Мазмұнға өту

Бадамша

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Бадамша

Бадамша, миндалины (tonsіllae) — мұрын, жұтқыншақ, ауыз қуысының аралықтарына орналасқан бездер. Бадамша лимфоидты тіндерден құралады, иммундық жүйеге жатады және организмді қоршаған ортаның зиянды микробтарынан қорғайды. Сәбилерде, жасөспірімдерде Бадамша жақсы қорғаныс қызметін атқарады. Ересек адамдарда лимфоид тіндерінің бірте-бірте дәнекер тіндеріне айналуына байланысты Бадамшаның қорғаушы қасиеттері азаяды. Бадамша таңдай, тіл, жұтқыншақ, түтіктік Бадамшалары болып ажыратылады. Таңдай Бадамшасы жұп болады, көмейдің (ауыз қуысының жұтқыншаққа өтетін шекарасы) екі бүйірінде, ал тіл Бадамшасы сыңар болады, тілдің түбірінде, шырышты қабық астында орналасады.Жұтқыншақ Бадамшасы біреу, жұтқыншақтың жоғ. және артқы қабырғаларының аралығында жатады, ал бір жұп түтіктік Бадамшалар жұтқыншақтың мұрын бөлігінде және есту түтігінің жұтқыншаққа ашылатын тесігін қоршай орналасады. Бадамша асқынғанда жұтыну, тыныс алу қиындайды. Бадамшаның үлкейіп қабынуы баспа (ангина, тонзилит), аденоид жұқпалы ауруларына шалдықтырады.

Бадамша(миндалины)

[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, I том