Жаңғырық
Жаңғырық — бақылаушының әр түрлі тосқауылдан (үй қабырғасы, орман, т. б.) шағылған толқынды (акустикалық, электр магниттік, т. б.) қабылдауы. Қандай да бір кедергіден шағылған және бастапқы таралған орнына қайта оралған дыбыс толқындары.
Бақылаушы акустикалық Жаңғырықты, мысалы, дыбысты шағылдыратын беттен қысқа уақытқа созылған дыбыс импульсін (соққы, қысқа мерзімді айқай) шағылған сигнал ретінде қабылдайды. Қабылданған және жіберілген дыбыс импульстері 50 — 60 миллисекунд (мс) уақыт аралығымен бөлінген жағдайда ғана, адам Жаңғырықты ажырата алады. Жаңғырықтың бірнеше түрі бар. Көп еселі Жаңғырық дыбысты шағылдырушы бет бірнешеу болғанда (мысалы, таулы жерлерде, т. б.) байқалады. Қалқыған көп еселі Жаңғырық дыбыс көзі өзара параллель екі қабырғаның арасына орналасқан кезде, ал гармониялық жаңғырық жиілік спектрі кең дыбыстың түрлі тосқауылдан шашырауы кезінде пайда болады. Гармониялық жаңғырықта тосқауылдың мөлшері спектрдегі толқындар ұзындығынан кіші болуы тиіс. Музыкалық жаңғырық қысқа импульстің белгілі бір заңдылықпен алмаса орналасқан денелер жүйесінен шағылуы нәтижесінде болады. Мысалы, үйдегі басқыш сатыларынан, стадион не амфитеатр мінбесінен, т. б. шағылған импульстер бақылаушыға тізбектеліп жетеді. Мінбелер көрермендермен толған кезде жаңғырық жойылады. Өйткені, дыбысты шағылдырушы әуелгі беттер енді жұтатын беттерге айналады. Жабық үйде жаңғырық әдетте байқала бермейді. Жабық үйдегі әр түрлі жекеленген Жаңғырықтар әуелгі дыбыстан кейін пайда болатын жалпы бір дыбысты (қ. Реверберация) туғызады. Дыбыстың таралу жылдамдығы (с) мен Жаңғырықтың кешігу уақыты бойынша шағылдырушы бетке дейінгі қашықтық оңай табылады: Жаңғырықтың әсерін кейбір техникалық мақсаттарға қолдану осыған негізделген. Мысалы, эхолот ультрадыбыстың теңіз түбінен шағылуын (қ. Ультрадыбыс) өлшей отырып, теңіз тереңдігін тез әрі үлкен дәлдікпен анықтай алады. Эхолоттың онан әрі жетілдірілуі нәтижесінде гидроакустикалық локатор (қ.Гидролокация) жасалды. Жаңғырықтың әсерлері ультрадыбыстық дефектоскопияда да кең қолдау тапты. Мұнда шағылу көзі денелердің құрылымындағы кез келген сызат, қуыс, т. б. бола алады. Көптеген жануарлар (мысалы, жарғанаттар, дельфиндер, т. б.) Жаңғырықты бағдарлау мақсатында пайдаланады. Қазіргі радиолокация да жаңғырық құбылысына негізделген. Мұнда дыбыс толқындарының орнына электр магниттік толқындар қолданылады. Электр магниттік толқындардың Жаңғырығы алыс қашықтыққа тартылған байланыс желілерінде (мысалы, трансатлантикалық кабельдерде) байқалады. Жер қыртысында таралатын серпімді толқындардың тау-кен жыныстарынан шағылуы нәтижесінде сейсмикалық жаңғырық пайда болады.
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |