Махатма Ганди

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Махатма Ганди
Мохандас Карамчанд Ганди
Туған күні

2 қазан 1869 (1869-10-02)

Туған жері

Гуджарат, Британ Үндістансы

Қайтыс болған күні

30 қаңтар 1948 (1948-01-30) (78 жас)

Қайтыс болған жері

Нью-Дели, Үндістан

Қызметі

саяси қайраткер, философ

Әкесі

Карамчанд Ганди

Жұбайы

Кастурбай Ганди

Балалары

Харилал Ганди (1888—1948)
Манилал Ганди (1892—1956)
Рамдас Ганди (1897—1969)
Девдас Ганди (1900—1957)

Ганди Оңтүстік Африкада (1895)
Мохандас Ганди және оның әйелі Кастурбай (1902)
Ганди 1918 жылы

Мохандас Карамчанд Ганди (гудж. મોહનદાસ કરમચંદ ગાંધી, хинди मोहनदास करमचन्द गान्धी, ағылш. Mohandas Karamchand Gandhi; (2 қазан 1869 жыл – 30 қаңтар 1948 жыл) - Үндістандағы ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері.

М.Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде бейбіт жолмен қарсыласудың теориясы мен тактикасын белгілеп, оны сатьяграха (Шындық үшін тайсалма) деп атады. 1899-1902 және 1906 жылғы ағылшын-зулус соғыстары кезінде М.Ганди сонда тұрып жатқан үнділерден ағылшындарға көмек көрсететін санитарлық жасақтар құрады. Бурлар мен зулустардың күресін әділ күрес деп есептегенімен, ол үнділердің ағылшындарға жәрдемі Үндістанға өзін өзі басқару құқығын беруге септігін тигізеді деп үміттенді. М.Ганди осы тәсілдің арқасында өз халқын ағылшындық отаршылдық езгіден аман сақтап қаламын деп те ойлады. Ол заманда үнді халқын аман сақтап қалудың бірден бір жолы осы тәсіл екені де даусыз еді.

1915 жылы қаңтарда Үндістанға қайтып оралғаннан кейін М.Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясымен жақындасып, 1916 жылы оған мүше болып кіреді. 1917-1918 жылдардан бастап ол ұлт-азаттық қозғалысында неғұрлым көрнекті қызметтер атқарады. Бұл тұста елде ағылшындарға қарсы бұқаралық қозғалыс кеңінен етек алған болатын. Сол жылдары М.Ганди өзі редакторы болған "Жас Үндістан" газеті мен жетісіне бір рет шығатын "Навадживан" журналы арқылы өз идеясын насихаттап отырды.

Алайда М.Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізуге тырысты, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Кейбір солшыл топтар оның бұл көзқарасын қолдамағанымен, тұтастай Үндістан халқы Махатма жағында еді. 1919-1948 жылдары Махатма Ганди Үндістан ұлт-азаттық Конгресі партиясының идеялық жетекшісі және беделді саяси басшысы, ұлт көсемі бола білді.

М.Гандидей ұлы тұлғаның арқасында Ұлттық халық Конгресі партиясы Үндістан халқының зор қолдауына ие болды. Үндістанның кемеңгер ақыны Рабиндранат Тагор қойған Махатма (Ұлы адам) деген құрметті атақ - М.Гандидің елі сүйген есімі.

Ағылшын отаршыларына қарсы күресте М.Ганди талай рет айдалып (1922-1924, 1930-1931, 1942-1944 ж.ж.), неше қайтара сотталып, абақтыларға отырғызылды. Отаршылардың бұл әрекеті күрескер азаматты жасыта алмады, қайта шыңдай түсті. Ағылшындарға "Үндістаннан тайып тұрыңдар!" деп алғаш ұран тастаған да М.Ганди болатын. Бір қызығы ұлы тұлға 1946 жылғы үнді моряктарының көтерілісін айыптады. Себебі, М.Гандидің ойынша Үнді халқы тәуелсіздікке тек бейбіт жолмен ғана жете алатынынына имандай сенуінде еді және өзі осы жолды мықтап ұстанды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында титтей де солқылдақтық танытпады, таңдап алған жолына адал болды.

