Фауна
Фауна (лат. Fauna – Ежелгі Рим мифологиясы бойынша орман мен егістік құдайы; жануарлар қамқоршысы) – белгілі бір аумақта мекендейтін не Жер тарихының белгілі бір кезеңінде тіршілік еткен барлық жануарлар түрлерінің жиынтығы.
Сондай-ақ Фауна ұғымы кейде жануарлардың жеке жүйелік топтарының (тип, класс, отряд, т.б.) жиынтығын да білдіреді (мысалы, ихтиофауна, орнитофауна, т.б.). Әрбір аумақтың Фаунасы әр түрлі Фауналық жануарлар кешенінен құралады. Мысалы, дала белдемінің Фаунасында негізінен далалық Фауна кешені, космополиттік түрлер, шөлейт аймақтың Фауналық кешенінің басымдығы байқалады. Әрбір Фаунада мекендейтін жануарлардың шығу тегі де әр түрлі, атап айтқанда автохтондар, аллохтондар (алғаш пайда болған аймақтан осы мекенге ауысып келген кірме жануарлар), иммигранттар (дамыған жануарлардың басқа аумақта пайда болып, кейіннен соңғы мекен етіп отырған орынға келуі).
Қазақстанның қазіргі Фаунасы төрттік кезеңде қалыптасқан әр түрлі Фауна кешендерінен (тайга, орман, дала, шөлейт, шөл, палеотропиктік т.б.) құралады, жергілікті түрлермен қатар шеттен келген түрлер де көп. Республика Фаунасы балықтар, қосмекенділер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілердің түрлеріне бай. Республика жерінен көптеген қазба жануарлар табылды. Қазақстанның табиғи аймақтарына қарай олардың Фаунасы да әр алуан.
Әр аймақтың өзіне тән Фаунасы бар. Орманды далада: қоян, бұлан, елік, құр, кекілік, т.б.; далада: суыр, дала шақылдағы, саршұнақ, дуадақ, безгелдек, қараторғай, т.б.; шөл мен шөлейтте: ақ бөкен, қарақұйрық, қосаяқ, құмтышқан, жылан, улы өрмекші, қарақұрт, т.б.; тауда: арқар, таутеке, марал, құну, қоңыр аю, барыс, ұлар, жылқышы, т.б. мекендейді. Табиғи факторлар мен адам әрекеті салдарынан республика Фаунасы да елеулі өзгерістерге ұшырады. Тек төрттік кезеңнің өзінде ғана Қазақстан жерінде түйеқұс, орман пілі, Мосбах жылқысы, жабайы есек, Мерке мүйізтұмсығы, алып түйе, байырғы елік, жалпақ маңдайлы бұлан, Шетензаки бизоны, Хозар мамонты, тарпан, мамонт, семсер тісті жолбарыс, жүндес мүйізтұмсық, тур (жабайы сиыр), үңгір аюы, үңгір арыстаны, т.б. жойылып кетті. Сирек кездесетін, саны өте аз жануарлар қорғауға алынған; “Қазақстанның қызыл кітабы”.
Қазіргі кезде Жер бетінде жануарлардың 1,5 млн-нан астам түрі белгілі, жыл сайын 10 мыңға жуық жануарлар түрі анықталады. Фаунаны зерттеудің тәжірибелік маңызы өте зор. Фаунаны зерттеумен зоогеографияның фаунистика саласы шұғылданады.[1]
Энтомофауна
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Энтомофауна - белгілі бір территорияда мекендейтін не белгілі не бір тарих кезеңінде өмір сүрген жәндік түрлерінің жиынтығы. Қазақстан энтомофаунасы толық зерттелмеген. Мұнда 550 тұқымдасқа, 28 отрядқа жататын 40 мыңға жуық жәндік түрі бар. Республика Энтомофаунасы қазіргі қалпына төрттік дәуірде келген. Ол жергілікті автохтондар және шеттен келген иммигранттардан тұрады.[2]
Эпифауна
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Эпифауна - топырақтың бетінде, жартастардың саңылауларында, тастардың арасында және тағы басқа жерлерде тіршілік ететін, бекітілген немесе аз қимылдайтын су түбіндегі омыртқасыздар. Эпифаунаға қаптап өсіп кететін, топырақтың үстінде бос жататын, су үстінде баяу жылжитын тіршілік иелері кіреді.[3]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ "Қазақ Энциклопедиясы", 9 том
- ↑ Қазақ ССРқысқаша энциклопедиялық-2 том-Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы-Алматы,1987-
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Алматы: "Мектеп" баспасы, 2002.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |