Томас Алва Эдисон
Томас Эдисон | |
ағылш. Thomas Edison | |
Эдисон 1922 жылда | |
Толық есімі |
Томас Алва Эдисон |
---|---|
Туған күні | |
Туған жері | |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері |
Уэст-Орандж, Нью-Джерси, АҚШ |
Азаматтығы | |
Ұлты |
Америкалық (Нидерланд ұлтынан шыққан) |
Қызметі |
өнертапқыш, кәсіпкер, инженер |
Әкесі |
Сэмюэль Огден Эдисон кіші. |
Анасы |
Нэнси Мэттьюс Эллиотт |
Жұбайы |
Мэри Стилвелл (1871–1884) |
Балалары |
6, оның ішінде: |
Марапаттары мен сыйлықтары |
Маттеуччи медалі (1887.ж) |
Қолтаңбасы | |
Томас Алва Эдисон (ағылш. Thomas Alva Edison; 11 ақпан 1847 жыл – 18 қазан 1931 жыл) — американдық өнертапқыш және бизнесмен[1]. Ол электр энергиясын өндіру, жаппай байланыс, дыбыс жазу және кино сияқты салаларда көптеген құрылғыларды ойлап тапты[2]. Фонографты, кинокамераны және электр шамының алғашқы нұсқаларын қамтитын бұл өнертабыстар қазіргі индустриалды әлемге кең әсер етті[3]. Ол көптеген зерттеушілер мен қызметкерлермен жұмыс жасай отырып, өнертабыс процесіне ұйымдасқан ғылым мен командалық жұмыс принциптерін қолданған алғашқы өнертапқыштардың бірі. Ол алғашқы өнеркәсіптік зерттеу зертханасын құрды.
Мансабының басында ол телеграфшы болып жұмыс істеді, бұл оны алғашқы өнертабыстарына шабыттандырды. 1876 жылы ол өзінің алғашқы зертханасын Менло паркте (Нью-Джерси) құрды, онда оның көптеген алғашқы өнертабыстары жасалды.
Кейін ол Флорида штатының Форт Майерс қаласында бизнесмендер Генри Форд пен Харви Файрстоунмен бірлесе отырып ботаникалық зертхана, сондай-ақ әлемдегі алғашқы "Қара Мария" (The Black Maria) киностудиясы жұмыс істеген Нью-Джерси штатының Вест-Ориндж қаласында зертхана құрды. Эдисон екі рет үйленді және алты баланың әкесі болды. Ол 1931 жылы қант диабетінің асқынуынан қайтыс болды.
Өмірбаян
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Томас Эдисон 1847 жылы, 11 ақпанда Огайо штатындағы Милан қаласында дүниеге келген. Оның әкесі, Самюэль Эдисон, Канадада бидай және темір саудасымен айналысқан. Алайда Канаданың тәуелсіздігі үшін соғыс кезінде АҚШ-қа қоныс адаруға мәжбүр болған. Осыдан кейін ол мектеп мұғалімі, Томас Эдисонның анасы, Нэнси Эллиотпен тұрмыс құрды. Томас Эдисон 7 жасқа толғанда оның отбасы Мичиган қаласындағы Порт-Гуран қаласына көшіп келеді. Ол жерде біраз уақыт өткеннен кейін қызамақпен ауырып, сол аурудың кесірінен есту қабілетін нашарлатып алады[4].
Томас Эдисонның тұлға болып қалыптасуына және білім алуына анасы үлкен рөл атқарды. Жас кезінен Томас өте зерек болып өсті және жаңа құрылғыларға қатты қызығатын. Алайда, мектепте Томас Эдисон өзінің құрдастарымен салыстырғанда үлгерімі өте төмен болды және оны “мисыз ақымақ” деп санаған. Сол себепті ол мектепке 2 айға жуық уақыт барды. Ары қарай білім алуына анасының ықпал зор болды.
Жас баланың бойындағы ерекше қабілетті байқаған анасы оған тек жалпы мектептік бағадарламаны ғана оқытпай, жаңа заттарды үйренуге және өзі үшін білім алуға құштарлығын оята білді. Томас Эдисон он жасқа толғанда оған Чемберстің “Энцеклопедиясы”, Добиньидың “Реформация тарихы”, Гибонның “Рим империясының құлауы” сынды күрделі кітаптарды оқуға рұқсат берілді. Ал жаратылыстану ғылымына байланысты кітаптарды аса қызуғышылықпен оқыды. 2 жылдан кейін Детройт кітапханасына кіруге мүмкіндік алғаннан кейін ол өзіне сөрелеріндегі барлық кітапты оқып шығуға мақсат қойды. Эдисонның білім алуындағы ерекшелік оның жүйелі болмауы. Осы жағдай оның болашақта атақты өнертапқыш болуына себепші болды[5].
Алғашқы жұмысы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]12 жастан бастап Томас Порт-Гурон мен Детройт арасында қатынайтын темір жолда жұмыс істей бастады. Ол поезд ішінде газет-журнал, темекі сынды заттарды сатумен айналысатын. Томас Эдисонның темір жолдағы жұмысы Америкадағы азамат соғысына тұспа-тұс келді. Ол кезде адамдар соғыстағы жаңалықтарды білу үшін жапппай газет алатын. Сондықтан Томас газет сатумен көп пайдаға кенелуге болатынын түсініп, вагонның ішінде өзінің газетін шығаруға бекінді. Жаңалықтарды телеграф жұмыскеркерлерінен сұрап алатын, ал газетті тауар тасымалдайтын вагонның ішінде басып шығаратын. Осы іске керек барлық керек-жарақты және химикаттарды сатып алып, құрылғыларды вагонға орнатты. Енді оның газеті жүздеген тиражбен тарай бастады. Дегенмен, бұл жағдайға қанағаттанбаған бала сол вагон ішінде өзінің зертханасын ашты. Алайда, Томас Эдисонның бұл жаңа бастамасы жағымсыз жағдаймен аяқталды. Поезд кенеттен тоқтаған кезде химикаттар жерге төгіліп вагон ішінде өрт шығады. Бұны көрген жолсерік Томас Эдисонды зертхана және баспаханасымен бірге сыртқа лақтырып жібереді[6].
1862 жылы Томас Эдисон бекет бастығының баласын қозғалып бара жатқан поездан құтқарып алады. Осы жағдайды көрген бекет бастығы жақсылықтың қайтарымы ретінде оны телеграф жұмысына баулиды. Осы кезден бастап Эдисон телеграф ісімен айналысып, 5 айдан кейін осы мамандық бойынша жұмыс бастауына мүмкіндік алады.
Телеграфшы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1863 жылы Томас Эдисон айына 25 доллар жалақысы бар телеграф жұмысына орналасады. Ол күндізгі уақытты кітап оқуға және тәжірбие жасауға , ал түнгі уақытын жұмысын атқаруға арнайды. Алайда Томастың түнгі кезекшілікте ұйықтап қалу кесірінен 2 поезд соғыса жаздайды. Сол себепті оны бұл жұмыстан қуып жібереді.
Көп ұзамай Томас Эдисон Форт-Вейнда тағы да телеграф жұмысына орналасады, бірақ оның құрылғыларға деген қызуғышылығы оған тағы да кедергі жасайды. Басшылық Томасты 2 айдан кейін алаңғасарлығы үшін жұмыстан шығарып жібереді. Бұдан кейін ол Индианополиста, сосын Цинцинаттида жұмысын жалғасырады. Алайда, Томас Эдисон бұл жерлерге де ұзақ тұрақтана алмады, сол себепті әуелі Мемфиске, кейін Луйсвильге ауысады. Луйсвильде ол 2 жылдай қызметін атқарады, бірақ қайтадан сәтсіздікке ұрынады. Жаңа тәжірбие жасау мақсатында күкірт қышқылын тасып бара жатқанда байқаусызда төгіп алады. Ол нәрсе банк конторасындаы қымбат жиһаздарды бұлғап тастайды. Амалсыздан, Томас Эдисон өзінің туған жері, Порт-Гуронға қайтуға мәжбүр болады. Осыдан кейін ол Бостанда телеграф жұмысын жалғастырады. Ал 2 жылдан кейін ол Нью-Йоркке жол тартады. Осы кезден кейін оның өмірінде жаңа кезең басталады[7].
Нью-Йорк
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1869 жылдың көктемінде Томас Эдисон 23 жасында Нью-Йоркке келеді. Алайда ұзақ уақыт бойы жұмыс таба алмай сандалады. Сол кездері ол көп қиындық көреді, кейде тіпті аш жүрген күндері болады. Алайда бір оқиға өміріне қолайлы әсер етіп, материалдық тәуелділіктен құтқарды. Томас Эдисон Ло атты компанияның бастығына кірмекші болады. Ол болса алтын нарығының жағдайын телеграф арқылы жіберетін құрылғыны жөндеу үстінде болатын. Томас бұл жағдайды көріп, жаңағы құрылғыны бірер минутта жөндеп тастайды. Осыдан кейін оның жұмысы өрге жүзеді. Біраз уақыт өте ол әріп бастыруға мүмкіндік беретін телеграфқа патент алады. Енді алтын нарығының жұмысы тек оның құрылғылары арқылы жүре бастайды. Енді оның қол астында көп капитал және мүмкіндіктер болды[8].
Енді ол Нью-Йоркке жақын орналасқан Ньюаркте өзінің шеберханасын ашады. Ол жерде Томас Эдисон телеграфқа қажет құрылғылыр және басқа да электрлік құралдар жасайтын. Уақыт өте оны кеңейтіп, технопарк сынды үлкен ғылыми-техникалық орталыққа айналдырды.
1871 жылдың көктемінде Томас Эдисонның анасы қайтыс болады. Дәл сол жылдың қысында ол Мэри Стилвеллмен отау құрады. Олардың Мэрион, Томас және Уильям деген балалары болған. Алайда 1884 жылы оның әйелі қайтыс болады. Сол себепті 1886 жылы өнеркәсіпші Луис Миллердің қызына үйленеді. Екінші әйелімен де ортақ үш балалары болған.
Томас Эдисонның ашқан жаңалықтары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Электр шамы
Электр шамдарының тарихы XIX ғасырдың басынан бастау алады. Петербург медицина-хирургиялық университеттің профессоры Петров 1802 жылы 2 электрод өзекше арқылы қысқа уақытқа жарық шығарды. Ал 1810 жылы атақты Фарадейдің ұстазы Деви ауасыз кеңістікте көмірді электр қуаты арқылы жаға отырып электр жарығын алды. Томас Эдисонға дейін бұдан басқа да көптеген адамдар электр жарығын алуға талпынды. Алайда жасалынған құрылғылардың барлығында кемшіліктер болады. Барлығы дерлік ұзақ уақыт бойы жана алмады және бағасы өте қымбат тұрды. Сол себепті оларды тұрмыстық қолданысқа енгізуге мүлдем жарамсыз болды.
Электр тоғы кедергісі көп сымнан өткенде үлкен мөлшерде жылу бөліне бастайды. Егер тоқ өтетін ортаның тоқ кедергісін одан сайын арттырса, жылудың көп бөлінуінен жарық пайда болады. Алайда, жылудың көп мөлшерде бөлінуі шамның ішіндегі кедергісі көп сымдарды күйдіріп жіберетін. Сол себепті Эдисон көптеген тәжірбиелер жасау арқылы жылуға төзімді материал іздеді. Ақыры соңында, 10 000 рет жасалған тәжірбиеден кейін ол көмірленген бамбук талшығы ең қолайлы материал екеніне көз жеткізді. Сонымен қатар, ол талшықтың жанып кетпеуі үшін шамның ішінен барлық ауаны сорып алды. Осы талшықты қолдана отырып Томас Эдисон 100 сағатқа дейін жұмыс істейтін шам үлгілерін жасай алды. Томас Эдисонның еңбегі тек шамды жасауында ғана емес, сонымен қатар оны қолданушыға ыңғайлы, қауіпсіз және қолжетімді бағада жасай алуында жатыр. [9]
1878 жылы ол электр шамдарын жасаумен айналысатын Edison Electric Light деген компаниясын ашады. Ал 1882 жылы электргенераторлар, шамдар жасайтын Edison General Electric деген тағы да бір компанияны ашады. Сол жылы ол Нью-Йоркте әлемдегі бірінші қосалқы электр бекетін орнатады[10].
Фонограф
Томас Эдисонның жасаған құрылғылардың ішінде фонограф ерешке орын алады. Фонограф дыбысты жазып, дәл сол қалпында қайтадан жаңғырта алуға мүмкіндік беретін құрылғы. Ол 1877 жылы 21 қарашада көрсетілімге бірінші рет қойылған. Бұл құрылғы сол кездегі адамдарды қатты таңғалдырды.
Телефонды дамытуы
1861 жылы Филлипп Рейс дыбысты сым арқылы ұзақ қашықтыққы тасымалдаудың әдісін ойлап тапқан. Алайда, телефонды жасаушы атағы Бостон университетінің профессоры Александр Беллге тиесілі. Дұрыс жалғанбаған электр тізбектегі сымдарың тербелісі динамикте естіледі. Алғашқы жасалынған телефондар осы принципке сәйкес жұмыс істеген. Алайда телефонның бірінші түптұлғасында көптеген кемшіліктер бар болатын. Біріншіден, ол ұзақ қашықтыққа жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген және дыбыстың дұрыс естілуі сөйлеушінің асықпай, қатты дауыспен сөйлегенін қажет етеді.
Ал Томас Эдисонның жасаған телефоны мүлде басқа принципке негізделген. Ол өзінің нұсқасында индукциялық катушка мен көмір микрофонын (угольный микрофон) пайдаланды. Қолданушы микрофонға сөйлегенде тізбектегі тоқ дыбыстың қысымына сәйкес өзгеріп отырады. Ал екінші жақта тұрған индукциялық катушка дыбыстың қаттылығына қарай өзгеріп жатқан тоқты қайтадан дыбысқа түрлендіреді. Сондықтан екінші жақтағы адам сөйлеп жатқан адамның дәлме-дәл дыбысын естуге мүмкіндік алады. Оның жаңадан ойлап тапқан телефоны дыбысты ұзақ қашықтыққа тасымалдауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар тыңдаушы ақырын естілетін дыбыстардың өзін де ешбір қателіксіз естуге мүмкіндік алды[11].
Томас Эдисон аталған құрылғылардан басқа төрт жақты телеграф, тазиметр, кинотоскоп және динамоэлектрикалық машинаны ойлап тапқан. Оның өмірінде ойлап табылған құрылғылардың жалпы саны 1000-нан асып жығылады.[12]
Өмірінің соңы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Томас Эдисон 84 жасында 1931 жылы 18 қазанда қант диабетінен қайтыс болып, 21 қарашада үйінің арт жағына жерленді[13].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Адриан Вулдридж "Табыс әліппесі". The Economist. (ағыл.).
- ↑ "Кон Эдисон: Кон Эдисонның қысқаша тарихы – электр энергиясы". Coned.com . 1 қаңтар 1998 жыл. (ағыл.).
- ↑ "Менло паркінің сиқыршысы" (ағыл.). Франклин Институты.
- ↑ Надеждин Н. Я. Томас Эдисон: "Человек изобретающий".
- ↑ Николис Скилакис. (2008) “Томас Эдисон“. Сто человек, которые изменили ход истории,14,5-29.
- ↑ Лапиров-Скобло М. Я. Эдисон. — Жизнь замечательных людей
- ↑ Mattew Josephson. Edison-ISBN- McGraw Hill, 1959.13: 978-0471548065
- ↑ Mattew Josephson. Edison-ISBN- McGraw Hill, 1959.13: 978-0471548065
- ↑ . Adair, Thomas Alva Edison. New York: Oxford University Press, 1996.
- ↑ F. Dyer, Edison, his life and inventions. Champaign, Ill.: Project Gutenberg.
- ↑ F. Dyer, Edison, his life and inventions. Champaign, Ill.: Project Gutenberg.
- ↑ . Adair, Thomas Alva Edison. New York: Oxford University Press, 1996.
- ↑ F. Dyer, Edison, his life and inventions. Champaign, Ill.: Project Gutenberg.