Мазмұнға өту

Бенакент

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Бенакент, Бенакет - орта ғасырда Шаш (Ташкент) маңында болған ірі қалалардың бірі. Шарқия (Шаһрухия) - Ангрен өзені мен Сырдарияның қосылған тұсында болған. Ол туралы кезінде Ибн Хордабек: "Илак (Ангрен) өзені Бенакенттің тұсында Шашқа (Сырдарияға) барып құяды" деп қаланың нақты орнын көрсетіп кеткен. Қаланың қираған орнының жобасын алғаш 1908 ж. И.А. Беляев қағазға түсірген. 1957 жөне 1973 жылдары Өзбекстан Ғылым Академия Археология институтының ғалымдары (жетекшісі Ю.Ф. Буряков) зерттеу жүргізген. Қала жұртының жартысына жуығын өзен суы шайып кеткен. Қалған жері екі бөліктен: Шаһристаннан және Рабадтан тұрады. Шаһристанның мәдени қабатының биіктікі рабадтың үстінен есептеғенде 15 - 17 м. Қабырғаларының ұзындығы солтүстік-шығысында 600 м, солтүстік-батысында 450 м, оңтүстік-батысында 800 м. Екі жағынан Сырдарияның суы, солтүстік-батыс шетінен Шарқиясай, солтүстік-шығыс қапталын құрғақ арна қоршай жатыр. Бекіністік қабырғаларының орны сақталмаған. Қазба кезінде табылған, Қауыншы мәдениетіне жататын қыш ыдыстарының сыныптары қала тіршілігін 2-3 ғасырларда басталғанын дәлелдейді. 11-12 ғасырларда Бенакентте жергілікті Қарахан әулетінің мыс теңгелері соғылған. Шыңғыс хан әскерлеріне қарсы үш күн бойы қарсылық көрсеткен қала түгелге жуық талқандалған. Оны 1392 ж. Әмір Темір қалпына келтіріп, баласы Шаһрухтың атын берген. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8