Анри Бергсон

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Бергсон Анри (1859-1941)- француз философы,Жаратымпаз эволюция және интуитивизм қағидасын жасаған иррационалист.

Оның философиясының негізі ұғымы «Тіршілік». Тіршілік мәніне интуиция көмегімен ғана бойлай аламыз. Өмір ағып жатқан тасқын сияқты үздіксіз процесс, тіршілік күші осы процесстің ішкі түрткісі.[1]

Ғұмырбаяны

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Анри Бергсон (Henri Bergson) 1859 жылы 18 қазанда Франция астанасы Парижде еврей отбасында Туған. Бала кезінде Бергсондар отбасы Англияда бірнеше жыл тұрғандықтан ол ағылшын тіліне де жеттік болып өседі. Бергсон 9 жасқа келгенде отбасы қайтадан Парижге көшіп келіп тұрақтайды.

Бергсон Париждегі Кондерсе лицейінде үздік оқиды. Орта мектеп бітіргенде математикадан жазған мақаласы сыйланады және мақаладағы есептеу әдісі жаңалыққа толы болғандықтан «Математика жылнамасында» жарияланады. Бергсон математикада ғана емес, әдебиетте де дарынды болады және жастайынан сөз көркемдігіне ден қойған шығармашылық талантын байқатады. Мектеп бітірген соң гуманитарлық сала мен жаратылыстану саласын таңдауда біраз екіойлы болады. Ақыр-аяғы ол гуманитарлық пән саласын таңдап, 1878 жылы әлемге әйгілі көптеген тұлғалар тәрбиелеген Париж жоғары нормал мектебіне (École normale supérieure) түседі. Дегенмен, математикаға ынтасын суытпайды. Әсіресе, позитивизм ойшылы Г.Спенсердің еңбектерін зерттеп, ғылым мен математика салаларында өзіндік ізденістер жасайды. Университетте сабақтастары оны «атеист» деп атаған екен. Бірде кітап басқаруға жауапты Бергсон кітаптарды дұрыс жинамай оқытушының сынына ұшырайды. Оқытушы оған: «Бұл не масқара! Сенің кітап басқарушылық рухың қайда кеткен?» дейді ашуланып. Сонда студенттер: «Бергсонда рух жоқ қой!» деп шулаған екен. Үш жылдан кейін ол гуманитарлық ғылымдар магистрі атағын қорғайды және философия пәніне толымды оқытушы куәлігін алады.

Университетті тамамдаған соң Бергсон оқытушылықпен шұғылданады және Рим ойшылы Лукреций Кардың «Заттың сипаты туралы» кітабын зерттейді. Бұл кітап туралы жазған мақаласы аталған кітапқа жастардың ынтасын аудартады. 1889 жылы Бергсон алғашқы философиялық еңбегі «Сананың тіке материялы» (1910 жылы «Уақыт және еркін ерік» болып басылып шықты) монографиясы арқылы Париж университетінде докторлық атағын қорғайды.

1898 жылы Париж нормал жоғары мектебіне оралып дәріс береді. 1900 жылы Франция ғылым академиясы Бергсонды философия профессоры етіп тағайындайды. Академияда ол Антикалық философия және Қазіргі заман философиясы мінберінде 20 жыл сабақ сөйлейді. Оның ойы ұшқыр, тілі өткір әрі әсерлі, дәлел дәйегі мол болғандықтан тыңдаушыларды қатты баурайды. Бергсон 1900, 1904, 1911 жылдары өткен І, ІІ және ІV кезекті халықаралық философия құрылтайына қатысады. 1914 жылы ол Этика және саясаттану институтының төрағасы және Франция ғылым академиясының академигі болады.

Бергсон 1908 жылы Англияда әйгілі АҚШ прагматисті Уильям Джеймспен кездеседі. Бергсонның іліміне тәнті болған Джеймс өз сабағына Бергсон философиясын қосып сөйлейді. Кейін Джеймс АҚШ-қа барған соң өз досына Бергсонның «Жасампаз эволюция» кітабын аудартып, өзі алғы сөз жазбақшы болады. Бірақ Джеймс 1910 жылы қайтыс болады. 1911 жылы Бергсон Уильям Джеймстің «Прагматизм» кітабына «Ақиқат және шындық» атты ұзақ алғы сөз жазады.

1928 «оның толысқан және өміршеңдік рухы тасқындаған идеяларына, озық бейнелеу өнеріне» бола Бергсонға нобель әдебиет сыйлығы берілді. Дәстүрлі философиядағы механикалық және детерминизмдік рационализмді батыл сынаған Бергсонның тіршілік философиясына Швед академиясы жоғары баға беріп, «Жасампаз эволюция» кітабы “бейне ғажайып өлең секілді көңілді тебірентетін, мағынасы сарқылмайтын және шабытқа қанат бітіретін космология”, “ол рационализм жабынынан шығудың даңғыл жолын ашты... жаратымпаз күштің ғажайып құдіретін танытты, адамзат арманының шексіз кеңістігіне самғады”, “сана азаттығына орасан зор үлес қосты” деп есептеді.

1940 жылы маусымда Гитлер Парижді жаулап алған соң, фашистерге берілуден бас тартқан ол қатты қасіретке шомып, денсаулығы күрт нашарлап, 1941 жылы 4 қаңтарда 82 жасында қайтыс болады.

Бергсон өз өмірінде көптеген кітаптар жазды. Олардың арасында ерекше танымалдары: «Уақыт және еркін ерік» (1889), «Материя және жады» (1896), «Күлкі: комиктің мәні» (1900), «Метафизикаға кіріспе» (1903), «Жаратымпаз эволюция» (1907), «Рухани энергия» (1919), «Ұласым және біруақытталық» (1922), «Дін мен этиканың екі қайнары» (1932), «Жасампаз рух» (1934) қатарлылар. «Жасампаз эволюция» кітабы Бергсон шығармашылығының шыңы деуге болады.

Бұл еңбектері арқылы ол Тіршілікті дәріптеп, өміршеңдікті ұлықтады, интуициялық ішкі түйсікке мадақ айтты, материя мен зерденің рөлін төмендеткен иррационалдық өмір философиясы жүйесін жасады.

Біртұтас идеясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Анри Бергсон «Жаратымпаз эволюция» (1907) кітабында ең сәтті және өміршең философиялық жүйе қашанда интуицияға (ішкі түйсік) негізделген философия деп есептеді. Оның «Уақыт және еркін ерік» (1889) кітабында бұл идея жалпылық және формалды айтылып қоймай, тіршілік пен оның Мен шындығы интуиция тұрғысынан түсіндірілген болатын.

Бергсон бойынша, заттық дүниенің қозғалыссыз бітімдеріне сай келетін ұғымдарды пайдаланушы интеллект қозғалысты, соның ішінде "тіршілік талпынысьш", шындықты жасаушы, әсіресе сананың атрибуты болып табылатын "ұзақтықтық" шығармашылық стихиясын түсіне алмайды. Ол тек жануарлар инстинктеріне ұқсас тікелей сезіну, иррационалдық интуиция арқылы ғана қабылдана алады. Интуиция мүддесіз болғандықтан, дейді Бергсон, шындықты күнделікті өмір қажеттіліктерімен және пайдалы нәрселерді іздеумен ғана байланысты интеллектіне қарағанда тереңірек ашады. Дүниені интуициялық жолмен қабылдаудың бір түрі ретінде Бергсон "таза өнер" дегенді қояды. Комедия, Бергсон бойынша, таза өнерге жатпайды, өйткені ол әлеуметтік айыптаудың түріне жатады. Бергсон өнерді ғылымға Қарағанда танымның маңызды әрі әмбебап деп есептеді.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Философия/жалпы редакциясын басқарған , профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. ISBN 9965-808-82-1
  2. Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7