Орбиталық станция

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(Орбиталық станса бетінен бағытталды)
Навигацияға өту Іздеуге өту
Халықаралық ғарыш станциясы
Мир орбиталық станция

Орбиталық станция – Жер, Ай немесе басқа аспан денелері айналасындағы орбитада ұзақ уақыт жұмыс істейтін арнайы экипажбен немесе өздігінен басқарылатын ғарыш аппараты.

Оларды жер (планета) бетін және оның айналасындағы ғарыш кеңістігін зерттеуге, метеорологиялық, астрономиялық, т.б. бақылаулар жүргізуге, медицина-биологиялық тәжірибелер өткізуге, навигацияға, салмақсыздық жағдайындағы материалдардың қасиеттеріндегі және құрылғылардың жұмысындағы өзгерістерге, т.б. мәселелерге байланысты ғылыми және қолданбалы жұмыстар жүргізу үшін пайдаланады. Сонымен қатар орбиталық стансаны Күн жүйесінің басқа планеталарына ұшуға арналған ауыр ғарыш кемелерін құрастыру үшін де қолданады. Орбиталық стансаларды жасаудың мүмкіндігі және тиімділігі 20 ғасырдың басында К.Э. Циолковский, Ю.В. Кондратюк, Г.Оберт, Г.Пирке, Г.Нордунг, т.б. ғалымдардың еңбектерінде дәлелденген. Орбиталық стансаны жасау және оның ұзақ жұмыс істеуін қамтамасыз ету бірқатар ғылыми-техникалық, медицина-биологиялық мәселелерді шешуді талап етеді. Олардың ішіндегі маңыздылардың бірі – орбиталық станса мен ғарыш кемесінің орбитадағы түйісуін қамтамасыз ету. Орбиталық стансаның жұмыс істеу уақыты, экипаж саны, өлшемдері мен массасы, орбитасының параметрлері оның қандай мақсатта қолданылатынына байланысты.

Орбиталық стансаны құрастырудың екі әдісі бар. Біріншіден, орбиталық станса толығымен жерде жасалып, дайын күйінде орбитаға шығарылады. Ондай орбиталық стансаның массасы мен өлшемдері ракеталық қозғалтқыштың энергиялық мүмкіндіктерімен шектеледі. Екінші әдіс бойынша орбиталық стансаның дербес бөліктері орбитаға біртіндеп шығарылып құрастырылады. Орбиталық станса толық жиналғаннан соң ол іске қосылады. Екінші әдіс бойынша орбиталық стансаның көлемі, массасы шектелмейді. Сондықтан Айға, Күн жүйесінің басқа планеталарына ұшу үшін қолдануға жарайтын үлкен орбиталық стансалар осы әдіспен құрастырылады. Орбиталық стансаларда жұмыс істейтін ғарышкерлерді ғарыш кемелері жеткізеді. Олардың жұмыс істеу мерзімі адам организмінің салмақсыздықтың ұзақ уақыт әсер етуіне шыдамдылығына, радиациялық қауіпсіздікке, борт аппараттарының сенімді жұмыс істеуіне, т.б. байланысты. Орбиталық стансада адамның қалыпты өмір сүруіне, жұмыс істеуіне, ғыл. тәжірибелер жүргізуіне жағдай туғызу үшін түрлі шаралар қарастырылған. [1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VII том