Скаттар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Құйрықты скат

Скаттар (лат. Batomorpha не Batoіdeі ), тұтасқанаттылартақтажелбезектілер отрядының үстіңгі тобына жататын балықтар. Жоғары юра кезеңінен белгілі, жоғары бор дәуірінде көп тараған. Негізінен мұхиттарда (тереңд. 2700 м-ге дейінгі жерлерде), тропиктік аймақтардағы өзендерде кездеседі. Скаттардың 5 отряды, 16 тұқымдасы, 50 туысы және 350-дей түрі бар. Денесі тығыз, жалпақ, диск не ромб тәрізді, ұзындығы 30 см-ден 7 м-ге, салмағы ірілерінде 2,5 т-ға дейін жетеді. Терісі тықыр, кейде бұдырлы. 5 жұп желбезек саңылаулары бауыр жағында орналасқан. Жалпақ басы кеуде жүзу қанаттарымен бірігіп кеткен. Арқа жүзбеқанаттары құйрық жағында, көпшілігінде ол жоқ. Аналь, көпшілік түрінде құйрық жүзбеқанаттары болмайды, ал кеуде жүзбеқанаттары өте үлкен болады.

Жүзбе қанатынан дайындалған бағалы тағам

Скаттар — әдетте тірілей не жұмыртқалап туатын балықтар, ромб скаттәрізділер жұмыртқа салады. Скаттардың көпшілігі — бентофагтар (су түбінде тіршілік ететін жәндіктер), араларында жыртқыштары да кездеседі. Скаттардың көп түрінің еті жеуге жарамды, жүзбеқанаттары бағалы, бауырынан тех. май алынады. Кейбір түрлері (денелерінің бүйір жақтарында орналасқан эл. органдары мен улы бездері бар құйрық бөлігі) адамдарға қауіпті.[1]

Бұрынғы КСРО теңіздерінде (Азов және Қара теңізде) 10-нан астам түрі мекендейді. Олар кәсіптік мақсатта кеңінен ауланады.

Азов және Қара теңізде тіршілік ететін скаттардың құйрығының түбінен кертпелі сояу сойдиып тұрады, сол себептен ол түрі қазыққұйрық деп аталады. Қазыққұйрықтың сояуында улы без болады. Сондай-ақ электрлі тұтасқанаттылар бар, олар оңтүстіктегі теңіздерде тіршілік етеді. Мұндай скаттардың 300-ден астам түрі барлық тропиктік және субтропиктік суларда кездеседі. Скаттар жемін аулағанда кертпелі сояуды немесе электр зарядын пайдаланады. Олардың электр зарядының кернеуі 8-ден 220 вольтқа дейін жетеді. Скаттар жұмыртқа арқылы немесе тірілей шабақтап көбейеді.[2]

Пайдаланылған cілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы, 7 том
  2. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 132 б., ISBN 5-625-03599-7