Әлімхан Жүнісбек

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Әлімхан Жүнісбек
Туған күні

12 мамыр 1938 (1938-05-12)

Туған жері

Қарғалы ауылы, Отырар ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазақ КСР, КСРО

Қайтыс болған күні

17 тамыз 2021 (2021-08-17) (83 жас)

Қайтыс болған жері

Алматы, Қазақстан

Азаматтығы

 КСРО
 Қазақстан

Ғылыми аясы

Филология

Жұмыс орны

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты

Ғылыми дәрежесі

Филология ғылымдарының докторы (1989)

Ғылыми атағы

Профессор (1999)

Альма-матер

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Марапаттары


Әлімхан Жүнісбек (12 мамыр 193817 тамыз 2021) — ғалым, филология ғылымының докторы (1989)[1], профессоры, ҚазМУ-дың филология факультетін бітірген (1963). 1964 – 67 жылдары А.А. Жданов атындағы Ленинград университетінің фонетика лабораториясында дайындықтан өткен. 1964 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Сонымен қатар Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілі кафедрасының профессоры.

«Қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар» деген тақырыпта кандитатура (1969), ал «Түрік тілдеріндегі сөз просодиясы және қазақ тіліндегі сингармонизм» деген тақырыпта докторлық диссертация (1987) қорғады. Қазақ тіліндегі «Үндесім заңы», «Байтұрсынов қисыны» («Эффект Байтурсынова») атты теориялық қағидалар ұсынған, солардың нәтижесінде сингармонизм фонологиясынан туындайтын жаңа түркі жазуының емлесі мен графикасын (әліпбиін) ұсынды. Академиялық жинақтың «Қазақ тілі грамматикасының» (2001) қазақ тілі дыбыстарына арналған бөлімін жазған, «Орфоэпиялық сөздікті» құрастырушылар ұжымының жетекшісі. Бірнеше ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындаған. Орыс мектептерінің 1 – 4 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығын дайындаған авторлардың әдістемелік құралдарын жасаған. Қазақ тілін оқытудың компьютерлік бағдарламасы мен ойын-құралдарын жасаған. Қолқанат қондырғыларды (оргтехника) қазақша сөйлету проблемаларымен айналысқан.[2]

Әлімхан Жүнісбек 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданы (қазіргі Отырар ауданы), Қарғалы аулында туған. 1955 жылы Түркістан қаласындағы №19 қазақ орта мектебін бітірген. 1958 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан.

Университет бітірісімен ҚазССР ҒА Тіл білімі институтының (қазіргі ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты) Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі (қазіргі Санкт-Петербург университеті) акад.Л.В.Щерба атындағы Фонетика лабораториясында тәлімгер-зерттеуші болып өткізеді. 03.02.64 – кіші ғылыми қызметкер, 28.03.75 – аға ғылыми қызметкер, 30.01.86 – бөлім меңгерушісі, 01.01.01 – бас ғылыми қызметкер. 1995-2008 жылдар арасында Жоғары аттестация комиссиясының сараптау тобының мүшесі.

Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыстары» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдерінің сөз просодикасы және қазақ тілінің сингармонизмі» атты тақырып бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады. 1999 жылы профессор ғылыми атағын алады.

Ә.Жүнісбек қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теориясына еңбек сіңірген ғалым. Ол жалпы, түркі және қазақ тілтанымындағы сөзқұрауыш (просодика слова) мәселесі; қазақ тіліндегі сингармонизм (үндесім түрленім) заңы; қазақ тілінің артикуляциялық базасы (моделі) құрамындағы артикуляциялық үлгілер; қазақ тіліндегі буын және морфеманың дыбыс құрамы мен желісі (линейная величина); латын әліпбиіне көшу мәселелері; қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйрету әдістемесі мәселелерімен айналысады[3].

Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектердің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсіп, қалың оқырманға танымал болды. Негізгі еңбектері: «Қазақ грамматикасы» (сегментті фонетика бөлімі). Астана, 2002; «Қазақ фонетикасы». Алматы, 2009; Введение в сингармоническую фонетику. Алматы, 2009. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. Орал, 2009), «Қазақ тіл білімінің мәселелері»[4], Алматы, 2018. Түркі тілдерінде сөздік екпіннің жоқ екендігін дәлелдеп шыққан. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігін көрсете білді. Мыңнан аса фонетикалық атауларды құрастырып, айналымға ендірді.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Нұр Отан» ХДП-ның ІІ дәрежелі Дипломымен (2009) марапатталған[5].

2021 жылдың көктемінде "Сингармология или неизвестный сингармонизм" деп аталатын атты зерттеу еңбегі жарық көрді. Тілші мамандар бұл зерттеуді тіл біліміне қосылған сүбелі үлес деп бағалады. 17 тамызда Әлімхан Жүнісбек 83 жасында қайтыс болды[6].

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
  3. Әлімхан Жүнісбек – Тіл білімі институтының реми сайты Мұрағатталған 25 қазанның 2021 жылы.
  4. Әлімхан Жүнісбек. Қазақ тіл білімінің мәселелері
  5. Белгілі ғалым Әлімхан Жүнісбек қайтыс болды
  6. Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін ұсынушылардың бірі Әлімхан Жүнісбек өмірден озды