Абайдың ата тегі туралы (мақала)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

«Абайдың ата тегі туралы», Мұхтар Әуезовтың мақаласы.


Абайдың туғанына 95 жыл толуына орай КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық бөлімі Абайдың екі томдык толық шығармалар жинағын бастырып шығарды. 1-томы 1939 жылы С.Мұқановтың, 2-томы 1940 жылы Әуезовтің алғы сөздерімен және ғылыми түсініктемелерімен жарық көрді. Алматы, Семей мұрағаттарындағы құжаттарымен таныса отырып, Семей өңірінде болып қайтқан ғылыми экспедицияның жиған деректерінің нәтижесінде Абай шығармаларының ғылыми толық басылымын тұңғыш рет жүзеге асырды. Бұл ғылыми түсініктер бұдан кейін жарық көрген Абай шығармаларының толық немесе академиялық басылымдарының барлығына ғылыми негіз болды. Түсініктеме мақалада Абайдың өмірбаяны мен шығармашылық жолын ғылыми негізге түсіру, муражайлардағы құжаттық деректерді жинастыру, ел аузынан жазып алынған мағлұматтарды, естеліктерді бір жүйеге келтіру, ақынның шәкірттері, сол кезде өмір сүрген белгілі тарихи адамдар мен өнер иелері жөніндегі мәліметтерді іздестіру бағытындағы жүргізілген КСРО Ғылым академиясының Қазақстандық бөлімшесінің Жамбыл атындағы әдебиет және халық шығармашылығы секторы ғалымдарының жұмысына тоқтала келіп, Абайдың ата тегі туралы мұрағаттан табылған құжаттарға шолу жасайды. Кеңгірбай, Ырғызбай, Әскенбай, Құнанбай, Серікбай, Бөжей, Айпара, Қожамберді ақын, Құсбек, Жамантай төре, Байсал, Қисық би іспетті тарихи адамдардың өмірі мен іс-әрекеттері және олардың арасындағы дау-шар, билік таласының түпкі себептері туралы егжей-тегжейлі баяндап, түйінді пікір түйеді. Соның ішінде Омбы облыстық соты қараған Аякөз сыртқы округі приказындағы «Бостанбек Өскенбайулының қазасы» туралы тергеу ісіне ерекше тоқталған. Іс барысында екі жақтың да кінәсі анықталмайды. Барымта дауы қазақтың билік жолымен шешімін тапқан көрінеді. Мақалада Қожамбердінің өлеңдері келтірілген. Құнанбайдың старшын, болыс, аға султан сайлануы, ел ішіндегі жургізген биліктері, Қодар мен Қамқа оқиғасы, Құнанбай мен Бөжей арасындағы қақтығыстың себептері, Құнанбайдың аға султан кезінде Омбы түрмесіне қамалуы, кейінгі қажылық өмірі, жеке басының әр турлі қасиеттері кеңінен қамтылған. Кеңестік әсіре солшыл сыншылардың тарапынан мақала қатты сынға ұшырады.

1943, 1947, 1949, 1951-1953 жылдары саяси қысым тұсында жазушының бұл мақаладағы тұжырымдары қате, Кеңес өкіметіне жат көзқарас, Құнанбайды ақтайды, оның қатал биліктерін іштей жақтап отыр, феодализмді көксейді деген жалған айыптар тағылады. 1953 жылы 18 мамырда «Литературная газетаға» жазған ашық хатында жазушы өзінің осы мақаладағы пікірлерінің қате екенін мойындап, одан бас тартуға мәжбур болды. Мақала 1984 жылы ғана жазушының 20 томдық шығармалар жинағының 15-томында қайтадан басылды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 978-601-282-175-8