Мазмұнға өту

Планктон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
A.
Бокоплав

Планктон (гр. plаnktos— кезбе) — теңіздің, су айдындарының әр түрлі тереңдігінде мекендейтін және суда қалқып тіршілік ететін, су ағынына төтеп бере алмайтын организмдер жиынтығы.

Планктонның бөлінуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тұщы су планктоны[1][2]көл планктоны (лимнопланктон) және өзен планктоны (потамопланктон) деп ажыратылады. Тұщы су зоопланктонында ескекаяқты және бұтақмұртты шаяндар мен коловреткалар көп болады. Теңіз зоопланктонында негізінен шаянтәрізділер, қарапайымдар, ішекқуыстылар, моллюскалар, т.б. омыртқасыздар басым келеді. Таза түрде салмағы бойынша алғанда, теңіздер мен мұхиттардағы планктон ондағы басқа тірі организмдерін бәрін қосқандағыдан 20 есе көп екен.Фитопланктон фотосинтез процесі жақсы жүретін судың жоғары қабатын, негізінде 50 — 100 м тереңдікті мекендейді. Ал бактериялар және зоопланктондар судың барлық қабатында кездеседі. Теңіз фитопланктоны диатомдық балдырлардан, талшықтылардан; ал тұщы суда диатомдық, көк-жасыл, жасыл балдырлардың кейбір түрлерінен тұрады. Фитопланктон — судағы гетероторфты жануарлар мен бактериялар қоректенетін негізгі продуцентті органикалық зат. Бұлардың су айдындарында көп болуы — су қабаттарындағы биогенді заттарға (фосфат, азотты қосылыстар, т.б.) байланысты. Судағы планктон мөлшері олармен қоректенетін жануарлар, су ағысы, жыл мерзімі, т.б. көптеген жағдайларға байланысты бірнеше км-ден бірнеше м-ге дейін өзгеріп отырады. Планктон шектен тыс көбейіп кетсе, су көк түске боялады, кейде улы заттар да түзіледі. Көптеген планктон жануарлар тұрақты түрде қоныс аударады (миграция), соның нәтижесінде судың беткі қабатындағы қоректік заттар су түбіне ауысады. Кейбір планктонды организмдер су айдындарының ластануының индикаторы болып есептеледі. Араларында кәсіптік маңызы бар түрлері де жеткілікті. Мысалы, креветкалар, мизидтер, крильдер (эвфаузиидті шаян), т.б.[3]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған – түсіндірме сөздіктер топтамасын шығару жөніндегі ғылыми-баспа бағдарламасының ғылыми жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том
  3. Мұнай және газ геологиясы танымдық және кәсіптік-технологиялық терминдерінің түсіндірме сөздігі. Анықтамалық басылым.- Алматы: 2003. ISBN 9965-472-27-0

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]