Өрмекшінің торы
Өрмекшінің торы — салмақты көтеретін жіп-жіңішке жіптерден және осы жіптердің үстінен жүргізілген спираль тәріздес жабысқақ, ұстап алатын жіпшелерден және тордың жіптерін бір-біріне біріктіретін байланыс жіптерінен құралады. Кейбір буынаяқтылардың өрмек безі түзетін зат. Өрмек негізінен суда ерімейтін альбуминдердің, ɑ-аланин, глютамин қышқылының күрделі қосылыстарынан құралған протеид-фиброиннен тұрады. Өрмек жібек құрты жібіне ұқсас, ауада тез қатады, серпімді және жабысқақ келеді. Өрмектің алғашқы арқаулары жуанырақ, құрғақ, ал қорегін ұстайтын жеріндегі жіпшелері жіңішке, әрі жабысқақ келеді және ол ұзақ уақыт бойы кеппейді. Өрмекті өрмекшелердің кейбір түрі жемін ұстауға, тор құруға, жауынан жасырынатын баспана жасауға, жемін шырмауға, жұмыртқасына піллә жасауға қолданады.Бір тор құрау үшін, өрмекшінің денесінде тігін фабрикасы сияқты жұмыс атқаратын тарақтардың, химиялық элементтерді өңдейтін лабараторияның және басқа да көптеген өндіруші ағзаның болуы қажетті.
Барлық өрмекшінің денесінде, өте күшті қорыту секрециясын өндіретін мүшелер, ең сезімтал тербелістерді сезетін сезім мүшелері, у инъекциясын жасайтын мықты қысқыштар бар. Өрмекшілер, торларындағы тербелістерге қарсы өте сезгіш болып келеді. Өрмекшінің артқы екі аяғының міндеті – өндіріліп шығарылған жіпшелерді өру. Бұл аяқтарында жіпшелерді өруге қажетті ерекше тарақтары болады. Өрілетін жердің үсті жүздеген өру түтіктерімен жабылған. Осы түтіктердің көмегімен қарнындағы жібек бездерінен бөлінген сұйық жібек, дененің сыртына шығарылады да, жіпшелер күйінде өріледі.
Өрмекшілер торларын, ауламақшы болған жәндігінің көлеміне қарай өреді. Өрмекшілер өздері үшін өте қадірлі болған торларын әдетте таса жерлерде құрады. Мұның себебі – жануарлар немесе табиғат құбылысы тарапынан тордың бұзылуының алдын алу.
Түсініктемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Большой энциклопедический словарь «Биология». — под ред. М. С. Гилярова, М.: Большая российская энциклопедия, 1998. ISBN 5-85270-252-8.
- Рупперт Э. Э., Фокс Р. С., Барнс Р. Д. Зоология беспозвоночных. Т. 3: Членистоногие. М. «Академия», 2008.