Мазмұнға өту

Әбу Бәкр

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Әбу Бәкір бетінен бағытталды)
Әбу Бәкр
أبو بكر الصّدّيق
Туған күні:

Қазан 573

Туған жері:

Мекке

Қайтыс болған уақыты:

23 тамыз 634 (0634-08-23)

Қайтыс болған жері:

Медине

Жұбайы:

Умм Руман

Қыздары:

Асма бинт Әбу Бәкр
Айша
Умм Күлсім бинт Әбу Бәкр

Ұлты:

Араб

Шайқастары:

Ухуд шайқасы
Хандақ шайқасы
Худайбия келісімі

Ол тұралы айтылды:

Саддық араб.: صدیقی‎, Әділетте халиф

Халифалар кезіндегі Исламның таралуы. І - Мұхаммед пайғамбар өлімі кезіндегі ислам билеуінде болған аймақ; ІІ - Әбу Бәкір кезіндегі аймақ; ІІІ - Омар кезіндегіаймақ; IV - Осман кезіндегі аймақ.

Әбу Бәкр, Әбу Бәкр ас-Сидиқ Абдулла (араб: عبد الله بن أبي قحافة عثمان بن كعب التيمي القرشي أبو بكر الصديق; – Абдаллаһ ибн Әби Кахафа Усман ибн Әмір ибн Амур әл-Құрашиа ат-Тамики (573 – 636) — Мұхаммед пайғамбардың (с. ғ. с.) ізбасары, мұсылмандардың алғашқы халифы. Алланың елшісін, Құранды ақиқат деп алғаш мойындаған кісілердің бірі. Кейбір мұсылман дереккөздерінде ол ислам дінін Мұхаммедтен кейін қабылдаған бірінші ер адам деп беріледі. Пайғамбардың дін жолындағы ғазауат соғыстарында бірге болған. 631 жылы мұсылмандардың Мединеден Меккеге барған 1-ші қажылық сапарына басшылық еткен.

632 жылы Мұхаммед пайғамбар (с. ғ. с.) қайтыс болғаннан кейін, Әбу Бәкір Мекке мен Медине мұсылмандары қауымының басшысы болды. Бұл кезде ислам ықпалы Батыс Арабия аумағымен шектелетін. Әбу Бәкір бәдәуи тайпаларын бір тудың астына жинап, мұсылмандықты бүкіл Араб жеріне таратты, Сирия мен Иракқа жеткізді. Исламды қабылдаған тұңғыш қажылық сапарында Әбу Бәкір өз қаржысының жарымынан көбін (50 мың динардың 35 мыңын) кедейлерге, құлдарды азат етуге, дін жолындағы соғыс құралдарын алуға жұмсаған. Ол азат еткен құлдардың ішінде алғашқы азаншы Билал Хабаш бар еді. Әбу Бәкір жинаған пайғамбар хадистері ішінен ғұламалар 142-сін алған. Пайғамбар қазасы оны қатты уайымға түсіреді. Ақыры сол уайым өтіп, халифтық таққа отырғанына 2 жыл 7 ай болғанда дүниеден қайтқан.[1][2]

Әбу Бәкір Мұхаммед пайғамбардан бірнеше жас кіші. Әкесінің аты Осман болғанмен Әбу Кухафа деген атпен танымал еді. Анасының есімі – бүкіл жақсылықтардың анасы дейтін мағынаға саятын Үммул-Хайр, жұбайының есімі – Үмму Румман, одан бұрын Асма бинт Умейске үйленген еді. Әбу Бәкір үш қыз бен үш ұлдың әкесі болды.

Исламға дейінгі өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ислам дінінің Мұхаммед пайғамбардан кейінгі ең ардақты тұлғасы – Әбу Бәкір. Ол Ислам діні жолында жанын да, малын да пида етуімен, туралық, шынайылығымен басқаларға жарқын үлгі болды. Бүкіл ғұмыры биязылық, жомарттық, жанкештілік тәрізді адамдық асыл қасиет өрнектеріне толы. Әбу Бәкір әлемге Ислам шуағы төгілмей тұрып та сол қараңғылық дәуірдің өзінде жан дүниесі нұрға толы еді. Ешқашан жансыз, қимылсыз, ақылсыз, өзге түгіл өзіне де пайдасы не зияны жоқ дәрменсіз, мешеу пұттарға бас иіп табынбаған. Ішімдік пен құмар сияқты жәһилия дәуірінің әдеттеріне мойын бұрмаған, туа біткен асыл рухты болатын.

Ол Меккеде бай әрі беделді, көпшілікке сыйлы кісі еді. Құрайыштың түп шежіресі мен тарихын жетік білетін. Ел дау-дамайға әділдік іздегенде соның төрелігіне жүгінетін. Әбу Бәкір Сыддық саудамен айналысатын, сауда-саттықта еш қулық жасамайтын. Айтқан сөзіне берік, кедей-кепшікке жәрдем етуді жақсы көретін. Сауда барысында көптеген елді-мекендерді көрген, ішкі мәдениеті жоғары, қырағы қырандай байқағыш ол өз дәуірінің адамдық құндылықтардан жұрдай болып рухани тығырыққа тірелгенін айқын сезе білді.

Адамзатты бұл қорқынышты қараңғылықтан жарыққа алып шығар бір құтқарушының келуін зарыға күтті. Әрине, ол тұста Әбу Бәкір сияқты зерде көзі ашық, көкірегі ояу хазірет Ибраһимнен қалған Тәухид дініне сенген ханифтер де бұл нұрға ынтызар болатын.

Мұсылман болуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Көңілі тыншымай сан-саққа кетіп ізденіс үстінде жүрген Әбу Бәкірдің мұсылман болуына мына жағдайлар себепші болды:

1. Сол дәуірдің атақты шайыры Қус ибн Сайда үнемі Указ алаңында хұтба жасап, Хақ Пайғамбардың келуінің жақын екендігін ескертетін.

2. Сирия сапарында Мұхаммед пайғамбардың поп Бахирамен кездесуіне куәлік етуі, Йемендегі поп Настураның жақында бір пайғамбардың келетінін хабарлауы, өзінің көрген түсі: түсінде Меккеге толықсыған айдың шуағын төгіп, сәулесінің үйіне енгенін көріп, Тәурат пен Інжілді жақсы білетін дін адамдарына жорытады. Олар соңғы Пайғамбардың Меккеден шығатынын және Әбу Бәкірдің Соған еретінін айтады.

Исламға кіруіне себеп болған оқиға

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

3. Мұхаммедпен бала кезден дос болып, оны жақсы тануының да айрықша маңызы бар. Әбу Бәкір сауда сапарымен Йеменде жүргенде, Мекке халқы Мұхаммедке пайғамбарлықтың келгендігі туралы хабарды естіп, толқу үстінде болатын. Өз кітаптарынан жаңа пайғамбардың келетінін оқыса да, кейбір яһудилер мен христиандардың өздеріне де бұл хабар тосын естіліп аң-таң болып жатса, мүшріктер:

”Ішіміздегі ешкімі жоқ жетімекке пайғамбарлық қалай келмек? Пайғамбарлық келер болса руымыздың ішіндегі беделді біреуге келуі керек емес пе еді?”– деп бұлқан-талқан боп, алатайдай бүлінеді. Олар, әсіресе, Пайғамбардың өздері “тәңір” деп табынған пұттарының еш дәрменсіз екендігін айтқанын көңілдеріне қондыра алмай, оған наразылық танытып, қарсылық көрсетумен болды. Йеменде жүрген Әбу Бәкір бұл соңғы жаңалықтан мүлдем хабарсыз еді. Меккеге оралған кезде, оны Әбу Жәһил, Ұтба ибн Муайт сияқты қаланың бетке ұстарлары ортаға алады. Олар Әбу Бәкірдің Мұхаммедке жақын дос екенін жақсы білетін. Әбу Бәкір болмағанда, олар Пайғамбардың әрекетіне әлдеқашан тосқауыл қоймақшы еді. Әбу Бәкір оларға:

– Жайшылық па? Жаңалық бар ма? Мен жоқ кезде әлде бір нәрсе болды ма? – деді.

– Иә, маңызды жаңалық бар. Ел ішінде үлкен бүлік шықты. Әбу Тәліптің жетімегі аталарымыздың дініне тіл тигізіп, өзіне пайғамбарлық келгенін айтуда, – деп тегіс жамырасты.

– Бұны өзі айтты ма?

– Иә, өзі айтуда және біздің табынатын пұттарымызға үнемі тіл тигізуде.

– Егер бұны өзі айтқан болса, онда оныкі – рас!

Әбу Бәкір бұл хабарды оның өз аузынан естігісі келіп, сол бетте Пайғамбарымыздың үйіне бет алды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
  2. Encyclopedia Britannica ISBN 978-5-17-038532-4

Тағыда қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]