Мазмұнға өту

Титаник

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
«Титаник»
RMS Titanic
Сурет
Негізгі ақпарат
Түрі

Жолаушылар кемесі

Мемлекет

Ұлыбритания Құрама Патшалық

Тіркелген айлақ

Ливерпуль

Класс

«Олимпик»

ИМО нөмірі

401

Қысқаша атауы

MUC (MGY)

Иемденуші

White Star Line

Соғушы

«Harland and Wolff» верфі

Суға түсірілді

31 мамыр 1911 жыл

Қолданысқа берілді

10 сәуір 1912 жыл

Қолданыстан шықты

15 сәуір 1912 жыл

Қазіргі уақытта

Батып кеткен

Сипаттамасы
Су ығыстырымы

52 310 т

Ұзындығы

269,06 м

Ені

28,19 м

Биіктігі

18,4 м (ватерсызықтан бастап жоғарғы палубаға шейін)

Орташа шөгуі

10,54 м

Техникалық сипаттамасы
Қозғалтқыштар

2 төрт цилиндрлі көлемі үш есе ұлғайтылған булы машина және булы турбина

Винттердің саны

3

Қуаттылығы

55 000 а. к.

Жылдамдығы

24—25 түйін

Экипаж саны

885[1]

Жолаушылар сыйымдылығы

2,453 жолаушы:

  • 833 Бірінші класс
  • 614 Екінші класс
  • 1,006 Үшінші класс

Ти­таник (RMS Titanic) — 20-шы ғасырдың басында салынған алып кеме. Британ кеме құру компаниясы «White Star Line»-ның «Олимпик» класындағы үш кеменің екіншісі. Ол 1909 — 1911 жылдар аралығында Белфасттағы «Харланд энд Вольф» верфінде соғылған. Сыйымдылығы 2224 адам.

Жолаушылар құрамында әлемнің ауқатты адамдары IV Джон Джекоб Астор, Бенджамин Гуггенхайм және Исидор Штраус сияқты миллионерлер, сол сияқты Америкаға жаңа өмір іздеп шыққан Ирландия мен Скандинавиядан келген мыңдаған эмигранттар болды. Кеме гимнастика залы, шомылу бассейні, кітапхана, жоғары классты мейрамхана және сәнді каюталарымен ерекшеленді.

1912 ж. 10 сәуірде Саутгемптоннан шыққаннан кейін лайнер Франциядағы Шербур және Ирландиядағы Квинстаунға жол салып, содан кейін батысқа қарай Нью-Йоркке аттанады.[2] Төрт күн жүзгеннен кейін, 1912 ж. 14 сәуірде Ньюфаундленд маңынан 375 миль жерде сағат 11:40-та (кеме уақыты:UTC-3) кеме айсбергке соғылады. Кеменің 16 қалқасының 5-не су кіріп, екі жарым сағаттан кейін кеме екіге бөлініп, өзімен бірге мыңдаған адамды су түбіне алып кетеді. Мұхит бетінде қалған жолаушылар тастай судан қатып өледі. Аман қалған қайықтағы 710 жолаушыны Карпатия бірнеше сағаттан кейін алып кетеді.

Апат бүкіл әлемді аңыртып тастады. Қоғамдағы туындаған сұрақтардан кейін Ұлыбритания мен АҚШ теңіз қауіпсіздігін жетілдіруді қажетсінді. Соның бірі қазіргі уақытқа шейін ең сәтті қолданылып келе жатқан 1914 ж. құрылған Теңіздегі Қауіпсіз Өмір туралы Халықаралық Конвенция (СОЛАС). Тірі қалғандардың көбісі ақшаларынан, меншікті заттарынан, Саутгемптоннан шыққан экипаж мүшелерінің отбасылары күнделікті табыс көзін жоғалтады. Оларға мейірбан жандар мен қайырымды адамдар ақшалай көмектесті. Кейбір тірі қалған адамдар соның ішінде бортта қалған әйелдер мен балаларды күтпей, шлюпкаға отырып кеткен Уайт Стар Лайнның төрағасы Дж. Брюс Исмейді қоғам остракизммен қарсы алды.

1985 ж. 3 784 метр тереңдіктен Титаниктің қалдығы табылады. Теңіз бетіне көтерілген мыңдаған жәдігерлер әлемнің түрлі мұражайларына қойылады. Оған арнап бірнеше кітап, фильм шығарылады, көрмелер мен ескерткіштер ашылады.

Титаник Олимпик класындағы үш лайнердің екіншісі — басқалары Олимпик және Британик (бастапқы аты «Гигантик»).[3]1912 ж. 29 кемесі мен сауды саттығы бар Уайт Стар Лайн флотындағы бұлар ең үлкені болып табылды.[4]

1907 ж. ортасында Уайт Стардың директоры Брюс Исмей және Уайт Стар Лайнның басшы компаниясы IMMC-дің төрағасы Пирпонт Морганмен үш кеменің жобасын талқылайды. Уайт Стар Лайнның ең басты қарсыласы Кунард Лузитания және Мавритания атты ең жылдам кемелерін қолданысқа береді, сонымен қатар Германияның Гамбург-Америка және Солтүстік Герман Ллойдтың флоттары да кеңейе түседі. Исмейдің пікірінше жаңа класстағы лайнерлердің жылдамдығына емес, үлкендігіне, ыңғайлығына және сәнділігіне баса назар аудару керектігін айтты.[5]

1867 жылдан бері әріптес болып келе жатқан Белфасттағы «Харланд энд Вольф» верфінде кемелердің құрылысы жүзеге асатын болды.[6] Харланд энд Вольф Олимпик класындағы кемелердің жобасын қолға алады. Уайт Стар директоры Лорд Пирри, Харланд энд Вольфтың жоба бөлімінің атқарушы директоры, әрі теңіз сәулетшісі Томас Эндрюс, кеме жобасының есебіне, беріктілігі мен ұқыптылығына жауапты Эдвард Уилдинг және басты сызбашы және верфтің бас менеджері Александр Карлизл сияқтылар жобаға ат салысады.[7] Әрлеу жұмыстары, жабдықтар мен тиімді құтқару қайықтар жобасын іске асыру Карлизлдің негізгі міндетіне кірді.

29 шілдеде 1908 ж. Харланд энд Вольф Брюс Исмей мен Уайт Стар Лайнның басқа да басшыларына кеменің сызбасын көрсетеді. Исмей жобаны қолдап, үш «келісім хатына» қол қояды. Екі күннен кейін құрылыс басталады.[8] Кейіннен Олимпик аталған алғашқы кеме басында атауы берілмегендіктен осы верфтің төрт жүзінші корпусына байланысты 400 деген номер беріледі. Келесі кемеге 401 деген номер беріледі, ол болашақ Титаник еді.[9]

Сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Титаниктің бүйір жағынан қарағандағы жоспары

Титаниктің ұзындығы 269,06 м, ал ені 28,19 м болды. Оның жалпы биіктігі 32 м құрады.[10] Оның салмағы 46,328 регистр тонна, ал орташа шөгімі 10,54 м болды.[3]

Барлық Олимпик класындағы үш кеме 10 палубадан тұрды, оның ішінде сегізі жолаушылар үшін қолданылды. Олар келесі палубалар болды:

Титаниктің ортаңғы тұсынан қимасы
  • Шлюпкалы палуба — осы жерде құтқару қайықтары, капитан мінбесі, экипаж мүшелерінің каюталары, бірінші классқа арналған гимнастика залы, салтанатты баспалдақтың дәлізі орналасты. Едені ағашпен жабылған бұл палубаның екі жағынан бойлай шлюпкалар орналасты.[11][12]
  • A палубасы — сонымен қатар Серуендейтін палуба деп аталған бұл палу 166 м дейін созылып жатты. A палубасы тек қана бірінші класстағы жолаушыларға арналды. Осында олардың каюталары, қонақ бөлмелері, темекі тартатын бөлмесі, оқу залы және Пальмалы корт орналасты.[11]
  • C палубасы — үшінші класстың екі серуендеу палубасы, бөлмелері мен экипаждың каюталары орын тепті. Палубаның ортаңғы тұсында бірінші класстың каютасы мен екінші класстың кітапханасы орын алып жатты.[13][14]
  • D палубасы — үш ірі үлкен зал осында болды: бірінші класстың қабылдау бөлмесі, Үлкен қонақасы және екінші класстың қонақасы залдары. Бірінші, екінші, үшінші класстағы жолаушыларға арналған каюталарда осында болды.[13][15]
  • E палубасы — барлық класстағы жолаушыларға арналды, сонымен қатар теңізшілерге, аспазшылар мен стюардтарға арналған каюталар болды.[13][16]
  • F палубасы — негізінен үшінші классқа арналды. Мұнда екінші класстың кейбір каюталары мен экипаждың бөлмелері, үшінші класстың асханасы, жүзу бассейні және Түрік моншасы орналасты.[13][16]
  • G палубасы — ең төменде орналасты, мұндағы каюталардың иллюминаторлары ватерсызыққа жақын өте төмен орналасты. Пошта бөлімі осында болды. Тамақ та осында сақталды. Палуба қазандық, инженерлік және турбина бөлмелері сияқты бөліктерге бөлінді.[13][17]

Кеменің сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Техникалық сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Кеменің ұзындығы — 269,1 м
  • Ені — 28 м
  • Биіктігі — 53.3 м (кильден бастап құбырдың төбесіне шейін)
  • Машина бөлімі — 29 қазандық, 159 көмірмен жағатын пеш
  • Кемені батпайтындай етіп трюмінде 15 су жібермейтін қалқалармен жабдықталған[18].
«Титаник» суға түсіру алдында, Белфаст, 1911 жыл

Кемедегі қалқаларды «A»-дан «P»-ге шейін әріппен белгілеп шыққан. Кемеде барлығы 15 қалқа болған, сәйкесінше кеменің трюмі 16 отсектен құралған. Олар кеменің тұмсығынан бастап артына дейін орналасты. Қалқалардың берік болғаны соншалық, олар кез-келген соққының қысымына шыдас беруі тиіс еді.

Кеменің тұмсығындағы алғашқы екі отсек және артқы жағындағы соңғы отсегі тұтастай ашық болған, ал қалғандарында герметикалық есіктер болды. «D» — «O» қалқаларында машина бөлімі мен қазандықтар орналасты. Мұнда 12 жабылмалы вертикалды есік орын тепкен. Егер апатты жағдай орын алса, капитан немесе кезекші офицер қажет деп санаса, мінбеден келген дабыл бойынша электромагнит барлық 12 есіктің ілмектерін жібереді. Есіктер өздерінің салмағымен төмен түсіп, отсектер герметикалық болып жабылып қалады. Тек электр жетегінен қуатты өшіргеннен кейін, есіктерді қайта ашуға болады. Әрбір отсектің жоғарғы жағында қосымша люк орналасты. Есік жабылғанда үлгермей қалған адамдар осы люк арқылы темір сатымен жоғары көтеріле алатын.

Құтқару қайықтары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сол уақыттағы Британ Кодексіне сәйкес әрбір кемеде 20 құтқару қайығы болуға тиіс еді, яғни 1178 адамға шақталған, ал бұл кемедегі болған жолаушылардың тек 50% ғана сыйдыра алады.

Титаниктің алғашқы сапарында бортта 20 құтқару қайығы болды. Олардың бірнеше түрі болды:[19]

  • 1-ші және 2-ші құтқару қайықтары: ұзындықтары — 7,62 м, ені — 2,13 және көлемі — 9,25 м³ немесе сыйымдылығы 40 адам[19]
  • 3 — 16 құтқару қайықтары: ұзындықтары — 9,1 м, ені — 2,74 және көлемі — 18,55 м³ немесе сыйымдылығы 65 адам[19]
  • A, B, C және D құтқару қайықтары: ұзындықтары — 8,3 м, ені — 2,43 және көлемі — 10,66 м³ немесе сыйымдылығы 47 адам[19]

Титаникте 8 болат палуба болды. Әрқайсысының биіктігі 2,5—3,2 м[20]. Ең жоғарыдағы шлюпкалы палуба болды, оның астында қалған жеті палуба орналасты. Олар жоғарыдан төмен қарай «A» — «G» әріптерімен белгіленді. Тек «C», «D», «E» және «F» палубалары ғана кеменің бүкіл ұзындығын алып жатты. Ал шлюпкалы және «A», «B» палубалары не кеменің тұмсығына, не артына дейін жетпейтін. «G» палубасы алдыңғы тұмсығында және артқы жағында ғана болды. Бортты бойлай серуендеу палубасы орналасты.

Ұзындығы 150 метр құрайтын «A» палубасы тек бірінші классқа арналған. «B» палубасының алдынғы жағында «C» палубасын көре алатын ашық кеңістік орналасты. Ары тұмсығына қарай ұзындығы 37 м болатын кеменің қызмет қондырмаларымен жалғасып кетеді. «C» палубасында борттың негізі екі зәкірі үшін зәкірлі шығыр және теңізшілер мен пеш жағушыларға арналған камбуз бен асхана орналасты. Үшінші классқа арналған кеменің тұмсығында (алдыңғы қондырмамен «B» палубасының екі ортасы) ұзындығы 15 метрлік серуендеу палубасы болды. Тағы «D» палубасында үшінші классқа арналған оңашаланған серуендеу палубасы болды. «Е» палубасының бүкіл ұзындығын бірінші және екінші класстың, сонымен қатар стюардтар мен механиктердің каюталары орын алып жатты. «F» палубасының алдыңғы жағында екінші класстың 64 каютасы және үшінші класстың негізгі тұрғын жайлары орналасты. Мұнда екі үлкен салон, үшінші классқа арналған асхана, кір жуатын орын, бассейн және түрік моншасы болды. Ұзындығы 58 м болатын «G» палубасының тұмсық жағында үшінші класстың 106 жолаушы сыйатын 26 каюта, ал қалған бос орындарда көмір салынған бункер, бірінші класстың багаж бөлімі, кеме поштасы және доп ойнайтын зал орналасты. Артқы жағындағы палуба ұзындығы 65 м құрайтын қойма, үшініш классқа арналған 186 жолаушы сыйатын 60 каюта орын тепті.

Діңгектері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Титаникте екі діңгек болды. Біріншісі кеменің тұмсығында, екіншісі артқы жағында орналасты. Әрқайсысы болаттан, ал ұштары тиктен жасалды. Алдыңғы діңгектің биіктігі ватерсызықтың бойымен санағанда 29 м. Мұнда «қарға ұясы» орналасты, оған діңгектің ішіндегі темір сатымен жоғары көтерілуге болатын.

Қозғалтқыш күштері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
«Титаниктің» винттері

Булы машина мен турбиналардың жалпы қуаттылығы 50 мың а.к. тең. Турбина кеменің артқы жағындағы бесінші отсекте, ал келесі отсекте булы машина және тұмсық жағына қарай алты отсекте жиырма төрт екі ағымды және бес бір ағымды қазандықтар орын алып жатты. Осы қазандықтар басты машинаға, турбинаға, генераторға және қосалқы механизмдерге бу шығарып тұрды. Әрбір қазандықтың диаметрі 4,79 м болды. Екі ағымды қазандықтардың ұзындықтары — 6,08 м, бір ағымдағы — 3,57 м құрады. Әр екі ағымдағы қазандықтарда 6 пеш, ал бір ағымдағы қазандықтарда 3 пеш болды. Кемеде әрқайсысының қуаттылығы 400 киловаттық қосалқы төрт генератормен жабдықталды. Олар кернеуі 100 вольттік энергия өндіреді. Тағы олардың жанында 30 киловаттық екі генератор орналасты.

Титаникте төрт құбыр болған. Олардың диаметрлері — 7,3 м, биіктіктері — 18,5 м. Алғашқы үш құбыр қазандықтан шыққан түтінді шығару үшін қызмет істеген, ал соңғы төртінші құбыр желдеткіш қызметін атқарған. Бұған асхананың түтіндігі жалғанып тұрды. Басқаша айтқанда соңғы құбыр жалған болған. Сол замандағы көпшіліктің ойы бойынша «төрт құбырлы кеме» байсалдылық пен сенімділік тудырады деп есептеген деген пікірлер бар.

Электрмен қамтамасыз ету

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тарату желісіне 10 мың шам, 562 электр жылытқыш (ең алдымен бірінші класстағы каюталарға), 153 электромотор, соның ішінде жүк көтерімділігі 18 тонна болатын сегіз кранға, жүк көтерімділігі 750 кг болатын жүкшығырға, әрқайсысы 12 адамға шақталған 4 лифтке арналған электр тартпалар болды. Одан басқа телефон станциясы мен радио байланысқа, қазандық пен машина бөліміндегі желдеткіштерге, гимнастика залындағы аппараттарға, асханалардың бірнеше құрылғылары мен машиналарына электр керек болды.

