Альпілік белдеу
Альпілік белдеу – субальпілік белдеуден жоғары, нивальдік белдеуден төмен орналасқан, биік таудағы табиғи белдеу. Белдеудің қандай биіктікте орналасуы географиялық ендікке, таулардың ылғалды жағдайына және беткей экспозициясына байланысты. Альпілік белдеу Альпі тау жүйесі мен Кавказ тауының батысында 2200 м-ден 3000 м, Гималайдың оңтүстік беткейлерінде 3600 – 5000 м, Іле Алатауы мен Жетісу Алатауында 2800 – 3500 м, Алтайда 2500 – 3000 м биіктікте орналасқан. Альпілік белдеуде таулық мұздықтар кең таралған. Климаты суық, қысы ұзақ, 8 – 10 айға созылады. Қары қалың, желі қатты, өсімдіктің өсіп-өну мерзімі қысқа. Қаңтар айының орташа температурасы 15°С, шілдеде 14°С-дан аспайды. Жылдық жауын-шашын мөлшері 1000 мм-ге жетеді. Белдеуде қар көшкіні жиі болып тұрады. Альпілік белдеулерде альпілік шалғын мен аласа келген бөртпе бұталар өседі. Арқар, тауешкі, тур, қодас мекендейді. Қазақстанның биік тауларындағы Альпілік белдеулер жазда мал жайылымы ретінде пайдаланылады.[1]
Альпі белдеуі - ландшафтысы, негізінен, ылғалды болып келетін қоңыржай және субтропиктік ендіктердегі тауларға төн табиғи биікгік белдеуі. Субальпі белдеуінен жоғары орналасады, едеуір биік тауларда нивальді белдеумен ауысады. Альпы белдеуінің биіктік орны географиялық ендікпен, беткейлердің экспозициясымен, климаттың континенттік дәрежесімен анықталады. [2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақстан Республикасының табиғаты, 7 том;
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007 жыл. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |