Сценарий
Сценарий (итал. scenarіo, лат. scena, scaena – сахна) – кинофильмнің, теледидар қойылымының композициялық негізі.
Маңызы
өңдеуСценарийде драматургия мен проза тәсілдері қабат игеріледі. Сценарий экрандық қойылым үшін жазылып, образдық жүйе экранда бейнелегенде ғана тәмамдалған, толыққанды сипатқа ие болады. Сценарий сөз өнері жанры ретінде XX ғасырда дамыды. Ол кино және теледидар сценарийі болып бөлінеді.
Киносценарий
өңдеуКиносценарий XX ғасырдың 20-жылдарында қалыптаса бастады. Алғаш ол мылқау фильмдердегі оқиғалар желісін тізбелеу қызметін атқарған. Кейін кинодраматургияның эстетикалық, шығармалық принциптері түзіліп, әдеби драмалық тұрпаты анықтала түсті. Киносценарий орындалу техникасына, жүзеге асырылу кезеңдеріне, құрылымына байланысты синтетикалық және ұжымдық шығарма болып табылады. Мұнда сөз, музыка, бейнелеу өнерлерінің жанрлық элементтері біріккен. Сценарий жүзеге асу барысында оператор, режиссер, актерлер қатынасады да, сюжеттің бастапқы драматургиялық сипаты күрделілене түседі. Сценарийде автор сөзінің (кадр сыртындағы дауыс), төл сөздің (диалог, монолог), ремарканың (суреттеу, тәптіштеу), әр алуан түсініктемелердің тұтастығы қатаң ескеріледі.
Кинематография
өңдеуКинематографияның бейнелі қалпында жүзеге асуы мен мәтіннің жанрлық табиғатын ұйымдастыру осы 4 құрылымдық компонентке негізделеді. Фильмнің жанрына байланысты (детективті, деректі, тарихи, фантастикалық, т.б) 4 құрылымдық компоненттің бірі алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, деректі фильмде комментатор дауысы немесе түсіндірме жазбалар маңызды рөл атқарады. Ойындық фильмдерде бейнелілігі мен айқындығы тұрғысынан алғашқы қатарға кейіпкер әрекеті, монолог, диалог және ремарка шығады. Сценарийлердің көп бөлігі (триллер, модернистік, мистикалық фильмдер сценарийі) арнайы эффектілерден, яғни бейнелілікті толықтырушы (компьютерлік) қалыптардан тұрады.
Теледидарлық сценарий
өңдеуТеледидарлық сценарийлер де кеңінен дамып, ішінара жанрлық өзгерістерге ұшыраған. Мысалы, шоу, полемика, КВН, теледраматургия, публицистикалық, саяси, тарихи, деректі бағдарламалар. Теледраматургия айқындық, ақпараттық және бейнелердің түсініктілігі, қысқалық секілді талаптарды қажет етеді. Теледидарлық сценарийде публицистикаға, айқындыққа, технологияға бет бұру, театрланған бағыттар байқалады. Опералық, балеттік, пантомималық сценарийлер либретто деп аталады.[1][2][3]
Дереккөздер
өңдеу- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том
- ↑ “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
- ↑ Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|