Комбайн

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Комбайн – бір мезгілде бірнеше жұмысты атқара алатын жұмыс машиналарынан біріктірілген күрделі агрегат. Комбайн (ағылшынша combіne – қосу, біріктіру дегенді білдіреді) астық, майлы дақылдар, сүрлем, бақша өнімдері, жеміс-жидек және тамыр түйнекті жемістер жинауға, кен қазуға, т.б. қолданылады. Қолданымына қарай ол кен комбайны, көмір комбайны, ас үй комбайны, ауыл шаруашылық комбайны, т.б. болып бөлінеді. Бұлардың ішіндегі ең көп тарағаны әрі маңыздысы – ауыл шаруашылық комбайны. Ауыл шаруашылық комбайнының: күріш, жүгері, қызанақ, жеміс, т.б. жинайтын, сүрлем дайындайтын түрлері бар. Күріш жинау комбайны – күріш дақылдарын жинауда қолданылады, оған қосымша қондырғыларды қосу арқылы ылғалды топырақтағы басқа дақылдарды жинауға да болады. Жүгері жинайтын комбайн – жүгерінің собығын сабағынан айырып, қабығынан дәнін босатып, жинайды. Жүгерінің жапырағы мен сабағын майдалайды, жүгеріден жемшөп дайындайды. Картоп комбайны – картоп қатарын қазып, түйнектерін пәлегінен айырып бункерге немесе көлік құралдарына тиейді. Комбайндар механизмдеріне байланысты өздігінен жүретін, тіркемелі және аспалы боп үш түрге бөлінеді. Өздігінен жүретін комбайнның жеке қозғалтқышы, трансмиссиясы, жүріс аппараты (дөңгелекті немесе шынжыртабанды), басқару механизмі болады. Осылардың әсерінен комбайнның барлық тетіктері қозғалысқа келтіріледі. Тракторға тіркелетін тіркемелі комбайн тетіктері орнатылған қозғалтқышпен немесе трактор күш білігінен алынатын қуатпен іске қосылады.[1]

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Балалар энциклопедиясы