Мазмұнға өту

Поликлет, Аргостық Поликлет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Поликлет, Аргостық Поликлетгрек мүсіншісі әрі өнер теоретигі; б. э. бұрынғы 480 ж. шамасында туған; творчествосы 460—410 жж. гүлденді; б. э. бұрынғы V ғ. аяғында дүние салды. Ертедегі жазушылар мәліметтеріне қарағанда, Поликлет мүсінші Агеладтың шәкірті болған, мүсіндерін көбінесе қоладан сомдаған, атлет жігіттер мусіндерінде шебер кемел дене сұлулығы мен азаматтық ерлік мұраттарын бейнелеген. Бұл мұрат Поликлет тұңғыш рет орнықтырған адам тұлғасы пропорцияларының ерекше жүйесінен көрініс тапты. шебер алтын мен піл сүйегінен алып діни мүсіндерді сомдаумен де айналысты. Поликлеттің «Амазонка» атты еңбегі Фидий, Кресилай мен Фрадмон қатысқан бәйгеде бірінші орын алды. Аңызға қарағанда, бұл мүсіншілердің өздері Поликлет сомдаған мүсінді ең үздігі деп мойындаған. Оның шәкірттері мен мұрагерлері көп болған. Ұлы шебер шығармаларынан біздің заманымызға атлет Киниск (Британия музейі), «Дорифор» (Неаполь, Ұлттық музей), «Жаралы амазонка» (Берлин) және басына жемелек тағып жатқан жігіт, «Диадумен» (Афины, Ұлттық музей) мүсіндерінің римдік мәрмәр көшірмелері жеткен.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Өнердің ықшам тарихы—Антик өнері — Алматы, «Өнер» баспасы, 1988.—360 бет ISBN 5-89840-030-3