Мазмұнға өту

Мәнетшілдік

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Мәнетшілдік, монетаризм [1] – айналыстағы ақша массасы нарықтық экономиканы тұрақтандырып, дамытуда белгілі бір рөл атқарады дейтін экономикалық теория. Мәнетшілдіктің негізін қалаушы – Чикаго мектебін құрушы көрнекті ғалым, Нобель сыйлығының иегері (1976) М.Фридмен. 50-ші жылдары Кейнс теориясына қарама-қарсы бағыт ретінде пайда болды. Экономиканы басқаруға Мәнетшілдік көзқарас АҚШ-та, Ұлыбританияда, [[ГФР|ГФР-де, тағыда басқа елдерде 70 — 80-жылдардағы тұралаушылықты еңсеру кезеңінде, сондай-ақ кейбір ТМД елдерінде нарықтық экономикаға көшу кезінде кең пайдаланылды. Америка экономикасын тұрақтандыру тұжырымдамасы және атышулы “рейгономика” Мәнетшілдік теориясының айқын көрінісі болды, олардың іске асырылуы АҚШ-тың инфляцияны бәсеңдетіп, долларды нығайтуына жәрдемдесті. Мәнетшілдік тұжырымдамасына сәйкес мемлекеттің экономиканы реттеуге араласуы қажет әрі сөзсіз шарт, бірақ ол жиынтық сұранымды реттеудің кейнстік әдістерімен нарық тетіктерін түзетуді мақсат етпей, оңтайлы ақша саясатының көмегімен нарықтың бәсекелесуші күштерді жандандыру үшін жағдай жасау жолымен ықпал етуі керек. Нарыққа ақша айналысымен әсер етуде Фридмен мен оның ізбасарлары екі үлгіні – қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді үлгілерді қарастырды. Бұл бойынша қысқа мерзімді жоспарда ақша массасының көбеюі пайыз мөлшерлемесін төмендетіп, сұранымды кеңейтеді, жұмыссыздықты қысқартады. Ақшаға сұранымның көбеюі ұзақ уақыт бойына бірнеше рет қайталанған жағдайда, инвестициялық үдеріс қарқын алады. Мұның өзі өндіріс, сату, табыс, ақшаға сұраныс көлемінің ұлғаюына жол ашып, пайыз мөлшерлемесін көтереді. Мұндай саясаттың ұзақ мерзімді нәтижесі – пайыз нормасының қозғалысы, ақшаға сұраным мен ұсынымның арасындағы алшақтық. Мәнетшілдік тұжырымдамасы бойынша, ақша нарығының ұзақ мерзімді тепе-теңдігінің шарты – ақшаға ұсынымның ұзақ мерзімді қарқыны мен нақты өнімнің ұзақ мерзімді өсуі қарқыны арасындағы байланысты орнататын негізгі ақша заңының сақталуы. өзақ мерзімді ақша саясатының мақсаты – инфляцияны тұрақтандыру, оны толықтай болжай алатындай ету. Мәнетшілдік көзқарас тұрғысынан шаруашылық жағдаятты қысқа мерзімді өзгертуге бағдарланған экон. саясат емес, ұзақ мерзімді үрдіске бағдарланған экономикалық саясат өрлеудің оңтайлы қарқынын қолдауға жәрдемдеседі. Қазіргі кезде кейнстік-неоклассикалық синтез – екі экон. теорияның да нышандарын шоғырландырған дербес теориялық үлгі дүниеге келді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ Энциклопедиясы