«Титаниктің» гимнастика залы

Телефон коммутаторы 50 желіге қызмет жасаған. Лайнерде радио құрылғылар ең соңғы жабдықтармен жабдықталған болатын. Негізгі таратқыштың қуаттылығы 5 киловатт. Ол қуатты электргенератордан алды. Ал екінші қосалқы таратқыш қуат көзін батареядан алды. Екі діңгектің арасында 4 антенна орнатылды. Кейбіреулерінің биіктіктері 75 м дейін жеткен. Радио белгінің тарау аймағы 250 мильді құрады. Күндіз қолайлы ауа-райы болған кезде 400 мильге дейін, ал түнде 2000 мильге дейін байланыс орнатуға болатын. 2 сәуірде кемеге «Маркони» фирмасынан радио құрылғылар әкелінген болатын.

«Титаниктің» «Салтанатты баспалдақ» залы
Бірінші класстың қонақасы залы

Титаниктің дизайны мен конструкциясы сәнді де салтанатты еді. Кемеде телефон жүйесі, кітапхана, шаштараз болды.[21]Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін кемені лифттермен жабдықтады. Бірінші классқа арналған жүзу бассейні, гимнастика залы, түрік моншасы және «Веранда кафесі», сонымен қатар күн жарығы түсетін жіңішке торлармен сәнделген «Париж кафесі» де жұмыс істеді.[22] Бірінші класстың қонақасы залы кемедегі ең үлкен бөлме болды. Зал Стюарт династия дәуіріндегі стилімен сәнделген және 532 жолаушыны сыйдыра алатын. Тағы салтанатты бөлмелердің бірі шылым шегетін зал. Бөлме қабырғалары қараңғы түсті, үстел беті жасыл матамен жабылған және ыңғайлы орындықтары бар бұл зал карта ойнауға таптырмас орын болып табылатын. Кеменің алдыңғы жағында «Салтанатты баспалдақ» орын тепті. Бұл кемедегі ең назар аударарлық орын болып табылды.

Олимпиктен айырмашылығы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Кеменің тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Алғашқы саяхаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Айсбергтер маусымы

«Титаниктің» сапарын 62 жастағы капитан – Эдвард Смит басқарды. Бұл оның зейнетке шығар алдындағы соңғы теңіз сапары екенін де ескеру қажет. Тағы да баса айтып өтетін жайт – оның көмекшілерінің көбі мұндай теңіздегі ірі сапардан тәжірибесіздер болатын. Тіпті осы рейске шығардан не бары 4 күн ғана бұрын компанияға жұмысқа кірген теңізшілер де бар еді...

Сонымен, алып кеме 1912 жылы 10-сәуір күні түсте сапарға шықты. Орнынан қозғала бере Саутгемптон портында тұрған «Нью-Йорк» кемесімен соқтығысып қала жаздады. Осылайша ол алғашқы адымын ебедейсіз бастаған. Мұны жаман ырымға балағандар болды ма, жоқ па, белгісіз. Әуелі Францияның Шербурн, сосын Ирландияның Квинстаун порттарына аялдаған «Титаник» 11-сәуір күнгі сағат 11.30-да Атлант мұхитына шығады.

Көктем мезгілі болғандықтан, мұхиттағы қыс бойы құрсанып жатқан мұздықтар еріп, Лабрадор ағысының бойы қаптаған айсбергтерге, сеңдерге толы болды. «Титаниктің» байланыс кабинетіне мұхиттағы осынау хал-ахуал жайлы хабарламалар мен ескертпелер үздіксіз қоңыраулатып келіп жатты. Ол кезде де мұхитты кезген алып кемелер бір-бірімен әуе толқындары арқылы тығыз байланыста болған. 12-сәуірде-ақ су бетінде қалқыған айсбергтердің тым көптігі жайлы хабарлар радиотелеграф толқындары бойынша келіп түсе бастайды. Кеменің Джек Филипс бастаған радистері ескертулерге құлақ асу орнына кеменің сапарға шыққанын жаңалық ретінде әлемнің басылымдарына ақпарат түрінде жеткізумен әуреленеді. Бұны да қателік демеске лаж жоқ. Мұздықтар жайлы барлаушыларды құлақтандырып отыру мәселесі екінші орынға ығысады. 14-сәуір күні 13:45-те «Америка» кемесі Ньюфаулендтен 620 шақырым қашықтықта тым үлкен айсбергтердің барын қатаң ескертеді (сарапшылар «Титаниктің» түбіне жеткен айсберг дәл осылардың бірі екенін сеніммен айтады). Бұл хабарлама белгісіз себептермен «Титаниктің» радистеріне жетпей қалады. Мүмкін жеткен де болар, бірақ барлаушылар бұл ескертуді естімегендері жайлы айтудан танбайды. «Хабарлама тым көп келді. Қайсысын айтып, қайсысын айтпағанымызды да білмей шатастық» дейді радистердің бірі. Бәлкім, осы қырсыздықтары апатқа себеп болды, сірә...

Апатқа ұшырау

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

22:00-де кеме қызметкерлері кезек ауысады. Вахтаға капитанның көмекшісі Чарльз Лайтоллердің орнына Ульям Мёрдок келеді. Апатқа ұшырардан алдыңғы соңғы ескерту

22:30-да келіп түседі. «Раппаханнок» параходы қаптап жатқан айсбергтерден әзер аман өткені жайлы бұларды құлағдар етеді.

Сағат 23-тен асқанда кемедегілердің алды ұйқыға кете бастайды. Кеменің алдында барлаушы қызметін атқарып Фредерик Флит пен Реджинальд Ли тұрған-ды. 23:30-да бұл екеуі алдан ағарған әлденені көздері шалғандай болады, алайда мән бере қоймайды. Арада тоғыз минут өткенде, яғни 23:39-да Флит кеменің қақ алдынан, шамамен 650 метр қашықтықтан түксиіп тұрған алып айсбергті байқайды. Дереу дабылды үш рет қағады да, телефон арқылы алтыншы көмекші Джеймс Мудиге жалма-жан хабарласады.

– Кім бар?!
– Не болды? Бірдеңе байқадың ба?
– Қарсы алдымызда айсберг!
– Рахмет!

Муди келесі сәтте Ульям Мёрдокқа хабар береді, Мердок абдырап қалды ма, кім білсін, рульді ұстаушы Роберт Хитченске бұйрықты жаудырады. «Дереу оңға бұр!» дейді де, «Жоқ! Солға бұр!» дейді. Бұл екі бұйрықтың арасын 10 секундтай уақыт бөліп тұрды. Осы сәтте кеме барынша жылдамдықпен жүзіп келе жатқан-ды. Егерде дереу кемені оңға бұрғанда кім біледі, ғасыр апаты орын алмай, «Титаник» сап-сау өтер ме еді...

Білгірлердің пікірінше, 650 метр жердің өзі қаншалықты жылдам келе жатса да, қашып, сытылып үлгеруге жеткілікті көрінеді. Кеме тізгінін ұстаушы Роберт Хитченске берген бұйрығы да қазір ғана жазғанымыздай 10 секундтың ішінде түрліше болып өзгерді. Шамасы, қай жаққа қарай қашып шығу керектігін сол сәтте аңдай алмаған. Кемедегі 2000-нан аса пенденің тағдырын шешуге осы он секундқа ғана созылған қателіктің өзі жеткілікті еді, екінші бұйрықтан соң, арада 30 секунд өтер-өтпесте алып «Титаниктің» оң бүйірін айсберг жырып өтеді. «Сол қателіктің өзінде кемедегілер орны толмас 30 секундты жоғалтты» деседі сарапшылар. Рас, оңға бұрылып алып, артынша солға қарай жалт беру де оңай шаруа емес.

«Титаник» маневр жасап үлгере алмайды. Сағат 23:40-та осылайша «Титаниктің» оң бүйірі айсбергке сырылып өтеді. Бұл контакт 9 секундқа созылады. Былай қарасаң ол көп те уақыт емес, алайда кеменің оң жаны опырылып қалады да, ішіне мұхиттың суы топан болып кіріп кетеді.

Апаттан тірі қалған Дафф Гордон сол сәтті «әлде біреу үлкен ғаламат саусақпен кемені тырнап өткендей болды» деп еске алады. Ал, сол сәтте төменгі палубада болған Уолтер Херст «оң қапталдың дірілдегенінен оянып кеттім. Ешкім де ә дегенде қауіптене қойған жоқ, бірақ әлдебір соқтығыстың болғанын түсіне қойдым» дейді.

Бірнеше минуттан соң «Титаниктің» двигательтері тоқтады. Ең әуелі №6 жылыту ошағы суға көміледі. Ол жерде жұмыс жасап жатқан қызметшілер апаттың ең алғашқы құрбандарына айналады.

Ә дегенде дүрбелең туа қоймайды. Жер сілкінгендей болып, көптеген жолаушылар әлденеден шошынғандарымен, оларға істің мән-жайын түсіндіруге ешкім де асықпайды. Тіпті, судың жоғарыға көтерілуін баяулату үшін төменгі қабаттардың есіктері тарс жабылады. Дегенмен, кеме басшылары іске кіріседі. Әуелі әйелдер мен балаларды құтқарып қалу үшін қайықтарды суға түсіруге әрекет жасайды. «Титаниктің» бақытсыздыққа тап болып, құрдымға кеткелі жатқаны жайлы өзге кемелерге хабар жіберіледі. Бұл жерде тіпті кәнігі теңізшілердің өзі апатқа ұшыраған нүктенің координаттарын дәл айта алмай дал болады. Бұл да көмекке келетін кемелердің тез жетуіне кедергі болады. Дүрбелең төменгі жақтан басталады. Бір сұмдықтың болғанын сезген жолаушылар құтқарушы жилеттерін киіп алып, жоғарыға қашады. Осылай бір бірінен естіп, көп адам бұл жәйттен хабардар болады да, енді кеме басшыларына бұл қауіпті жасырып отыруға еш амалы қалмайды.

Шлюпкаларды суға жіберу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Капитан Эдвард Смиттің өзі 2000-нан аса адамды 16 қайықпен құтқару мүмкін еместігін түсінеді. Оған уақыттың да тіптен тар екенін ұғынады. 00:40-та алғашқы құтқарушы қайық жөнелтілді. Оған не бары 28 адам ғана отырғызылды (әйтпесе әр қайық 65 адамға лайықталған, тіпті, сығылысып отырса 75-80 адамды да сыйғызып жіберуге болады).

Сағат 1:00-де нағыз дүрбелең басталды. Жандарын сақтап қалуға ұмтылған жолаушылар дәліздерде әрлі-берлі зыр қағып жүгіріп, жоғарыға шығатын жолдар іздеді. Ол есіктерді таппай қаншама адам тұншығып та өледі. Осы кезде ғана бүкіл кемедегілер түгелге дерлік кеменің суға шөгіп бара жатқанынан хабардар болды.

Жан-жаққа тоқтаусыз сигналдар жөнелтіліп жатты. Фейерверктер атылды. Кеме суға шөгуге жақындаған сайын адамдардың жанталасы да күшейе түсті. Адамда жан тәтті екенін осы кезде аңғаруға болады: енді капитандардың «әйелдер мен балалар ғана құтқарылсын» дегеніне де құлақ аспай, қолынан келгендері кемеге еш рұқсатсыз отырып та алады. Капитандар дүрліккен жұртты сабырға шақыру үшін аспанға оқ атуға мәжбүр болды, бірақ онысына ешкім назар аудармады да. Кеме қызметкерлері адамдарды құтқаруға барынша жанталасты. Сағат 2:05-да соңғы құтқарушы қайық төменге түсірілді. Бұл кезде «Титаниктің» 80 пайызы су астына кетіп қалған-ды.

Соңғы уақыты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Капитан Смит осы кезде қайықтар тұрған палубаға келеді де, «қызметтерің бітті, енді өздеріңді құтқаратын әрекеттеріңді жасаңдар!» ғұмырындағы соңғы бұйрықты береді. Осы кезде радистер де өз бөлмелерін тастап қашады. Бірақ бәрі бірдей өлімнен құтыла алмайды.

Сағат 2:15-те кемедегі жарық атаулы сөнеді. Кеме айсбергке соғылған сәттен бастап суға толығымен шөккенше кеменің өн-бойына 65 мың тонна су кірген деседі. Осы кезде дифферент 23 градусқа жетеді. Арада үш минут өткен соң кеме ортасынан қақ бөлінеді. Артқы жағы аспанға тік көтеріледі де, қайтадан гүрс етіп жайына түседі. Арада екі минут өткен соң суға мәңгілік шөгіп, 3750 метр тереңдікке барып жай табады. Өзімен бірге 1400-дей адамды су түбіне алып кетеді. Кеме сүңгіген орында 100 шақты адам тыпырлап судың бетінде қалады. Баз біреулері ағаштың сынықтарын қармап тірі қалуға әрекет жасайды (әлі де құтқарушылар келіп қалар деген үмітпен). Ауа-райының тым суықтығына (сол сәтте мұхиттың суының температурасы -2 градус болған көрінеді, ал мұндай суыққа тап болған тірі жан ары кетсе жарты сағат қана өмір сүре алады) байланысты көбі тоңып өледі.

