Ихуан әл-Муслимин
Әл-Ихуан Әл-Муслимин («Мұсылман бауырлар») — мұсылман бауырлар ассоциациясы қоғамы діни-саяси ұйымының мүшелері. Оны Мысырда 1928 жылы шайқы Хасан әл-Банна құрған. Хасан әл-Банна (1906 - 49) Махмудияда (төменгі Мысыр) мұғалімдер әулетінде дүниеге келген. «Дар әл-улум»-ды тәмәмдаған, мамандығы — мектеп мұғалімі. 1918-1928 жылдары ол сопылық бауырластар ұйымының қызметіне белсене араласты. 20-жылдардың басында Мысыр антиимпериалистік қозғалыстарына қатысты. «Мұсылман бауырлар ассоциациясы» құрылғаннан бастап, өмірінің ақырына дейін оның «жоғары тәлімгері» болды. Хасан әл-Банның көзқарасының қалыптасуына Әбу Хамид әл-Ғазалидің, сондай-ақ Мұхаммед Абдоның, Джамалуддин әл-Афғанидің, Рашид Ридоның еңбектерінің ықпалы зор болды. Хасан әл-Банна Исламның сүннит бағытына сүйене отырып, әл-Афғани мен Ридоның панисламизм идеяларын одан әрі өрістетті, яғни Исламның ұлттық сипаты — «Ислам мемлекетінің» саясаты бағдарламасын жасады. Хасан әл-Банна өзінің көзқарастарын сәлем хат тұрғысында жазды. Мұсылман бауырлар идеологиясын қалыптастыруда Сәийд Қутб шығармаларының Мұхаммед әл-Ғазалидің (алдыңғы ғасырда өмір сүрген ғалым), Мұстафа әс-Сибаидың еңбектерінің мәні зор.
Мұсылман бауырлар идеологиясының негізінде панисламизм жатыр. «Ассоциация» Ислам тараған елдерде (Мысырдан бастап) «Ислам әділеттігіне» сүйенген Құранда және шариғатта тұжырымдалған Ислам парыздарын қатаң сақтайтын қоғам құруды өзінің басты мақсаты етіп ұстады. Хасан әл-Банна өлгеннен кейін олардың арасына іріткі түсіп, жеке-жеке топқа бөлініп, «Таяу және Орта Шығыс Мұсылман бауырлар қозғалысы» деп аталатын ұйымдар жұмыс істей бастады. Қазіргі кезде «Мұсылман бауырлар қозғалысы» үш бағытта жұмыс істейді: «салауаттылар» — бұлар Хасан әл-Банна мен Сәийд Қутбтың іліміне сүйенушілер; «Ислам демократтары» мен «Ислам социализмі» жазушылардың әртүрлі бағыттарын біріктіреді; көптеген оң қанатты экстремистік топтар. Исламды қорғау партиясы да осы топқа жатады. Олар мұсылман бауырлар ассоциациясына бөлінген болатын, қазір барлық араб елдерінде кұрылған және жасырын жұмыс істейді. Оның идеологиясы мен саясаты реакциялық мәнге ие және көптеген елдерде олардың қызметіне тыйым салынған. Олардың ұйымының кейбірінің қызметі Батыс Еуропада орналасқан орталықтар арқылы үйлестіріледі.
Ислам әдебиеттерінде әл-ихуанийа, яғни кең және тар деп алатын екі ұғым бар. Тар мағынасында өздерін «мұсылман бауырлар» деп атайтындарға байланысты нақты қозғалыс мүшелері кірелі. Ал, кең мағынасында Ислам елдерінде кең тараған, яғни «мұсылман интегризмі» деп аталатын топ жатады. Бұл бағыттың өкілдері Исламды алғашқы таза нұсқасына көшіруді насихаттайды. Құран мен Сүннеттің қоғам игілігі үшін бүгінгі ғылым мен техниканың жетістіктерінен қашпай саяси, экономикалық, әлеуметтік және заң жүйесінде пайдаланылуын жақтайды.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — Ислам туралы мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |