Баланды күмбезі
Баланды ІІ кесенесі (Бұланды ІІ) – Қызылорда облысының республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енген біздің заманымыздан бұрынғы 4-2 ғасырлардан сақталған сәулет өнерінің ескерткіші.
Орналасқан жері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Баланды шатқалы, Қуаңдария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 км жерде орналасқан.
Кезеңі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]б.з.б. VI-ІІ ғғ.
Тарихи деректер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Баланды ІІ кесенесі Орталық Азияның ең көне күмбезді ғимараты. Кезеңі б.з.б. IV-ІІ ғғ. деп белгіленеді, бұл сенімді түрде оның апасиак мәдениетіне (су сақтары) жатады деуге мүмкіндік береді.
Сәулет ескеркішін С.П. Толстов жетекшілік еткен Хорезмдік этноархеологиялық экспедиция XX ғасырдың 60-жылдарында ашқан болатын.
Бұл аймақ қайтадан 2006 жылы Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының барлау тобымен зерттелді. 40 жылдық үзілістен кейін 2007 жылы тамыз айында бұл ескерткіште стационарлық археологиялық зерттеу жұмыстары қайта жалғасты.
Сипаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ғимарат құрылысы дөңгелек, диаметрі 16 м, сақталған қабырғаларының биіктігі 4,5 м, іргелігі пахсадан, жоғарғы жағы шикі кірпіштен қаланған. Кіретін есігі портал тәріздес, оңтүстік жағында. Сыртқы қабырғалары үш бұрышты күрекше іспеттес. Ғимараттың ішінде диаметрі 5,5 м цилиндрге ұқсас, төбесі күмбездене жабылған ортаңғы бөлме бар. Құрылыс ғибадат етуге арналған болуы керек, өйткені ешқандай қабір табылған жоқ. Ал, жан-жағындағы шеңбер бөліктері сияқты бөлмелерде қабірлер бар. Кіреберіс есіктен басқа бөлмелердің қабырғаларында радиалды аркалы қуыстары бар. Есікке қарсы беттегі радиалды қабырға бітеу, бөлмелер еңселі, төбесі жабық, трапеция түріндегі кірпіштерді көлденең және қиғаш қалаған. Кірпіштердің кірісіне керамика сынықтарын қаққан.[1][2]
Ғимараттың аса маңызды болып табылатыны – күмбезді сәулеті. С. Толстовтың пікірінше, күмбезді жабу техникасын жасауда Сырдария өзенінің маңын мекен еткен сақтар маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Сырдария өзенінің маңын мекен еткен сақтардың күмбезді құрылыстарды салу қағидалары Орта Азия, Таяу Шығыс пен Еуропадағы бұдан кейінгі барлық құрылыс технологияларына үлкен ықпал етті.
"Баланды" атауының этимологиясы өте қызықты. Қазақтарда "бұлаң"сөзі "бұрылыс", "бұралаң" деген мағынаға ие. Түрік тілдері тобында -ты және -ды жалғауы көптік мағынаны береді. Осылайша, "Баланды" атауы – бұл "бұралаңы көп, бұрылысы көп" дегенді білдіреді.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, II том;
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
- ↑ Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9
|