықты дәнекер тінінен тұратын ақ қабық (tunica albuginea) орналасады. Аталық жыныс жасушаларының пайда болуы (сперматогенез) иректелген ұрық түтікшелерінде өтеді және 4 сатыдан тұрады: көбею, өсу, пісіп жетілу және қалыптасу. Иректелген түтікшелердің ілмектерінің арасындағы борпылдақ дәнекер тінінде, қан капиллярларының маңында топталып, интерстициалды эндокриноциттер (гландулоциттер, Лейдиг жасушалары) орналасады. Олар аталық жыныс гормонын-тестостерон өндіреді.

Аналық жыныс жүйесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аналық жыныс жүйесі сыртқы және ішкі мүшелерден тұрады. Ішкі жыныс мүшелеріне аналық без, жатыр түтігі, жатыр және қынап жатады. Аналық жыныс жасушалары – жұмыртқа жасушалары аналық безде түзіледі. Бұл – мөлшері үлкен (150 мкм), қозғалмайтын жасуша. Оны жатыр түтігімен тербелмелі эпителий жылжытады. Жұмыртқа жасушасының дамуы 27–28 тәулікке созылады. Жұмыртқа жасушасы жетілгенде, құрсақ қуысына, одан жатыр түтігіне түседі. Осы жерде тербелмелі эпителий арқылы жатырға бағытталады.Жұмыртқа жасушасының дамуы 27-28 тәулікке созылады.[2]

Аналық жыныс жүйесіне аналық жыныс бездері, жатыр, жатыр түтікшелері, қынап, сыртқы жыныс мүшелері жатады. Аналық жыныс бездері (жұп мүше) генеративтік (аналық жыныс жасушаларының дамуы) және эндокриндік (жыныс гормондарының түзілуі) қызметтерді атқарады. Мүше сыртынан тығыз талшықты дәнекер тінінен тұратын ақ қабықпен (tunica albuginea) қапталған. Ақ қабықтың сыртында мезотелий орналасады. Ақ қабықтың астында қабықтық зат, одан тереңірек — милық зат. Қабықтық зат (cortex ovarii) дәнекер тіндік стромада орналасқан, дамудың әртүрлі сатысындағы овариалды фолликулдардан, сары және ақ денешіктерден тұрады. «Овариалды фолликул» деп, примордиалды фолликулдың овуляция алдындағы фолликулға (біріншілік, екіншілік және үшіншілік немесе граафов көпіршігі) дейін біртіндеп дамуы үрдісі барысында өзгерістерге ұшырайтын, жыныс жасушасынан және оны қоршаған эпителиден тұратын, жасушалық-тіндік кешен аталады. Эстрогендер (эстрадиол, эстрон және эстриол)  екіншілік және үшіншілік фолликулдардың қуысында жинақталатын сұйықтықта анықталады, ал  прогестерон сары денешікте түзіледі. Аналық жыныс безінің милық заты (medulla ovarii) борпылдақ дәнекер тінінен тұрады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Reproductive System 2001 Мұрағатталған 22 қазанның 2006 жылы. Body Guide powered by Adam
  2. a b c Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: «Атамұра» баспасы, 2008. ISВN 9965-36-557-1