Антонио Лучо Вивальди
Антонио Лучо Вивальди итал. Antonio Vivaldi | |
Негізгі ақпарат | |
---|---|
Толық аты |
Antonio Lucio Vivaldi |
Туған күні | |
Туған жері | |
Қайтыс болған күні | |
Қайтыс болған жері | |
Мемлекет | |
Мамандықтары | |
Аспаптары | |
Жанрлары | |
{{{Есімі}}} |
Антонио Лучо Вивальди (итал. Antonio Lucio Vivaldi; 4 наурыз 1678 жылы, Венеция — 28 шілде 1741, Вена) — итальяндық композитор, скрипкашы, педагог, дирижёр, католиктік діни қызметші. Вивальди XVIII ғасырдағы итальяндық скрипка өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі болып саналады [1].
Музыкант көзі тірісінде керемет атаққа бөленіп, халық тарапынан мойындалған, Еуропадағы ірі мәдени қайраткер - Кончерто гроссо, ансамбль-оркестрлік концерттің шебері, 40-тан астам опералардың авторы. Вивальдидің танымалдылығы аспаптық концерттерінің, әсіресе скрипканың арқасында келді. Оның атақты туындысы – скрипкалы 4 концерттен тұратын «Жыл мезгілдері» («Времена года») атты сериялы шығармасы[1].
Өмірбаяны
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Балалық шақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антонио Вивальди 1678 жылы 4 наурыз күні осы кезеңдегі Венеция республикасының астанасы Венецияда туған. XX ғасырға дейін Вивальдидің өмірбаянын зерттеушілерде композитордың туған жылы туралы әртүрлі деректер болды. Мәселен, бірі 1675 жылы туған десе, бірі бұдан ертерек деген болжамдар айтқан. 1963 жылы қаңтарда ағылшын ғалымы Эрик Пол (Eric Paul) тапқан Қасиетті Иоанның Брагорға (Венеция төңірегі) келуі туралы жазбалар Вивальдидің туған жылын бекітуге мүмкіндік берді. Табылған жазбаларға сәйкес, Антонио Вивальди 1678 жылы 4 наурызда туылып, осы соборда шоқындырылды. Бала әлсіз болып туған, өлуге шақ қалған соң, оны тезарада шоқындыру қажет болды.[2]
Антонионың ата-бабалары Брешиядағы лауазымды тұлғалар болды. Композитордың әкесі Джованни Баттиста (1655-1736) осы қалада туған. Джованни он жасында анасымен Венецияға көшіп барды. Мұнда әкесі шаштараз мамандығын үйренді. Осы кезеңдерде италияндық шаштараздарда тұтынушылардың уақыты бос өтпесін деп түрлі музыкалдық аспаптар орналастырылатын еді. Уақыт өте келе, Джованни осы аспаптарға деген қызығушылығы оянып, нәтижесінде өмірінің соңына дейін музыкаға арнады.
1677 жылы Джованни Камилле Каликчиоға (1655-1728) үйленіп, бір жылдан соң ұлдары Антонио дүниеге келеді. шіркеулік жазбаларға қарағанда, Антонионың үш әпкесі – Маргарита Габриэла, Чечилия Мария, Дзанетта Анна және екі ағасы – Бонавентура Томасо пен Франческо Гаэтано болған. Ағалары әкесінің ізін жалғап, шаштаразшы болды.
1685 жылы Джованни Баттистаның есімі «Sovvegno dei musicisti de Santa Secilia» атты музыкалды қоғамды қалыптастырушылардың тізімінде аталды. Аталмыш қоғамның директоры атақты композитор, бірқатар опералардың авторы Джованни Легренци болды. Нәтижесінде Джованни Қасиетті Марк шіркеуінің капелласында (католик шіркеудің хорында) бас скрипкашы болды. Айта кетерлігі, сол кезеңдерде әкесінің толық есімі Джованни Баттиста Росси болған еді. Антонионың әкесіне тартқан сары шаштылығы үшін оны «сары дін қызметкері» деп атайтын (итал. il prette rosso).
Композитордың жастық шағы мен музыкалдық білімі туралы деректер аз. Сондықтан, Антонионы скрипка өнеріне үйреткен, музыкадағы алғашқы ұстазы әкесі болған деп болжанады. Антонио он жасынан бастап скрипкада ойнай бастайды. 1689—1692 жылдар арасында әкесінің Венецияға келіп-кетуі жиілеп кеткен соң, оны шіркеудегі капеллада ұлы Антонио алмастырып отырды.