Ағылшындардың құйтырқы саясатының нәтижесінде 1947 жылы Үндістан-Пәкістан болып екі мемлекетке бөлінген тұста да ол үнділер мен мұсылмандарды бірлікке шақырды. 1948 жылы 30 қаңтарда Махатма Ганди Үнді реакцияшыл ұйымдарының мүшесі Натхурам Годзе дегеннің қолынан салтанатты митингі кезінде қастандықпен өлтіріледі.

Махатма Ганди ұстанған бағыт және оның өмірлік мызғымас көзқарасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ол қапияда қас дұшпанның қолынан көз жұмғанымен М.Гандидің соңында - Гандизм атты діни-философиялық саяси ілім қалды. М.Гандидің өзі осы ілімнің негізін қалады. Ол ілімнің философиялық түпкі негізі - Құдайдың, яғни бір Жаратушының хақтығын мойындау, оны ақиқатпен қатар қою. "Мен үшін Ақиқат - ең басты принцип. Ол Ақиқат -"Құдай" дейді М. Ганди өзінің "Менің өмірім" атты кітабында [1].

М.Гандидің ойынша Ақиқат гносеологиядан гөрі діни адамгершілік категориясына жатады. Оған қол жеткізу - тек адамның өз бетімен жетілуі, ізденуі және Ақиқатты өзінің күнделікті қам-қаракетінде жүзеге асыра білуі арқылы мүмкін болмақ. Ақиқатты жақын білу - Құдайды танып-білу дей келіп, ол: "Құдайдың алуан түрлі анықтамасы бар, себебі оның көрінуінің өзі алуан түрлі... Мен тек Ақиқат түріндегі Құдайға бас иемін" дейді.

Ганди Ақиқатты - абсолютті және относителді деп екіге бөледі. Біріншісі мәңгілік принцип Құдай болса, екіншісі адам санасында болады. Ізденудің мақсаты - абсолюттік Ақиқатты, Құдайдың мәнін білу. Ол мистикалық ішкі ой арқылы аян береді деп біледі М. Ганди.

М.Гандидің этикалық қағидасы джайнизмнен (біздің жыл санауымызға дейінгі соңғы мың жылдықтың орта шенінде Үндістанда пайда болған, брахмандардың әдет-ғұрпына қас діни ілім. Өзінің жолын қуғандарға аса қатаң адамгершілік-тақуалық талаптар қояды, кез келген күш көрсетуге, оның ішінде тірі жан атаулыны жоюға тыйым салады) алынған: "тірі жанды зәбірлеуге болмайды" дейтін ахимса идеясына негізделген.

Ганди ұсынған ұлт бостандығы үшін күрестің негізгі тактикасы "Сатьяграха" - негізінен зәбірлемеу принципіне құрылған. Ахимса мен Сатьяграха өзара үндес, сабақтас ілім.

Үндістанның ағылшын үстемдігінен құтылатын, азаттық алатын бірден-бір жолы: "свардж (өзін-өзі басқару) тек ешкімді де зәбірлемейтін шаралар арқылы ғана іске асырылуы керек" деп үйретеді. Гандидің өзі оны адам өміріндегі күнделікті мәселелерді шешудің ең бір оңтайлы, ұтымды әдісі санайды.

Сатьяграханы іске асырудың басты шарттарының бірі - Үндістан құрамындағы барлық халықтардың, барлық діндегілердің, көзқарастағылардың өзара түсіністік және өзара кешірімшілдік бірлігінде деп білді М.Ганди. Ол - Қамқорлық теориясын жақтады. Махатма Ганди үнділер мен мұсылмандардың бірлігі үшін табанды күрес жүргізіп, ұлт бостандығы күресіне үнділермен қатар мұсылмандардың да қатысуын қамтамасыз етті. Ол "дүниені қозғаушы күш және оны қозғалысқа келтіретін Құдайдың өзі белгілеген Заң" деп білді.

М.Гандидің этикалық көзқарасы: "кедейлікке, жоқшылыққа мейірімділікпен қарау, жапа шегу, тақуалық принциптері мен қоғамдағы дамуы - адамның өсімпаз мұқтажын қамтамасыз ету арқылы емес, оны саналы түрде тежеу арқылы іске асырылуы керек" деген көзқарасты мықтап ұстанды. Осы айтылған қағидалардың барлығын өзінің күнделікті қам-қаракетінде, ісінде қолдана білген, бұл жолдағы қандай қиындыққа да төзе білген, өз тәжірибесін ізін қуғандарға да кеңінен қолданған Махатма Ганди адамгершіліктің шырқау шыңына көтеріле білген бірден бір әлемдік, ғарыштық ірі тұлға.

Гандидің негізгі принциптері: Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха деген не?

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Махатма Гандидің өмір жолы туралы сөз еткенде: Ахимса, Брахмачария, Сатьяграха және тағы басқа осыларға үндес, сабақтас қасиетті атауларды ауызға алмай және олардың мән-мағынасына зерделей түсінбей, ұлы тұлға туралы бірдеңе деп айтудың өзі әбестік болар еді. Біз тілге тиек етіп отырған бұл үш атау Махатма Гандидің онсыз да сом тұлғасын биіктете түсетін биік тұғырлар екені даусыз. Алда әңгімемізге арқау болатын оқиғалар шоғырының қазақ оқырмандарына түсінікті болуы үшін ең алдымен осы сөздердің біздің тілімізде қандай мағыналарға ие болатыны туралы түсіндірме сөздік түрінде қысқаша болса да түсінік бере кеткенді жөн көрдік.

  • Ахимса - "күш көрсетпеу, ешкімге ешқашан да жамандық жасамау, біреуді жазықсыздан жазықсыз азапқа түсірмеу" деген сияқты терең философиялық мағынаға ие сөз. Ахимса ілімі ертедегі Үндістанда да болған, содан кейін буддизмде және әсіресе джайнизмде дамытылған. Үнділердің бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда Ахимсаның үлкен мәні болды. Ахимсаны бір жағынан ұлы Махатма Ганди күнделікті өмірде адам тәрбиесіне қолданатын ілім ретінде пайдаланды. Дара тұлғаның барша өмір жолы осынау қасиетті атаумен біте-қайнасып өткенінің өзі сол сөзімізге куә. Бұл туралы алда толығырақ баяндайтындықтан әзірге осы топшылаумен ғана тынамыз.
  • Брахмачария - " сөзбе-сөз аудармасы: Тәңірге жақын келу". Бұл да - ілім. Оның жолын қуғандар адам баласына тән небір тәтті, жүрегің мен тәніңді еліктіргіш құмарлық сезім ләззатынан бас тартып, пәктік сақтап жүру. Бұл батылдық құлқынның құлы болған кез келген пенденің қолынан келе бермейді. Бұны жүзеге асыру үшін Махатма Гандидей нағыз Құдайдың сүйген құлы болу шарт.
  • Сатьяграха - "Ақиқатқа арқа сүйеу". Өзі қолданған саяси күрес әдісін атау үшін М.Гандидің өзі енгізген төл термині. Осы қозғалысқа қатысқан адамдарды - "сатьяграхтар" дейтін. Сондай-ақ, осы атаудың негізінде дүниеге келген "Сатьяграха ашрам" да М.Ганди мен оның жолын қуушылардың Ахмадабаттың маңындағы Кочраб деген жерге шаңырақ көтерген қауымының атына айналған. Қауым мүшелерінің ішіндегілердің біршамасы кезінде Оңтүстік Африкадағы қызметінде М.Гандидің ажырамас ниеттес, мақсаттас және қандай қиындық болса да ажырамас серіктеріне дейін көтеріле білген адамдар еді. Сатьяграха қозғалысының нәтижесінде ғана Үндістан мемлекеті ағылшын отарлаушыларынан ешқандай қантөгіссіз жолмен азат етілгені белгілі. Бұл жолда осы қозғалыстың көсемі М.Гандидің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз...

Ескерткіштері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. "Жалын" баспасы, аударған Мейрам Асылғазин, 1989 жыл