Аяқ киім
Аяқкиім - аяққа киетін киімнің жалпы атауы, бұйым.
Аяқкиім және оның түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Аяқкиім түрлері олардың жасалған материалына, тұтынушысының жасы мен жынысына, әлеуметтік жағдайына байланысты жасалады. Аяқ киімнің өңделуі мен әшекейленуі жоғарыда аталған жайттарға байланысты болады. Аяқ киімнің қыстық, жаздық, еркектер мен әйелдерге, балаларға, жұмысқа, салтанатты шараларға, қарттарға, жастарға арналған түрлері болады. [1]
Дәстүрлі ортада аяқ киім тігумен тері, қайыс өңдеумен айналысқан маманданған адамдар айналысқан. Олардың атадан балаға беріліп отыратын өзіндік технологиясы, яғни тәсілдер жүйесі болды. Жылқышылар, отардағы малшылар, шанамен жолға шыққан жолаушы жылы аяқ киімінің сыртынан киеді.
Өкшелі аяқ киімдерге саптама етік, мөкі (киіз қонышты саптама), сырма киіз етік тәрізді өкшесі әртүрлі пішінді етіктер жатады. Әйел мен еркектер киюіне ыңғайластырылып тігіледі. Оларды өкшесіне қарай жуан өкше, қазық өкше, биік өкше, жез (тойнақпен қапталған) өкше, шоңқайма, мықшима деген түрлерге де бөледі.
Жергілікті тілде жұмыс aяқ киімдерінің бір сұқпай (шәркей), көн шабата (кебіс орнына киетін аяқ киім), қайыс етік, қалың, қатты көннен тігілген шоқай - шоқай, шабата, шәркей, шәтиөр, шәрке, шепік, мөкі кебіс (кебістің шарық сияқты түрі) секілді жеңіл түрлерінің атаулары кездеседі. Былғарыдан етік киюге шамасы келмейтіндер, әсіресе, жасы үлкендер жазда, қыста сірімен қаптаған киіз байпақпен жүрген. Көн шабата, шабата, көн шарық, көн шоқай жазда киетін жұмыс aяқ киіміне жатады.
Дәстүрлі қазақы ортада аяқ киімдердің мынадай негізгі түрі таралған: етік, кебіс, мәсі, саптама, байпақ, шоқай және т.б. Кебіс пен мәсінің сан алуан ыңғайлы да, әдемі түрлері тігілген. Кебіс көбінесе малдың сауыр терісінен тігіліп, қалыпқа қатырылады.
Аяқкиімге байланысты ырымдар
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қазақ aяқ киімнің табанына қарамайды. Өйткені оның бармайтын жері, баспайтын тауы «қалмағандықтан» былғанышты болады дейді. Оны көрген адамның көзі ұшынады-мыс. Ал аяқ киімінің табанына жазатайым көзі түссе, табанға үш мәрте түкіру керек. Яғни көзім ұшынбасын, аяғым ақсамасын деп ырымдағаны. Аяқ киімді төңкеріп қоймайды. Шешкеннен кейін қатарлап қояды[2]. Төңкеріліп қалса, қайтадан оңдап орналастырады. Бытыратып шашып тастауға да болмайды. Аяқ киім төңкеріліп қалса иесі қайғыға ұшырайды, шашылып жатса жолы кесіледі деп санаған. Аяқ киіміңді сол аяқтан бастап кимейді. Қазақта басқа кісілерге қаратып аяқ киім шешпейді. Әйелдер аяқ киімді тасаланып киеді немесе шешеді. Иен түзде, жаугершіліктен босып-көшкенде немесе түрлі жағдайларға байланысты түнде ұйықтаған кезде басына жастанатын ештеңе болмаса аяқ киімді жастануға рұқсат етілген. Ол туралы қазақта «етік жолға бастайды, шалбар сорға бастайды» деп етікті жастануға болады дейді. Ал шалбарды жастануға мүлдем тыйым салынады. Аяқ киімнің табанына салынатын ұлтарақты маңдайынан тіліп қояды. Мұны ұлтарақтың жолын ашу дейді[3].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2
- ↑ Жақытов Ә. Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 1989
- ↑ Шойбеков Р.Н. Етікшілік өнеріне байланысты кейбір атаулар // Тілтаным, 2006. №3