Мазмұнға өту

Астрология

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
«Астрология Персонификациясы», Гверчино.

Астрология (көне грекше: ἄστρον — жұлдыз, көне грекше: λόγος — ғылым) — аспан шырақтары мен адамдар арасында байланыс бар деп есептейтін ілім; орта ғасырларда таралған, қазір де келешекті болжап айту үшін (гороскоп құрастыру үшін) астрологтар пайдаланады. Табиғат құбылыстарының шын мәнісін түсінбеген ертедегі адамдар аспан шырақтарын да құдай деп қастерлеп, оларға табынатын болған. Міне, сондықтан да абыздар планеталарды өздері табынатын құдайларының атымен Юпитер, Марс, Венера т.т деп атайтын болған. Осыдан барып аспан денелері жер бетіндегі уақиғаларға, адамның тағдырына әсерін тигізеді деген сенім туды. Аспан шырақтарының аспандағы орнына қарап жердегі уақиғаларды жеке адамдардың тағдырын күні бұрын болжайтын жалған ғылым – астрология әсіресе,орта ғасырларда Еуропада күшті өркендеді. Патшалар, корольдер, князьдар , т.т Күннің,Айдың, планеталардың орнына қарап келешекті болжап отыратын қолдарына арнаулы адамдарды ұстады. Бала туысымен астролог оның келешегі қай планетаның ықпалымен, қандай болып өтетінін болжап жазып қоятын болған. Юпитердің таңбасының астында туған кісі жауынгер болады, т.т деп сенетін. Қазақ елінің арасында да сапарға шығарда, көшіп-қонуда жұлдыз тууына қарап ырым етушілер болған. Жұлдыз туып келе жатқанда оған қарсы жол жүрмеу керек, ««Білмегенге білдірермін, біле тұра білмегендей болып көше бүлдірермін» деп аспандағы пәлен жұлдыз айтқан деп сенетіндер бұрын аз болмаған. «Ол екеуіміз бір құдықтан су ішпейміз, жұлдызымыз қарсы», "жұлдызы оңынан туды" деген сияқты сөздер де аспандағы жұлдыз жердегі адамның ісіне әсер тигізеді деген сенімнен шыққан. Онан соң қазақ арасында мұсылман дінінің әсерімен Айды қастерлеп, жаңа туған Айды көргенде «Жаңа айдан жақсылық» деп ырым етіп, бата қылу бар.