Мазмұнға өту

Қолөнер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Қолөнер[1], қолданбалы өнер – дәстүрлі тұтыну және сәндік бұйымдарын жасайтын ұсақ өндіріс. Қолөнершілер негізінен табиғи шикізаттарды пайдаланып, қарапайым еңбек құралдарының көмегімен көркем композицияның шешімімен тұрмысқа қажетті мүліктер, музыкалық аспаптар, қару-жарақ, құрал-саймандар жасайды.

Әрбір қолөнер туындысы өз заманының материалдық мәдениетінің үлгісі және халық талғамының, әлеуметтік қоғамдық жағдайының, діни сенімінің, салт-дәстүрінің нақтылы көрінісі.

Қазақстанда көшпелі шаруашылықтың қажетіне сай қолөнершілер мал шаруашылығына керекті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсау,өре, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандар жасаумен шұғылданды. Олар құмнан, тастан, саздан құмыра, көзе, ыдыс-аяқ; мүйізден, сүйектен, мал мен аң терісінен, ағаштан әшекейленген нақышты дүние-мүлік, домбыра, қобыз, сыбызғы, шаңқобыз сияқты музыка аспаптарын; темірден, мыстан қылыш, найза, қанжар, айбалта, күрзі секілді құрал, қару жасады. Қазақ халқының қолөнерінде киіз үй жабдықтарын, ағаш төсек жасау, түйін түю, ши орау, кесте тігу, өрмек тоқу, киіз басу, сондай-ақ моншақ, білезік, сақина, сырға, алқа, шолпы сияқты зергерлік бұйымдар жасау кең дамыды.[2][3][4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ энциклопедиясы
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
  3. Артамонов М.И., Сокровища саков, М., 1973;
  4. Арғынбаев К., Қазақ халқының қолөнері, А., 1987.