Апаттан тірі қалған Чарльз Лайтоллер кейін өзінің естелігінде «Су бетінде қалып кеткен адамдардың кейбірі жүрек талмасынан қайтыс болған. «Титаник» көз алдарында суға кетіп бара жатқанда айтып келе жатқан ажалды қарсы алуға дәттері шыдамаған» деп жазады. Бесінші көмекші Гарольд Лоу бастаған шағын құтқарушы топ қайықта аман қалған адамдарды бір-біріне ауыстырып, босатылған қайықпен шөгіп кеткен кеменің орнында өліммен арпалысып жатқан адамдарды құтқаруға беттейді. Жансыз қалған сансыз мүрделердің арасынан тірі қалғандарды табу да оңайға түспейді. Бұл құтқару операциясы шамамен 40 минутқа созылды. Нәтижесінде санаулы ғана адамның бағы жанып, аман қалады.

Қайықта тірі қалған адамдар көкжиекке телмірумен болады. Сағат 3.30-да «Карпатия» кемесі көмекке келіп жетеді де, аман қалған жолаушыларды кемеге мінгізеді. Десе де оның бәрін бірдей қуанышты, бақытты деу бекер болатын, туыстарынан, достарынан айырылғандар жеткілікті болды. Қаншама әйел жесір атанса, қаншама балалар, сәбилер әкесіз жетім қалды...

Апаттың себептері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Ол түні ай қараңғы болды. Әйтпегенде мұхиттың төсінде ағарып тұрған айсбергті аңғаруға болар еді. Оның үстінде су бетінде жеңілдеу тұман да бар болатын. Бұл да айсбергті дер кезінде байқауға кедергі болған.
  • Басқа кемелерден келген толассыз ескертулерге қарамастан кеме барынша жылдамдықпен келе жатты. Теңізде жүзудің қауіпсіздік ережесіне бас та ауыртпаған. Қауіпті аймақта басқа кемелерден келген хабарламаларды жүре тыңдаған, елемеген.
  • «Уайн Харт Лайн» компаниясының басшылары «сенсация жасау үшін, кемені барынша жылдамдықпен айдап, Америкаға тез жетіңдер» деген бұйрық береді. Кеменің жылдамдығын кеме компаниясының басшыларының бірі, осы сапарда жолаушы ретінде жолған шыққан Брюс Исмей қадағалаумен болған. Эвакуация кезінде ол бас сауғалап, кемелердің біріне жайғасып та алады. Мақтаншақ басшылардың мұнысы әрине, өрескел қателік-тұғын.
  • Баз біреулер «құтқарушы қайықтардың жетіспеушілігінен» дейді, алайда кемеде 30-35 қайық болған күнде 160 минут ішінде 2208 жолаушыны оған отырғызып үлгере алар ма еді?..
  • Егерде... айсберг көрінген сәтте солға бұруға бұйрық берілмегенде, кеме тұмсығымен келіп соғылар еді, ал кеменің тұмсығы ондай қақтығысқа аздап зақымданғанымен тесіле қоймайтын еді дейді енді біреулер. Соған қарағанда кеменің оң бүйірінен гөрі тұмсық тұсы мықтырақ болу керек.

Тірі қалғандар мен қайтыс болғандардың тізімі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Зерттеулер мен күдіктер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ескерткіштер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Detailed Description of Crew and Passengers
  2. Titanic Ship Listing. Chris' Cunard Page. Тексерілді, 12 сәуір 2012.
  3. a b Chirnside, 2004, p. 319
  4. Beveridge, Hall, p. 27
  5. Bartlett, 2011, p. 26
  6. Bartlett, 2011, p. 25
  7. Hutchings, de Kerbrech, p. 14
  8. Eaton, Haas, p. 55
  9. Eaton, Haas, p. 56
  10. McCluskie, 1998, p. 22
  11. a b Hutchings, de Kerbrech, p. 47
  12. Gill, 2010, p. 229
  13. a b c d e Hutchings, de Kerbrech, p. 48
  14. Gill, 2010, p. 233
  15. Gill, 2010, p. 235
  16. a b Gill, 2010, p. 236
  17. Gill, 2010, p. 237
  18. http://titanic-photographs.ru/materials/9 «Титаниктің» техникалық сипаттамасы
  19. a b c d Titanic's life saving appliances
  20. http://500.webww.net.ru/biblio/3/4/411.php Мұрағатталған 28 тамыздың 2012 жылы. 100 великих — 100 великих чудес техники (орыс.)
  21. Wels (1997: 34)
  22. www.nmni.com

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Titanic