Кей деректерге сүйенсек, Антонио музыка теориясын Джованни Легренцидан үйренді деседі. Алайда, Легренцидің 1690 жылы қайтыс болғанын ескерсек, оның жас Антониоға ұстаздық етуі күмән тудырады. Антонионың скрипкада шеберлікпен ойнауы және атақты рим скрипкашысы Арканджело Кореллидің музыкалды стиліне ұқсастығы оның аталмыш скрипка шеберінен дәріс алған деген болжамдар бар. Алайда, қазіргі күнге дейін бұл болжамды растайтын дәлелдер жоқ. Сонымен қатар, хронологиялық деректерде Антонионың шіркеулік қызметі оның 1703 жылы Римдегі оқуымен сәйкес келмейді.[3]
Жастық шақ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Әкесінің шіркеудегі қызметі және діни өмірі Жас Антонионың алдағы мансабын анықтағандай болды. Ол діни қызметкер болу туралы шешім қабылдады. Бұл түсінікті де еді. Себебі, сол кезде Италияда діни қызмет пен музыкалдық мансапты бірге алып жүру қалыпты жағдай еді[3]. 1693 жылы 18 қыркүйектен бастап монах болу үшін шашын қырықтыру ырымы жасалды, 1700 жылы 18 қыркүйекте дьякон атағын алды. 1703 жылдың 23 наурызында шіркеу қызметкері болып тағайындалды [4]. Келесі күні Сан-Джованни ин Олео шіркеуінде өзінің алғашқы литургиялық (құдайға сиыну) мессасын жасады.
1703 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Пьета» жетім балаларға арналған консерваториясында скрипкадан (maestro di violino) сабақ бере бастады. Аталмыш консерватория қыздар музыкалдық мектебінің ең алды болып саналатын. Кейіннен оркестр дирижері және концерттердің директоры (maestro de concerti) болды. Вивальдиге түрлі рухани және ақсүйектік той-думандардың әуендерін шығарып отыру міндеттелді. Музыкант мамандығын аббата-минорита дәрежесімен бірге алып жүрген Вивальди, діни қызметкерге тиым салынған қылық көрсеткені үшін бұл дәрежесінен айырылып қалды[5]. Вивальди 1703 жылы Қасиетті Иоан шіркеуінде Лукреция Трэвизан графиня 90 рет жасалатын таң намазын оқуды тапсырды. 17 тамыз, 1704 жылы viola d’amoreдан сабақ бергені үшін қосымша сыйақы алды. Таңертеңгі ант намазының жартысын орындаған Вивальди денсаулығына байланысты Лукреция Трэвизанның тапсырмасынан бастартады. 1705 жылы Венециядағы Джузеппе Сала баспасы композитордың 12 сонатын шығармалар топтамасы түрінде басты. Екінші топтаманы 1709 жылы Венециядағы Бартоли баспасында скрипкаға арналған және чембаломен (клавесиннің итальяндық атауы) сүйемелденетін 12 сонатты бастырып шығарады. Вивальдидің алғашқы рет сахнаға шығуы 1706 жылы француз елшілігінің сарайында болды. Осы кезеңде композитор Брагор алаңынан Сан-Проволо жаңа ауданына көшеді. 1711 жылы «L’estro armonico» атты 12 концерт («Гармоническое вдохновение») жарияланды. Осы жылы ол қойылған концерттері үшін жылдық сыйақы алып, шәкірттерінің концерттерін басқарды. Ал 1713 жылдан бастап «Пиета» («Ospedale della Pietа») қыздар консерваториясының директоры болды[5]. Осы жылдары жас Вивальди оқытушылық қызметімен қоса композиторлық қызметімен қарқынды айналысты. Сондықтан болар композитор туған жері Венецияда, тіпті оның сыртында да өте үлкен атаққа ие болды, жұртқа кеңінен таныла бастады. Венеция осы кезде халықаралық туризмнің орталығы екендігін ескерсек, Вивальдидің есімі шетелдерде де танылды. Осылайша, 1709 жылы «Пиетаның» ораториясының (драмалық сюжетке құрылып, негізінен концерттік орындауға лайықталған хор) көрсетілімі кезінде Вивальди Дания королі Фредерик IV қабылдауында болып, таныстырылды. Вивальди осы таныстықтың құрметіне және корольдің құрметіне арнап скрипкада ойналатын 12 сонатаны сыйға тартты. 1712 жылы Венецияға келуі кезінде Антонио Бреслаулық неміс композиторы Готтфрид Хайнрихпен (Gottfried Heinrich Stölzel) кездесті. Нәтижесінде, Готфрид Штольцль Антониомен жеке байланыста болған алғашқы неміс композиторы болып саналады.[3]
Композиторлық қызметінің басталуы. Венеция (1713—1718)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1713 жылы Вивальди өзінің алғашқы үш актылы «Ottone in villa» («Вилладағы Оттон») операсын жазды. Операның сахналанған көрінісі аталған жылдың 17 мамырында венециандық Театро делле Грацие (Teatro delle Grazie) сахнасында қойылды [6]. Бұл опера шытырман оқиғалы сюжетке құрылған. Вивальди тығыз қарым-қатынаста болған Доменико Лаллидің либереттосына жазылған аталмыш опера кей эпизодтарда Рим империясының тарихынан сыр шертеді. Операның сәтті шығуының нәтижесінде Вивальди Сан-Анджело театрының директоры Модоттодан тапсырыс алады. Модоттомен Вивальди өзінің «Фераспе» (1739) атты соңғы операсына дейін бірге тығыз жұмыс атқарған еді[7] . жыл өткен соң, яғни 1714 жылы ол өзінің Грацио Браччьолидің либереттосына құрылған «Orlando finto pazzo» («Роланд, мнимый безумец») деп аталатын екінші операсын жазды. Опера итальян ақыны Людовико Аристоның «Қаһарлы Ролланд» поэмасының желісі бойынша жазылды[8]. Жуырда, композитор латын мәтінінде жазылған «Моисей, бог фараонов» (1714) және «Юдифь торжествующая» (1716) атты екі ораторий жазды. 1715 жылы Сан-Анджело театры үшін «Nerone fatto Cesare» («Нерон, ставший Цезарем») операсына 12 бөлімді арий жазды. 1716 жылы Вивальди Сан-Анджело театрының тапсырысы бойынша «L’incoronazione di Dario» («Коронация Дария») операсын жазды. Осы жылы Венециядағы беделді театрлардың бірі Сан-Мозе театрының репертуарына «La costanza trionfante degl’amori e de gl’odii» («Постоянство, торжествующее над любовью и ненавистью») атты опера жазды. Аталған опералардың премьерасы 1716 жылғы карнавалда қойылды.[8] 1718 жылы Вивальдидің «Scanderbegh» («Скандербег») операсы Флоренция театрында қойылды. Бұл оқиға өз кезегінде Вивальдидің шет елдердегі танымалдылығының айғағы.
Жалпы алғанда, 1713 пен 1718 жылдың аралығындағы жылдар Вивальдидің композиторлық қызметіндегі ең жемісті жылдары болып саналады. Осы жылдары жалпы саны 8 опера жазды [3][6].
Мантуедегі өмірі (1719—1722)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Композитор өмірінің 1719– 1722 жылдардағы кезеңі туралы деректер шамалы ғана. Композитордың 1737 жылдан бастап жазылған хаттарына қарағанда, Вивальди өмірінің осы кезеңдерін Германияның Мантуя қаласында өткізген. «La Verita in Cimento» операсының либреттосының бас бетінде Вивальди өзін Maestro di Capella di Camera il Principe Filippo Langravio d’Assia Darmstadt деп атайды. Бұл өз кезегінде 1720-1723 жылдарда Вивальди Австрия императорының әскерін басқарған маркграф Филипп Гессен-Дармштадтскийдің әскер қатарында қызмет етті деген қорытынды тудырды. Филипп Гессен-Дармштадтский осы кезеңде Австрияның VІ Карлдың Мантуе мен Неапольдегі әскерін басқарды.
Мантуеде Вивальди опера әншісі, француз шаштаразының қызы Анна Жиромен (Anna Giraud) танысты. Осы таныстық Вивальдидің болашақ өміріне үлкен әсер етті. Вивальди драмматург Карло Гольдониге жазған хаттарында Анна Жироны өзінің «тәртіпті оқушы» деп жазады. Зерттеушілердің пікірінше, Анна Жироның опера әншісі болып қалыптасуына Вивальдидің еңбегі зор. Шындығында, итальяндық опера композиторлары ән өнерінің техникасын терең меңгерген. Анна туралы замандасы Карло Гольдони: «Ол әдемі, нәзік, қыпша бел, күлім көз, қолаң шаш және оймақ ауыз қыз еді. Оның дауысы зор емес, бірақ актерлік қабілеті жоғары еді» деп суреттейді. Вивальдидің қасына Аннамен бірге оның апкесі Паолина да жолсерік болды. Паолина композитордың мед бикесі болып қызмет етті. Себебі, осы кезең —композитордың бронхиалды астма ауруымен науқастанып жүрген кезі. Мантуедегі үшжылдық әскери қызметінен соң, композитор Анна мен Паолинаны алып, Венецияға қайта оралады. Венецияндықтар Аннаны «сарышашты дін қызметкерінің нақсүйері» деп кекеткен еді. Шындығында композитордың апалы-сіңлілі Жиролармен тығыз қатынастары діни қызметші үшін шіркеудегі діни қызметкерлер тарапынан қолдау таппады. Осылайша Вивальдидің айналасы қара өсекке толды. Халық арасында оны әтек (гаремде қызмет ету үшін әдейі тарттырылған еркек) деп мазақтаушылар болды. Нәтижесінде, Вивальди мен діни қызметкер арасында ынтымақтастық бұзылды. 1738 жылы Феррара қаласының кардинал-архиепископы Вивальдиге қалаға кіруіне тыйым салды [9]. Алайда болған кедергілерге, сөздерге қарамастан Вивальди апалы-сіңлілі Жироларды құрмет тұтып, олардың ары мен ұятын қорғап жүрді.[3]
Римдік кезең (1723—1724)
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1723 жылы Вивальдидің Рим қаласына жасаған алғашқы саяхаты болды. Римге саяхатында Вивальди өзінің жаңа туындысы: «Ercole sul Termodonte» («Термодонтадағы Геркулес») атты операсымен барды. Атақты, композитор және музыка теоретигі Иоганн Иохим Кванц Римге келісімен римдіктердің Вивальди операсын жақсы қабылдағандығын байқап, «осы кезден бастап басқа әуен тыңдамайтындығын» айтты.[10] 1724 жылдың ақпанында Вивальди «Giustino» («Джустино») операсының премьерасына қатысу үшін Римге қайта келді.[11]. Вивальдидің биік профессионалды шеберлігін көрсететін Римдегі үшінші әрі соңғы операсы — «La virtù trionfante dell’amore, e dell’odio, overo Il Tirane» (1724) («Махаббат пен зұлымдықты билейтін жарылқаушы») атты опера[8]. Осы кезеңде Вивальдидің рим папасы ХІІІ Бенедиктпен кездесті. Алайда, неміс зерттеушісі Карл Хеллердің (Karl Heller) пікірінше Вивальдидің аудиенциясы ХІІІ Бенедикттен алдын басқарған ХІІІ Инокентийдің кезінде болуы мүмкін деген болжам айтады. Егер Вивальди ХІІІ Бенедиктпен кездескен болса, онда композитор Римде көп уақыт болды. Өйткені Бенедикт XIII рим папасы болып сайланған жыл 1724 жылы 29 маусымда сайланған еді.[12] 1725 жылы Амстердамда композитордың 1720 жылдар шамасында жазылған «Il Cimento dell’Armonia e dell’Invenzione» («Искус гармонии и инвенции» или «Үндестік пен Өнертапқыштықтың дауы») атты 12 концерттен тұратын циклы қойылды. Осы циклдың алғашқы төрт концерті Вивальдидің «Жыл мезгілдері» атты әлемге әйгілі музыкасы сол кездің өзінде жұртқа танымал бола бастады. Шындығында, Ресейде «Времена года» деп қате аталып кеткенімен, түпнұсқада концерт «Жылдың төрт мезгілі» (Le quattro stagione) деп аталады. Сонымен қатар, Вивальдидің халыққа танымал шығармалары көп. Олар: «La notte» (түн), «Il cardellino» (пайызторғай балапаны), рухани, діни шығармалары: «Gloria», «Magnificat», «Stabat Mater», «Dixit Dominus».
Өмірінің соңғы жылдары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Композитордың Венециядан кеткен уақыты белгісіз, бірақ шамамен 1740 жылдары ол туған жерін тастап, Рим императоры VI Карлға аттанады. Вивальди Венаға қолайсыз уақытта келді. Себебі, ол келгеннен кейін бірнеше айдан соң VI Карл қайтыс болып, Австрияның қазынасы үшін соғыс басталды. Венада қолдау таппаған Вивальди жаңа жұмыс қарастыру мақсатында Дрезден, Саксонияға қарай бет алды. Шамамен осы уақытта композитор науқасқа шалдықты. Ауру, ұмыт қалған, әрі өмір сүруге ақшасы қалмаған Вивальди Венаға оралып, 1741 жылы 28 шілдеде осында қайтыс болды. Дәрігер Антонио Вивальдидің өлімін «ішкі қабынудан» деп бекітті. Композитор кедейлерге арналған зиратта жерленді. Небары 19 флорин 45 крейцер төленді. Бір ай өткен соң әпкелері Маргарита мен Дзанетта Антонионың өлімі туралы хабар алды. 26 тамызда сот приставы Антонионың бар мүлкін қарыздарына жазады.
Италияның виртуоз скрипкашысы Антонионың музыкалды мұрасы XVIII—XIX ғасырларда танылған жоқ еді. Тек бертін келе, яғни XX ғасырдың 20-шы жылдары 200 жыл тұңғиықта жатқан композитор мұрасы итальяндық музыкатанушы Вивальдидің қолжазбаларын тапты [13]. Иоганн Себастьян Бах Антонионың шығармаларына транскрипция жасады. Осыдан келіп, XX ғасырда Вивальдидің аспаптық шығармашылығының толық жинағы жарияланды. Вивальдидің аспаптық концерттері классикалық симфонияның қалыптасуының алғашқы қадамдары еді. Антонио Вивальдидің авторлығында 94 опера бар, дегенмен оның 40-қа жуығы ғана анықталған[14].
Вивальди шығармашылығын зерттеушілердің бірі — атақты неміс композиторы Бах. А. Казелланың айтуы бойынша «Бах — оның музыкалды дарынын түсінген жалғыз зерттеуші» болған. Сонымен қатар, Вивальди шығармашылығының зерттелуіне орасан зор үлес қосқан француз және неміс музыкатанушылары — Марк Пеншерль (Mark Pincherle) мен Вальтер Кольнедер (Walter Kolneder)[5].
Шығармалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Антонио Вивальди 40-қа жуық операның авторы[5], оның ішінде «Қаһарлы Ролланд» (Orlando furioso), «Цезерге айналған Нерон» (Nerone fatto Cesare, 1715, осында), «Коронация Даридің тәж кигізу жорасы» (L’incoronazione di Dario, 1716, осында), «Махабатты жеңген өтірік» (L’inganno trionfante in amore, 1725, осында), «Фарнак» (1727), «Кунегонда» (1727), «Олимпиада» (1734), «Гризельда» (1735, «Сан-Самуэле» театры, Венеция), «Аристид» (1735), «Тамерлан» (1735, Филармониялық театр, Верона), «Оракул в Мессении» (1738, «Сант-Анджело» театры, Венеция), «Ферасп» (1739); «Фараондардың құдайы Моисей» ораториясы (Moyses Deus Pharaonis, 1714), « Жеңімпаз Юдифь» (Juditha Triumphans devicta Holo-fernis barbarie, 1716), «Бақсының тәжім етуі» (L’Adorazione delli tre Re Magi, 1722) және басқалары.;
500-ден астам концерттердің авторы, оның ішінде:
- ішекті аспаптар оркестрі мен бассо континуоға арналған 44 концерт;
- 49 кончерто гроссо;
- ішекті оркестірдің сүйемелдеуімен арнайы бір аспапқа арналған немесе бассо континуоға арналған 352 концерт (253 скрипкаға, 26 виолончельге, 6 виоль д’амурға, 13 көлденең және 3 бойлық аралы флейтаға, 12 гобойға, 38 фаготқа, 1 мандолинге арналған);
- ішекті оркестірдің сүйемелдеуімен екі аспапқа арналған немесе бассо континуоға арналған 38 концерт (25 скрипкаға, 2 виолончелге, 3 скрипка және виолончелге, 2 валторнаға, 1 мандолинге арналған);
- ішекті оркестірдің сүйемелдеуімен үш аспапқа арналған немесе бассо континуоға арналған 32 концерт.
Бассо контунионың сүйемелдеуімен түрлі аспапта ойналатын 100-ден астам сонаттардың авторы; жоғарғы дәрежелі кантанта, серенада, симфония, Stabat Mater және басқа да шіркеулік шығармалардың авторы.
Музыкалық фрагменттері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Көктем. 1 Бөлім. Аллегро
- Көктем. 2 Бөлім. Ларго
- Көктем. 3 Бөлім. Аллегро
- Жаз. 1 Бөлім. Аллегро нон мольто
- Жаз. 2 Бөлім. Адажио
- Жаз. 3 Бөлім. Престо
- Күз. 1 Бөлім. Аллегро
- Күз. 2 Бөлім. Адажио мольто
- Күз. 3 Бөлім. Аллегро
- Қыс. 1 Бөлім. Аллегро нон мольто
- Қыс. 2 Бөлім. Ларго
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ a b Антонио/ Большая советская энциклопедия. Вивальди(қолжетпейтін сілтеме)
- ↑ Karl Heller. Antonio Vivaldi: The Red Priest of Venice. Chapter Three. Vivaldi’s Training as Priest and His Appointment as Musico di Violino Professore Veneto — P:Amadeus Press, 1997 — p. 37 — ISBN 1-57467-015-8
- ↑ a b c d e Walter Kolneder. Antonio Vivaldi: his life and work. — University of California Press, 1970 — ISBN 0-520-01629-7
- ↑ Электронды қоры. «Вивальди. Өмірі және шығармашылығы». Биография. Мұрағатталған 24 наурыздың 2010 жылы.Vivaldi.org.ru
- ↑ a b c d Музыкалды энциклопедия. Вивальди. Ю. В. Келдыштың редакциясы бойынша. 6 томдық. Т 1. — М.: Кеңес энциклопедиясы, 1973. Мұрағатталған 3 шілденің 2013 жылы.
- ↑ a b Reinhard Strohm. The Operas of Antonio Vivaldi. — L.S. Olschki, 2008 — p. 111 — ISBN 88-222-5682-4
- ↑ Игорь Белецкий. Антонио Вивальди: краткий очерк жизни и творчества. — И:Музыка, Ленинградское отд., 1975
- ↑ a b c Муз-лит-ра. Вивальди — биография. Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2017 жылы.Muzlitra.ru
- ↑ Julie Anne Sadie. Companion to Baroque Music. — P:University of California Press, 1998 — p.40 — ISBN 0-520-21414-5
- ↑ Классикаға бойұру. Вивальди — Ercole sul Termodonte.
- ↑ Compton Mackenzie, Christopher Stone. Gramophone, Том 85,Выпуски 1029—1031 — И:General Gramophone Publications Ltd., 2008 — стр. 107
- ↑ Karl Heller. Antonio Vivaldi: The Red Priest of Venice. Chapter Six. «In moltissime città d’Europa» — A Diversity of Activities During the Years of Artistic Maturity (1718—1731) — P:Amadeus Press, 1997 — p. 149 — ISBN 1-57467-015-8
- ↑ Е. В. Коровкина. Кто есть кто в мире: 1500 имён. — И:Olma Media Group, 2003 — ISBN 5-8123-0088-7
- ↑ Фонд Foà-Giordano, библиотека Национального университета Турина
Әдебиеттер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Барбье П Венеция Вивальди: Музыка и праздники эпохи барокко = La Venise de Vivaldi: Musique et fêtes baroques — СПб: Лимбах Иван, 2009. — Б. 280. — ISBN 978-5-89059-140-1.
- Вирджилио Боккарди Вивальди — Жизнь замечательных людей. — Москва: Молодая гвардия, 2007. — Т. 1085. — Б. 778. — ISBN 978-5-235-03014-5.
- Eleanor Selfridge-Field A new chronology of Venetian opera and related genres, 1660-1760. The calendar of Venetian opera — Stanford University Press, 2007. — Т. 1085. — Б. 272. — ISBN 978-0-80474-4379.
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу] Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Antonio Vivaldi |
- Classical Connect сайтындағы Вивальди шығармашылығына арналған мәліметтер Classical Connectтегі классикалық музыканың ақысыз кітапханасы
- Антонио Вивальди — классикалық музыка фонотекасындағы "Жыл мезгілдері" топтамасы Мұрағатталған 30 қазанның 2013 жылы. классикалық музыканың ақысыз кітапханасы
- Проект «Anima Veneziana». Вивальди өмірбаяны мен шығармашылығының орыс тіліндегі баспасы