Наполеон кодексі
Наполеон кодексі (фр. Code Napoleon) — Наполеон Ӏ-нің қатысуымен жасалған француздық буржуазиялық азаматтық кодекс. 21.03.1804 ж. Заңшығарушылық корпус бекіткен (бастапқы атауы: Code civil - Азаматтық кодекс) және 1804 ж. басылған. Феодалды құқық ережелерін өзгертті, заң алдындағы азаматтардың ресми теңдігі қағидаттарын жариялады, буржуазиялық жекеменшікті және кәсіпкерлікті қорғау, келісім еркіндігін жақтады, Франциядағы өндірістің капиталистік әдісін орнықтырды, бірлестіктерге тыйым салды. Неке-құқықтық қатынастарда отағасының әйеліне және балаларына шексіз билігін жариялады. Кодекс Францияда, Италияда, Нидерландта, Бельгияда, Варшава Ұлы герцогтығында енгізілді. 1807 ж. Азаматтық кодекс "Наполеон Кодексі" болып өзгертілді. Наполеон тақтан түскеннен кейін Кодекс 1816 ж. тағы да Азаматтық кодекс болып қайта басылды. 1852 ж. Декрет бойынша оған қайтадан "Наполеон Кодексі" атауы берілді. Кодекс негізін рим құқы құрады. Кодексті құрастырушылар француздық әдет-ғүрыптық құқықты, ордонанс пен ғылыми әдебиеттерді, әсіресе, XVIII ғасырдағы танымал заңгер Потьенің еңбектерін пайдаланды. Кодекс 3 кітаптан тұрады:
- адамдар жайлы қаулылар (жеке құқық, некелік);
- мал-мүлік жайлы, жекеменшік құқы мазмұны, меншікті нәрсені пайдалану құқына шек қою (сервитут) туралы қаулылар;
- жекеменшікті иемдену әдістері реттеледі (мұрагерлік, сыйға тарту, өсиет, міндеттемелер, қамтамасыз ету құралдары, мерзімі өтуі).
Өз өмірі барысында Кодекс әсіресе, жеке адам және неке құқына қатысты тұстарында өзгерістерге ұшырады. Мүліктік құқық саласында (мал-мүліктік және міндеттемелік) Кодекс ережелері аса өзгерген жоқ[1].
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |