Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, Қазақстанның тұңғыш президенті (1990—2019)

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев (6 шілде 1940 жыл, Шамалған ауылы, Алматы облысы) — кеңестік және қазақстандық саясаткер, мемлекеттік қайраткер, Қазақстан Республикасының бірінші президенті (1991–2019) және Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының соңғы басшысы (1989–1991).

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев
Назарбаев, 2021 жыл
Лауазымы
Ту
Ту
Қазақстанның 1-Президенті
Ту
Ту
24 сәуір 1990 — 20 наурыз 2019
Ізашары лауазымы құрылған
Ізбасары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев
Ту
Ту
Қазақ КСР 1-Президенті
Ту
Ту
24 сәуір 1990 — 24 желтоқсан 1991
Ізашары лауазымы ұйымдастырылған
Ізбасары лауазым ыдыратылған, Қазақстан Республикасының Президенті ретінде өзі
Ту
Ту
Қазақ КСР Жоғары Кеңесiнiң 13-төрағасы
Ту
Ту
22 ақпан — 24 сәуір 1990
Ізашары Мақтай Сағдиев
Ізбасары Ерік Асанбаев
Ту
Ту
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің 13-Бірінші хатшысы
Ту
Ту
22 маусым 1989 — 28 тамыз 1991
Ізашары Геннадий Колбин
Ізбасары лауазымы ыдыратылған
Ту
Ту
Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң 10-төрағасы
22 наурыз 1984 — 27 шілде 1989
Ізашары Бәйкен Әшімов
Ізбасары Ұзақбай Қараманов
Ту
Ту
ТМД мемлекет басшыларының кеңесінің төрағасы
Ту
Ту
20 мамыр 2006 — 5 қазан 2007
Ізашары Владимир Путин
Ізбасары Құрманбек Бәкиев
1 қаңтар 2015 — 31 желтоқсан 2015
Ізашары Александр Лукашенко
Ізбасары Алмазбек Атамбаев
Өмірбаяны
Партиясы 1. КОКП (1962–1991)
Партиясыз (1991–1999)
2. Аманат (1999 бері)
Білімі 1. Днепродзержинск техникалық училищесі (1960)
2. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті (1964-1965)
3. Қарағанды ​​металлургиялық комбинаты жанындағы зауыт-техникалық колледжі (1967)
4. КОКП ОК жанындағы сырттай оқитын Жоғары партия мектебі
Азаматтығы  КСРО
 Қазақстан
Дүниеге келуі 6 шілде 1940 (1940-07-06) (84 жас)
Шамалған ауылы, Қаскелең ауданы, Алматы облысы, Қазақ КСР
Әкесі Әбіш Назарбаев
Анасы Әлжан Назарбаева
Жұбайы 1. Сара Алпысқызы
2. Әсел Тілектесқызы Құрманбаева (Исабаева)[1]
Балалары 1-некеден
Дариға (1963)
Динара (1967)
Әлия (1980)
2-некеден
Тауман (2005)
Байкен (2008)[1]
Сайты nazarbayev.kz/kk
Әскери қызметі
Қызмет еткен жылдары 1991—2019
Әскер түрі Қазақстан Қарулы Күштері
Атағы
Жоғарғы қолбасшы
Қолтаңбасы Қолтаңбасы
Марапаттары
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ортаққорда

2010 жылдан бері 2023 жылға дейін Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті — Елбасы ресми мәртебесіне ие болды.[2][3]

Бұрын Назарбаев Қазақстан Конституциялық Кеңесінің мүшесі (2019–2023), Нұр Отан ХДП төрағасы (2007–2022), Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы (1995–2021), Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы (1991–2022) лауазымдарының иесі болған. Қазақстан тәуелсіздігіне және өзінің президенттігіне дейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы (1984–1989), КОКП ОК мүшесі (1986–1991), КОКП ОК Саяси бюро мүшесі (1990–1991), Қазақстан КП ОК хатшысы (1974–1984), Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы (1989–1991), КСРО Жоғарғы Кеңесінің 10–11-шақырылымының Солтүстік Қазақстан облысынан депутаты (1979–1989), КСРО халық депутаты (1989–1991), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы (1990), Қазақ КСР президенті (1990–1991).

Назарбаевтың президенттігін саясаттанушылар және бақылаушылар жеке басына табынуы бар,[4][5] авторитарлық,[6][7] непотистік[8] диктатура[9][10] етіп сипаттайды.

Өмірбаяны

Еңбек жолының бастауы

Нұрсұлтан Назарбаев 1940 жылғы 6 шілдеде Алматы облысының Қаскелең ауданындағы Шамалған ауылында Әбіш (1903–1971) пен Әлжанның (1910–1977) отбасында дүниеге келді. 1957 жылы Қаскелең қаласында Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.

Теміртаудағы металлургиялық комбинат құрылысына бүкіл одақтан комсомолдарды жинап жатқанын естіп, Нұрсұлтан Назарбаев металлург болуға бел буды. 1958 жылдың алғашқы екі айында Қарағанды облысында Теміртау қаласынан 15 км жердегі Токаревка ауылында жатақханада тұрды. Украинаның Днепроджерсинск қаласындағы Днепр металлургиялық зауытындағы №22 Кәсіптік-техникалық училищеде оқып, 1960 жылы тәмамдады. 1960 жылы Теміртау қаласында «Казметаллургстрой» трестінің құрылыс басқармасына жұмысшы болып орналасты. 1960 жылы 3 шілдеде Қазақстан және Орталық Азиядағы алғашқы домна пеші іске қосылды, Назарбаев алғашқы қазақстандық шойын қайнатуға қатысты. Содан кейін Қарағанды металлургиялық комбинатында құю машинасының шойыншысы, домна пештің горновойы, домна цехтың диспетчері, газшысы, аға газшысы болып істеді. 1967 жылы Қарағанды металлургиялық комбинатындағы Жоғарғы техникалық оқу орнын бітірді.

1969 және 1973 жылдары Теміртау қаласында партиялық комсомолдық қызмет атқарды. 1973–1978 жылдары Қарағанды металлургиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы болды. Турасын айтқанда Назарбаев кәсіпорында комбинат директорынан кейінгі екінші тұлға еді. Бұл жерде 30 мың адам жұмыс істейтін. Назарбаев естеліктерінде менмен амбициясының болмағанын, басқарушы лауазымдарға құмар болмағанын айтады, бірақ жас күнінен әрқашан да бірінші болу керек деген дағды қалыптасқан. Осы кезеңде ол басшы ретінде цех басшылары мен министрлерге дейін қарым-қатынас жасау тәжірибесін жинақтады.

1978–1979 жылдары партияның Қарағанды облыстық комитетінің хатшысы, екінші хатшысы болды. 1979 жылы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып тағайындалды.

1984–1989 жылдары Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, ал 44 жасында одақ республикалары арасындағы ең жас басшы атанды.

1986 жылғы желтоқсанда республика астанасы Алматы қаласында ереуіл басталды. Оған Қазақстан компартиясы ОК бірінші хатшысының қызметіне Дінмұхамед Қонаевтың орнына бұрын-соңды Қазақстанда тұрмаған Геннадий Колбин сайланғаны түрткі болды. Жастар ереуілі аяусыз жаншылды, оқиға қатысушылары қудаланды, тек 1989–1991 жылдары ғана қайта қаралды.

1989–1991 жылдары Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы. 1989–1992 жылдары КСРО халықтық депутаты. Сол уақытта 1990 жылғы ақпан-сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасы. 1990 жылғы 14 шілде мен 1991 жылғы 23 тамыз аралығында КОКП ОК Саясибюро мүшесі. КОКП Орталық ревизиялық комиссиясының мүшесі (1981–1986). КОКП ОК мүшесі (1986–1991).

Президент сайлануы, 1990 жылдар

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында Қазақ КСР президенті лауазымы құрылып, оған Нұрсұлтан Назарбаев лайық деп табылды.

1991 жылғы жазда Михаил Горбачёв пен Борис Ельцин жаңа одақтық келісімшартқа қол қою барысында Назарбаев Тәуелсіз Мемлекеттер одағы үкіметінің төрағасы лауазымын иеленетін болды, алайда ТЖМК Тамыз бүлігі бұған кедергі келтірді.

Назарбаев КСРО-ны конфедерацияға айналдыруды қолдады.

28 тамызда Қазақстан КП ОК пленумында президент Назарбаев КОКП-дан шығатыны туралы мәлімдеді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда бір ғана үміткердің қатысуымен Қазақ КСР-інің тұңғыш бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Нәтижесінде Назарбаев сайлаушылардың 98,7%-ын дауысын иеленді.

10 желтоқсанда Қазақ КСР атауы Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң қабылдады, ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болды. 5 күн өткен соң осы статусымен КСРО-ның тарағанын растайтын ТМД мақсаттары мен принциптерінің Алма-Ата декларациясына қол қойылды.

1995 жылғы 29 сәуірде өткен референдум нәтижесінде Назарбаевтың президенттік өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзартылды. 1999 жылғы 10 қаңтарда Назарбаев 79,78% дауыспен президент болып сайланды.

2000–2010 жылдар

2005 жылғы 4 желтоқсанда өткен сайлауда Назарбаев Қазақстан президенті болып қайта сайланды, сайлауда 91,15% дауыс жинады.

2010 жылғы 15 маусымда Елбасы – Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті мәртебесі ресми бекітілді.

2010 жылғы 23 желтоқсанда Өскеменде өткен форумда ел президентінің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы ұсыныс айтылды, ол үшін жалпыреспубликалық референдум өткізу керек еді. Ұсыныс білдірушілердің бірі – Олжас Сүлейменов болатын. Көп ұзамай 2011 жылғы 7 қаңтарда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республика парламентінің Қазақстан Республикасы Конституциясына қазіргі президенті өкілеттігін 2020 жылғы жалпыхалықтық сайлауға дейін ұзарту бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдумға салу туралы ұсынысынан бас тартты.[11][12] Бірақ қол жинау тоқтаған жоқ, сөйтіп 2011 жылғы 13 қаңтарда осы бастаманы қолдап 5 миллион 16 мың қол жиналды. 2011 жылғы 14 қаңтарда Қазақстан Парламенті Конституцияға түзету енгізуді бірауыздан қабылдады. 31 қаңтарда Қазақстан Конституциялық кеңесі сайлауды референдумға ауыстыру туралы заңды конституцияға сай емес деп тапты.[13]

Сол күні халыққа жолдауында президент Конституциялық кеңестің шешімін қолдап, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізуді ұсынды.[14] 3 сәуірде мерзімінен бұрын өткен сайлауда 2016 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасының президенті болып сайланды. Орталық сайлау комиссиясының соңғы есебі бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев 95,5% дауыс жинады. Конституция бойынша бір тұлға екі реттен артық қатарынан сайлауға қатыса алмайды, бірақ бұл шектеудің Қазақстан Республикасының тұңғыш президентіне қатысы жоқ.

2015 жылғы наурызда Назарбаев 2015 жылғы 26 сәуірде өтетін Қазақстан Республикасының мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауына қатысуға үміткер ретінде тіркелді.[15] Сайлауда 97,75% дауыс жинады.

Қызметін доғаруы

2019 жылғы 19 наурызда 2019 жылғы 20 наурыздан бастап президенттік өкілеттігін өз қалауымен өткізетін қаулы қабылдады.[16][17] Халыққа үндеуінде Назарбаев:

Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым[18]

– деп жариялады.

Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша президент өкілеттігі Парламент сенаты төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа беріледі, ол 20 наурызда Қазақстан парламенті қос палатасының біріккен отырысында ант берді. Бұдан кейін Назарбаев елдің Қауіпсіздік кеңесі төрағасы, Конституциялық кеңестің мүшесі және «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазамын сақтап қалды.[19]

Сонымен қатар Тұңғыш президент қоры аясында қоғамдық қызметпен айналысуды жалғастырды. 2019 жылы қор «Ел үміті» және «Қамқорлық» жастарды қолдау жобаларын жүзеге асыра бастады. Біріншісі – өзгерістерді басқару бойынша жас менеджерлерді дайындауға бағытталған. Бағдарлама аясында қатысушылар әлемнің озық университеттері мен компанияларында білім алуға мүмкіндік алды, сондай-ақ олардың тәлімгері ретінде әрекет ететін үкімет, отандық және халықаралық сарапшылармен тікелей байланыс орната алады. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша ауруханаларда оңалту орталықтары, мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып, жылына 5 мыңға жуық балаға тегін кешендік оңалту жүргізеді.[20]

2020 жылғы маусым-шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев коронавируспен ауырды.[21][22][23] Коронавирус пандемиясы тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз біргеміз!» ұлттық акциясы бастама алды, оның аясында 2,3 миллион азаматқа көмек көрсетілді: мұқтаж отбасыларға азық-түлік, медицина қызметкерлеріне еріктілер көмегі беріліп, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қашықтан оқытуға компьютер алынды.[24]

2021 жылғы 28 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы өкілеттегін өткізді. Оны Н.Назарбаев 1995 жылдан басқарған еді, жалпықазақстандық социумға барлық этноәлеуметтік топтарды біріктіруді жалғастыру қажеттігін алға тартты. Назарбаевқа «Ассамблеяның құрметті төрағасы» атағы берілді.[25][26]

2021 жылғы сәуірде Назарбаевтың бастамасымен «Елбасы жылуы» ауқымды қайырымдылық акциясы басталды. Акция барысында Нұрсұлтан Назарбаев және «Дегдар» қайырымдылық қоры тұрмысы нашар, көпбалалы, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған, Ұлы Отоан соғысының ардагері бар отбасыларға көмек көрсетеді. 681 мұқтаж отбасының әрқайсысына салмағы 132 кг тауар берілді.[27]

Елбасы лауазымы және басқа да мәртебелерінен айырылуы

2023 жылғы қаңтарда Назарбаев отставкасынан бері иелеген «құрметті сенатор» лауазымынан айырылған.[28] Келесі күні Парламенттің екі палатасының шешімі бойынша «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» өз күшін мүлдем жоғалтты.[29] Нәтижесінде экс-президент пен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылуды тоқтатты, пәтер мен мемлекеттік саяжай жеке меншікке берілмей, қажетті қызмет көрсетумен, жеке күзетпен, жүргізушілері бар жеке автокөлікпен, ел бойынша тегін жол жүрумен, медициналық қызмет көрсетумен және санаторий-курорттық емдеумен қамтамасыз етілуі тоқтатылды.[29]

Парламент төрағасы Мәулен Әшімбаев осы өзгерістердің себебін «2022 жылғы конституциялық референдумның нәтижесі, «халықтың шешімі» деп айтып кеткен.[28] Алайда басқа дереккөздер оның себебін 2022 жылғы «Қаңтар оқиғасын» атаған.[30]

Назарбаевтың бірнеше мәртебесінен айырылуына қарамастан оның бірнеше артықшылықтары да қалған еді, мысалы ол президент кезіндегі істері үшін жауап бермейді, оған мемлекет есебінен қызмет көрсету және күзет беру қарастырылған, және т.б..[30] 2023 жылғы 1 маусымнан бері Назарбаевты қорғайтын мемлекеттік күзет өз қызметін тоқтатты.[31]

Отбасылық жағдайы

Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші әйелі Сара Қонақай (1941 жылы туған) — инженер-экономист. Халықаралық Бөбек қорының негізін қалаушы және президенті, SOS Қазақстанның балалар ауылдары қорының президенті, тұңғыш бірінші ханым.

Нұрсұлтан мен Сара Назарбаевтардың некесінен үш қыз туған.

  • Үлкен қызы Дариға Назарбаева (1963 жылы туған) — Мәжілістің III (2004–2007), V (2012–2015), VII (2021–2022) және Сенаттың VI сайланым депутаты, Парламенттің төрағасы (2019–2020), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының директоры (2007 жылдан бастап), Асар партиясының төрайымы (2003–2006), «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ және Астана Опера кеңесінің төрайымы. Бірінші күйеуі (некеде 1983–2007, ажырасқан) Рахат Әлиев (1962–2015) — Аустриядағы (2002–2005, 9 ақпан 2007–26 мамыр 2007), Македониядағы, Хорватиядағы, Сербиядағы, Черногориядағы және Словениядағы елші (2002–2005), Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. Екінші күйеуі (2013 жылдан бастап) Қайрат Қаматайұлы Шәріпбаев (1963 жылы туған) — «ҚазТрансГаз» (2014–2015, 2020–2022), «QazaqGaz» (2020–2022), Қазақстан темір жолы (2005–2006) бас директоры.
    • Үлкен ұлы Нұрәлі Рахатұлы Әлиев (1985 жылы туған) — «Еуропа плюс Казахстан» (2007 жылдан бастап), «Транстелеком» (2023 жылдан бастап) және «Нұрбанк» АҚ (қараша–желтоқсан 2008) Директорлар кеңесінің төрағасы, альпинизм федерациясының (2017 жылдан бастап), «Hit TV» арнасының (2006–2007) және «Қант орталығының» (2004–2006) президенті. Байлығы 220 000 000$ бағаланған. Әйелі (2003 жылдан бастап) Аида Берікқызы Әлиева (Берік Имашевтың қызы) (1984) — Arte Di Casa жиһаз компаниясына иелік етеді және бірнеше адамдармен бірге «Janum» қоғамдық бірлестігін құрды. Балалары: Лаура (2003), Алаң (2005), Амира және Әнуар.
    • Ортаншы ұлы Айсұлтан Назарбаев (1990–2020) — Рахат (2006), Қайрат (2007), Астана (2011), Сұңқар футбол клубтарында (2012) ойнаған. Әйелі (2013–2020, ажырасқан) Әлима Қайратқызы Боранбаева (Қайрат Боранбаевтың қызы) (1993 жылы туған) — Лондондағы Courtauld Institute of Art өнер институтының түлегі. Балалары Сұлтан (2010) мен Амели (2016).
    • Қызы Венера Рахатқызы Әлиева (2000 жылы туған) — SCI CDG Garden House компаниясының 99,99% иелік етеді. 11 жасында қазақ-орыс-неміс «Байқоңыр» фильмінде шопанның қызы ретінде эпизодтық рөлді сомдаған. Күйеуі (2018 жылдан бастап) Дален Шайжүнісов (1995) (Жақия Шайжүнісовтің немересі).
  • Ортаншы қызы Динара Құлыбаева (1967 жылы туған) — Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының (қазіргі NNEF) директоры, Қазақстан-Британ техникалық университетінің директорлар кеңесінің төрағасы. Күйеуі (1990 жылдан бастап) Тимур Құлыбаев (1966 жылы туған) — Қазақстан темір жолы, «Самұрық-Энерго» (2009–2011), Қазатомөнеркәсіп (2008–2012), ҚазМұнайГаз (2006–2007, 2009–2012), KEGOC (2006–2007, 2008–2011) Директорлар кеңесінің төрағасы. Екеуінің байлығы жеке-жеке 5 000 000 000$ бағаланып, Құлыбаевтардың байлығы 10 000 000 000$ бағаланды.
    • Балалары — Алтай Асқар (1990), Дениза Асқар (2004), Нәби Назарбаев (2008), Алишия Асқар (2010).
  • Кіші қызы Әлия Назарбаева (1980 жылы туған) — «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің төрағасы (2021 жылдан бастап), Қоршаған ортаны қорғау ұйымдары қауымдастығы президиумының төрағасы (2017–2022). Бірінші күйеуі (некеде 1998–2001) Айдар Асқарұлы Ақаев (1976–2020) Қырғызстан президенті Асқар Ақаевтың баласы. Екінші күйеуі (2002–?) Данияр Пернебекұлы Хасенов (1979 жылы туған) — Қазақстан темір жолы Басқарма мүшесі. «LOKOMOTIV» Астана футбол клубында ойнаған. Үшінші күйеуі (некеде 2015–2023) Димаш Ғабитұлы Досанов (Сәбит Досановтың жиені) (1981 жылы туған) — «Қазақстан-Қытай құбыры» (2014-2016), ҚазТрансОйл (2016–2022) бас директоры.
    • Балалары — Тиара Назарбаева (2007), Алсара Хасенова (2011), Алдияр (2016) және Айлана (2018).

Азаттық радиосы сияқты оппозициялық дереккөздердің болжауынша Назарбаевтың бейресми әйелі (1996–?) Гүлнар Оразқызы Рақышева (1970 жылы туған) — «ФИРМА ШАРМ», «Sergio group», «Мой сервис» компанияларының иесі. Болжау бойынша бұл некеден екі қыз туылған (туылған жылдары 2000-жылдардың басы), бірақ Гүлнар Оразқызы 2004 жылы Испанияға көшкеннен кейін қыздарының аты-жөнін өзгертіп тастаған.[32]

Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші[a] әйелі Әсел Тілектесқызы (Құрманбаева) Исабаева (29 қазан 1980) — Мисс Қазақстан 1999, «Астана Балет» театрының және «Қазақ ұлттық хореография академиясының» Арт-директоры. «Астана Балет» пен «Almaty Theatre» театрларының құрылтайшысы. 2-некеден:

  • Үлкен ұлы Тауман Нұрсұлтанұлы (2005).
  • Кіші ұлы Байкен Нұрсұлтанұлы Нұрсұлтан (2008).[33]
 
Назарбаевпен почта маркалары

Ресми мәлімет бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев жастайынан он екі атасына дейінгі шежірені жатқа білетін: Әбіш, Назарбай, Еділ, Кембаба, Мырзатай, Айдар, Көшек, Қарасай, Алтынай, Есқожа, Малды-Ыстық, Шапырашты, Жалманбет, Бәйдібек. Нұрсұлтанның сегізінші атасы Қарасай батыр болған, 1640–1680 жылдары жоңғарлармен шайқаста көптеген ерлік көрсеткен. Нұрсұлтанның атасы Назарбай би болған, Қазақстанның Орталық мұрағатындағы құжат бойынша 1880 жылдары дәулетті адам. Сонымен қатар Назарбаев бала күнінен анасының да жеті атасын жақсы білген: Әлжан (1910–1977), Бұхарбай (Бұқа), Жатқанбай, Кенебай, Олжабай, Ізбасар, Жолай, Тығыр, Жалмамбет, Жаныс, Дулат.

1991 жылы жарық көрген «Без правых и левых» еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазады:

Кейінгі кезде өзінің «пролетарлық» тегімен көкірек қағу басқа бір нәрсенің салқынымен алмасты: қайткенде де өз тегінен «ақсүйектік» қасиет іздеп табу етек алды. Ондай біздің тұқымда болған емес. Мен – қойшылардың ұлымын, немересімін және шөбересімін. Демек, ешқандай ақсүйектер әулетінен емеспін.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын Әбіш пен Әлжанның отбасында дүниеге келді. Ұлы жүздің Шапырашты руынан шыққан. Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі Әбіш 1903 жылы Алатау баурайында Назарбайдың отбасында туылған. Әбіш Назарбаев 1971 жылы көз жұмды. Назарбаевтың анасы Әлжан 1910 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аулында молданың отбасында дүниеге келген, ол да 1977 жылы дүниеден озды. Анасы Дулат руының ішінде Жаныс елінен, одан Бесқалмақтан тарайды.

  • Бауыры — Сатыбалды Назарбаев (1947–1981).
  • Бауыры — Болат Назарбаев (1953–2023)[34]
  • Қарындасы — Әнипа Назарбаева (1950).
 
Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев пен Владимир Путин
 
Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев және Лула Да Силва, 2009
 
Ядролық қаруға қарсы саммиті
 
Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев және Дмитрий Медведев

Саяси көзқарасы

Сыртқы саясат

Назарбаевтың президент ретінде қабылдаған бастамаларының бірі – Семей ядролық полигонын жауып, ізінше әлемде 4-орын алатын ядролық қару арсеналынан бас тартты. Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімшарттар мен институттардың белсенді қатысушысына айналды.[35][36][37]

1990 жылдары президент Қазақстанның сыртқы саясатының көпвекторлы қырын жариялады, яғни халықаралық істерде маңызды роль атқаратын кез келген мемлекетпен достық қарым-қатынасты дамыту.[38] Президенттік жылдарында Қазақстан 130 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Аймақтық интеграция аясында Назарбаев бұрынғы КСРО мемлекеттерінің экономикалық-сауда қарым-қатынасын жандандыруға күш салды, Еуразия экономикалық одағының экономикалық маңызын алға тартты.

Қазақстан халықаралық ұйымдардың қызметіне белсене араласты. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысына бірінші күннен-ақ белсене кірісті, ал 2010–2011 жылдары оған төрағалық етті. 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017–2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі боп тағайындалды.[39]

2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры Astana Club халықаралық пікірталас алаңын ұйымдастырды, мұнда жыл сайын әлемдік және еуразиялық аймаққа ықпал ететін жаһандық тенденциялар мен түйткілдердің шешімін талдау мақсатында саяси қайраткерлер, дипломаттар және АҚШ, Ресей, Қытай, Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің аналитикалық орталықтарының сарапшылары жиналады.[40][41][42].

1987 жылы Назарбаев Қарабақ қақтығысы, 2014 жылғы Украина дағдарысы, Сирия бойынша Астана процесі және басқа да халықаралық қақтығыстар тұсында бейбіт бітімші ретінде әрекет етті.[43][44][45][46].

2011 жылы Назарбаев жаңа G-Global коммуникациялық алаңын құруды ұсынды, себебі оның ойынша G-20 және G-8 форматы әлемдік антикризистік жоспарды шешпеді. G-Global идеясы мынада, әлемдік мәселелердің тағдырын мейлінше көп ел мен планета азаматтарының қатысуымен демократиялық принциптер негізінде өткізген абзал. Осы мақсатта мемлекет көшбасшылары мен сарапшылар және олардың жауаптарын қамтитын мәселелерді талқылау үшін интернетте халықаралық ақпараттық-коммуникациялық платформа құрылды.[47]

2017 жылы Астанада 112 мемлекеттің қатысуымен баламал энергетика тақырыбына арналған Бүкіләлемдік ЭКСПО-2017 көрмесі өтті. Көрме аяқталған соң оның орнына «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылды.[48]

Әлеуметтік-экономикалық даму

КСРО құлаған соң 4 жылдың ішінде Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісі екі есе қысқарды, ауылшаруашылығы 30 пайызға қысқарды, көптеген ірі кәсіпорындар жабылды. Қазақстанды басқарған жылдары ел экономикасының көлемі (ЖІӨ) 15 есе өсті, халықтың табысы доллармен есептегенде 9 есеге артты, кедейлік 10 есеге яғни 90 пайызға азайды. 2018 жылы жалпы өнеркәсіптік көлемде өңдеу секторы 40 пайыздан асты. Қазақстанда баспанамен қамту көлемі жылына 10 миллион квадрат метрден асып түсті, бір адамды баспанамен қамту 21,8 м квадратқа өсті.

1997 жылы президент «Қазақстан-2030» даму стратегиясын жасақтады. Оның басты мақсаттарының бірі – шетелдік инвестиция мен ішкі қордың үлесі жоғары болатын ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсім. Президенттің басшылығымен Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. 1993–2006 жылдары Қазақстан 51,2 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартты (Орталық Азиядағы инвестицяның 80%-дан астамы).

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамту мақсатында елдің мұнайдан түскен табысының жартысын жинау есебінен Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылды.

Назарбаев астананы Алма-ата қаласынан Астанаға көшіруді қолдады. 1995 жылғы 15 қыркүйекте «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» қаулы қабылдады, оған сәйкес жоғарғы және орталық билік органдарын Ақмола қаласына көшіру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. 1997 жылғы 10 желтоқсанда Ақмола Қазақстан астанасы болып бекітілді, ал 1998 жылғы 6 мамырда қаланың атауы Астана деп өзгертілді, 2019 жылы Нұр-Сұлтан деп аталды.

Түлектер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таза сөйлеуі үшін білім саласында үш тұғырлы тіл қағидасы жарияланды. 1993 жылы президент «Болашақ» білім беру бағдарламасын ашты, оның аясында мектеп түлектері конкурс бойынша мемлекеттік стипендиямен шетелге оқуға жіберілді. Бағдарлама бойынша 15 мың маман дайындалды. 2010 жылы президенттің бастамасымен Назарбаев университеті және Назарбаев Зияткерлік мектебі ашылды.

Денсаулық сақтау саласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне біртіндеп өту жүзеге асырылды. Бұл халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ынтымақтас жауапкершілігіне негізделді.

2010 жылы президенттің қаулысымен Қазақстан Республикасының үдемелі индустиралды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Экономиканың шикізат секторын дамыту арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін әртараптандыру және арттыру, табысты арттыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында құрылды.

2012 жылғы желтоқсанда дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы жасақталды.[49]

2008 жылы басталған жаһандық экономикалық дағдарысқа қарсы Назарбаев «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын ұсынды. Дағдарысқа қарсы бағдарлама шаралары 5 негізгі бағытқа шоғырланды: қаржы секторын тұрақтандыру; жылжымайтын мүлік нарығындағы түйткілдерді шешу; шағын және орта бизнеске қолдау көрсету; агроөнеркәсіп кешенін ынталандыру; индустриалды және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру. Дағдарысқа қарсы бағдарламаның басты міндеттерінің бірі – халықты әлеуметтік қорғау, атап айтқанда инфляцияны ырықтандыру және негізгі азық-түлік бағасын ұстап тұру, бюджеттік қызметкерлердің еңбек ақысын көтеру, халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобы: зейнеткерлер, мүгедектер, жетімдерге жас бойынша зейнетақыны, мүгедектік бойынша жәрдемақыны, асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақыны көтеру арқылы әлеуметтік қамқорлықты жақсарту.[50]

Партиясы

КСРО күйрегенге дейін КОКП мүшесі болды. 1999 жылғы президенттік сайлауға дайындық тұсында Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттікке үміткерлігін қолдайтын қоғамдық штаб құрылды. 1999 жылғы 19 қаңтарда президент инаугурациясы кезінде штаб отырысында соның базасында саяси партия құру туралы шешім қабылданды, 12 ақпанда «Нұр Отан» республикалық саяси партиясы тіркелді. 1-съезде партияға Қазақстан халықтар бірлігі партиясы, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан либералды қозғалысы және «Қазақстан-2030» қозғалысы қосылды. 2007 жылы Конституцияға енгізілген түзетулерге байланысты Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы лауазымына ресми бекітілді.[51]

Атақ-даңқы және наградалары

Қазақстанның мемлекеттік наградалары:

  • Халық қаһарманы, айрықша ерекшелігі белгісі «Алтын жұлдыз» ордені және «Отан» ордені (2019 жыл 20 наурыз) – Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін.[52]
  • Қазақстан Еңбек ері «Алтын жұлдыз» орденімен (2019 жыл 20 наурыз)

КСРО мемлекеттік наградалары:

  • Октябрь революциясы ордені
  • Тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі
  • «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл» мерейтойлық медалі
  • «Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл» медалі (1970)
  • Еңбек Қызыл ту ордені (1972)
  • «Құрмет белгісі» ордені (1972)

2010 жылғы 12 мамырда Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттары Назарбаевқа Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті статусын беретін заң жобасына түзетулерді қарауға бірауыздан қабылдады. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті өз статусы бойынша Халық қаһарманы атағының иегері деген норма қабылданды.

2019 жылғы 30 мамырда «Құрметті сенатор» төсбелгісі берілді. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевқа «Қазақстан Республикасының демократиялық зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негізде қалыптастыруға, сондай-ақ отандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» берілді.[53][54]

2021 жылы 28 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының құрметті төрағасы статусы берілді.[55]

Мәдениет

Нұрсұлтан Назарбаеатың өмір жолы «Елбасы жолы» киноэпопеясында баяндалды. Киноэпопеяның алғашқы төрт фильмі – «Балалық шағымның аспаны» (2011), «Отты өзен» (2013), «Темір тау» (2013), «Тығырықтан жол тапқан» (2014) болашақ президенттің балалық шағы, жасөспірім және жастық шағын баяндайды. Қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірәшов түсірді. Назарбаевтың бала күнгі ролін жас актер Елжас Әлпиев сомдады, жастық шағын Нұрлан Әлімжанов сомдады. Әжесінің ролін Бибігүл Төлегенова, анасын Наталья Орынбасарова, әкесін Нұржұман Ықтымбаев ойнады. Қазақстан тарихы мен тұтас посткеңестік кеңістіктегі бетбұрысты кезең тура келген 90 жылдарды қамтитын эпопеяның қорытынды фильмі «Жұлдыздар тоғысқанда» деп аталды. Оның түсіріліміне ресейлік режиссер Сергей Снежкин шақыртылды. Аталған режиссердің күрделі тарихи сериалдарды қою тәжірибесі мол. «Жұлдыздар тоғысқанда» картинасындағы басты ролді Берік Айтжанов сомдады.[56][57]

2011 жылы қыркүйекте НТВ телеарнасында режиссер Александр Моховтың «Ельцин. Тамыздың үш күні» фильмі жарыққа шықты. 2011 жылы қарашада Астанадағы Бейбітшілік сарайында Еркін Жуасбектің Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай президенттің Қазақстан тәуелсіздігін алу мен бекіту кезеңіндегі ролі туралы «Терең тамырлар» драмасының тұсауы кесілді.[58]

2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстандағы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру.[59]

Орталық Азиядағы ең ірі екі театр «Астана опера» және «Астана балеттен» басқа Қазақстан астанасында Назарбаевтың бастамасымен Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.

2017 жылы президент рухани құндылықтарды сақтап қалу мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізін қалады. Қазақ тілін әлемдік кеңістікке интеграциялау үшін біртіндеп латын әліпбиіне ауысу жоспарланды. «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының нысандары елдегі туризмді дамыту орталықтарына айналды. Тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану, филология бойынша 100 заманауи оқулық қазақ тіліне аударылды.[60]

2018 жылы Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілді, содан кейін қаланы жаңарту мен дамыту жұмыстары басталып кетті. Түркістан – қазақ хандығының көне астанасы және «түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде белгілі. Түркістан облысын құру туралы қаулысына қол қоятын күні Назарбаев жиналыста ұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдерін қала құрылысына белсене қатысуға шақырды. 2021 жылы Назарбаев Түркістанда жаңа салынған нысандар – әуежай, керуен-сарай және басқа да нысандарды аралап көрді. Түркістан жылдар бойы мұндай қайта жаңғыруды бастан өткермегенін айтты.

2020 жылы Назарбаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтанда аумағы 22 мың метр квадрат болатын Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры құрылды. Журналистермен сұхбатында ол астананы көшіргелі бері қалада жаңадан үлкен қазақ драмтеатрын тұрғызуды армандағанын жеткізді.

2020–2021 жылдары эксклюзив сұхбаттар негізінде көпсериялы деректі фильм «Штрихи к портрету» циклі жарық көрді. Фильм Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қайраткерлігіне арналған.

2021 жылы Назарбаевтың өмірі туралы «Қазақ: алтын адамның тарихы» деректі фильмі жарыққа шықты. Режиссері Оливер Стоун және Игорь Лопатёнок.[61]

Негізгі жұмыстары

 
Назарбаев еңбектері
  • «Қазақстан жолы»
  • «Қазақстанның болат профилі»
  • «Оң және солсыз»
  • «Ресурстарды үнемдеу стратегиясы және нарыққа көшу»
  • «Кремлёвский тупик»
  • «Қазақстанды егемен мемлекет ретінде қалыптастыру және дамыту стратегиясы»
  • «Нарық және әлеуметтік-экономикалық даму»
  • «XXI ғасыр қарсаңында»
  • «Н. Назарбаев. Еуразиялық одақ: идеялар, тәжірибе, перспективалар. 1994-1997»
  • «Тарих толқынында»
  • «Әлемнің эпицентрі»
  • «Еуразия жүрегінде»
  • «Тәуелсіздік дәуірі» (2017)[62]
  • «Менің өмірім: Бодандықтан - бостандыққа»

Мақалалар

 
Пошта маркасы Қазақстан,
1993 жыл, 50 рубль (Михель 28)
 
Пошта маркасы Қазақстан,
1993 жыл, 100 рубль
 
Пошта маркасы Қазақстан,
2001 жыл
  • «Шебер сақтық»
  • «Қазақстан экономикасы: шындық және жаңару перспективалары»
  • «Еңбек бөлімін бөлу мәселелері»
  • «Кәсіподақтардың әсері: тәжірибесі мен мәселелері»
  • «Жағдай жаңа, ал» тежегіштер «ескі»
  • «Арал теңізінің мәселелері және оларды шешу жолдары»
  • «Terra Incognita кейінгі тоталитарлық демократия»
  • «Императорлық одақтан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына»
  • «Экономикалық интеграция - ақылға қонымды балама жоқ»
  • «Ұлтаралық бірлік және экономикалық эгемендік - бұл біздің жетістігіміздің басты және сенімді қолдаушысы»
  • «Біздің нұсқауларымыз - бұл біріктіру, әлеуметтік прогресс, әлеуметтік әріптестік»
  • «Қиын онжылдық»
  • «Нарықтық реформаларды жеделдету және экономикалық дағдарысты еңсеру шаралары туралы»
  • «Еуразиялық кеңістік: интеграциялық әлеует және оны жүзеге асыру» және т.б.

Сыни пікірлер

  • Нұрсұлтан Назарбаевқа бірнеше құқық қорғаушы ұйымдар адам құқығының бұзылуы бойынша айып таққан, The Guardian-ның пікірінше басқаша ойлайтындарды тұншықтырды және авторитарлы режимді басқарды.[63] Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін өткізілген Назарбаев кезіндегі сайлауларды Батыс еркін және әділетті сайлау деп есептемеді.[64]
  • Бұрынғы Кеңес Одағы елдері арасында биліктегі мерзімі бойынша ұзақ отырудан рекорд орнатты. 1989 жылдан 2019 жылға дейін Республиканың бірінші тұлғасы ретінде болды.
  • Өз мемлекетінде шексіз билігі бар 1,1 млрд $ байлығымен планетаның ең бақуатты және шексіз билік рейтингінде 10-орын алды. Бұл тізімді Handelsblatt басылымы құрастырған болатын.[65]
  • Президенттің отбасында екі миллиардер бар (екінші қызы Кулибаева Динараның байлығы — 3,1 млрд доллар және екінші күйеу баласы Кулибаев Тимур — 3,1 млрд $ 2017 жылғы қарашадағы жағдай бойынша) және бірнеше миллионерлер (бірінші қызы Дариға Назарбаева — 593 млн $ , немересі Нурали Алиевта — 200 млн $ ), бұрынғы күйеу баласы Рахат Алиев, інісі Болат Назарбаев. Назарбаевтар кланының жағдайы $7 млрд-қа бағаланады.[66]

Қосымша ақпарат

  1. Ресми деректер, соның ішінде Назарбаевтың естеліктері бойынша Әсел Құрманбаева–Исабаева Назарбаевтың екінші әйелі болған

Дереккөздер

  1. a b Назарбаев рассказал о своей второй семье - жене и двух сыновьях  (орыс.). ЭВРИКА (29 января 2024). Тексерілді, 29 қаңтар 2024.
  2. Конституционный закон Республики Казахстан от 20 июля 2000 года № 83-II «О Первом Президенте Республики Казахстан - Елбасы». Тексерілді, 20 шілде 2021.
  3. Енді Елбасы емес: Назарбаев пен оның отбасы неден айырылды  (қаз.). SPUTNIK (15 қаңтар 2023). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  4. РЫСҚОЖА, Болат Назарбаевтың жеке басына табынушылық халықтың табиғатына да байланысты...  (қаз.). Азаттық радиосы (18 шілде 2009). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  5. ТОҒЫЗБАЕВ, Қазис Назарбаевтың жеке басына табыну бар ма?  (қаз.). Азаттық радиосы (3 қаңтар 2018). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  6. СЛУНКИН, Павел Kazakh lessons for authoritarian leaders: How Putin and Lukashenka could fail the test  (ағыл.). Еуропалық сыртқы саясат кеңесі (19 January 2022). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  7. Nursultan Nazarbayev: Kazakhstan's authoritarian moderniser  (ағыл.). France 24 (19 March 2019). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  8. ПАННИЕР, Брюс және КЛЕВЦОВА, Анна Династии и непотизм в центральноазиатской политике  (орыс.). Азаттық радиосы (9 февраля 2016). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  9. СЕҢГІРБАЙ, Мұхтар Незавершенная эпоха Назарбаева и «дворцы неуверенных в себе диктаторов»  (орыс.). Азаттық радиосы (6 февраля 2021). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  10. MATTHEWS, Austin S. What happens to Kazakhstan’s dictatorship now that its dictator has quit?  (ағыл.). The Washington Post (25 June 2019). Тексерілді, 23 тамыз 2023.
  11. Ольга Коваленко Назарбаев отказался объявить референдум о продлении своих полномочий  (орыс.). РИА Новости (7 января 2011). Басты дереккөзінен мұрағатталған 24 тамыз 2011.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 7 қаңтар 2011.
  12. Назарбаев отклонил референдум о президентстве до 2020  (орыс.). BBC (7 января 2011). Басты дереккөзінен мұрағатталған 24 тамыз 2011.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 7 қаңтар 2011.
  13. Конституционный совет Казахстана признал незаконным продление полномочий Нурсултана Назарбаева Российская газета, 31.01.2011.
  14. Назарбаев отказался от референдума и решил провести досрочные выборы
  15. Центризбирком зарегистрировал Нурсултана Назарбаева кандидатом в президенты, election.vlast.kz (15 наурыз 2015).
  16. Нурсултан Назарбаев ушел в отставку  (орыс.). ТАСС. Тексерілді, 19 наурыз 2019.
  17. Путин прощается с Елбасы. Казахстан и Россия после Назарбаева. Радио Свобода.
  18. Нурсултан Назарбаев принял решение сложить полномочия Президента Казахстана (19 наурыз 2019).
  19. Жуков, Сергей. Президент Казахстана Нурсултан Назарбаев ушел в отставку, DW (19 наурыз 2019).
  20. «Ел үміті» және «Қамқорлық» жобалары дарынды жастарды қолдауға бағытталады  (қаз.). Egemen Qazaqstan (16 тамыз 2019). Тексерілді, 10 маусым 2020.
  21. Назарбаев заразился коронавирусом. Тексерілді, 18 маусым 2020.
  22. Ушел в изоляцию: у Назарбаева обнаружен коронавирус  (орыс.). Тексерілді, 18 маусым 2020.
  23. Назарбаев заразился коронавирусом  (орыс.) (20200618T1000). Тексерілді, 18 маусым 2020.
  24. Назарбаев: Мы переживаем один из самых сложных периодов за годы нашей независимости. Informburo.kz (13 тамыз 2020). Тексерілді, 10 маусым 2020.
  25. Назарбаев передал Токаеву полномочия председателя АНК. Tengri News (28 сәуір 2021). Тексерілді, 10 маусым 2020.
  26. Назарбаев передал свой пожизненный пост Токаеву. Lenta.ru (28 сәуір 2021). Тексерілді, 10 маусым 2020.
  27. В Казахстане стартовала масштабная благотворительная акция "Елбасы жылуы". Tengri News (1 мамыр 2021). Тексерілді, 10 маусым 2020.
  28. a b МҰХИТҚЫЗЫ, Әсемгүл Назарбаев "құрметті сенатор" атағынан айырылды  (қаз.). Азаттық радиосы (12 қаңтар 2023). Тексерілді, 1 маусым 2023.
  29. a b БАҚБЕРГЕН, Ботакөз Экс-президент Назарбаев қандай артықшылықтардан айырылды?  (қаз.). Егемен Қазақстан (13 қаңтар 2023). Тексерілді, 1 маусым 2023.
  30. a b АСЫЛБЕК, Бағдат "Елбасы заңы" жойылса да, Назарбаевқа берілген артықшылықтар сақталмақ. Қалайша?  (қаз.). Азаттық радиосы (12 қаңтар 2023). Тексерілді, 2 маусым 2023.
  31. Алмас Абылай Мемлекеттік күзет қызметкерлері енді Назарбаевтың қауіпсіздігіне жауап бермейді  (қаз.). el.kz (1 маусым 2023). Тексерілді, 2 маусым 2023.
  32. Қайыртайұлы, Манас және Бақытжан, Мейірім Назарбаевтың "екінші әйелі" Гүлнара Рақышева деген кім?  (қаз.). Азаттық радиосы (16 қараша 2023). Тексерілді, 29 қаңтар 2024.
  33. Асатрян, Арпине Назарбаев признал в мемуарах наличие второй семьи  (орыс.) (30 ноября 2023). Тексерілді, 30 қараша 2023.
  34. Болат Назарбаев қайтыс болды  (қаз.). kaztengrinewskz (13 қараша 2023). Тексерілді, 13 қараша 2023.
  35. Добавляя друзей и сокращая врагов. time.kz (1 шілде 2020). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  36. Нурсултан Назарбаев: миротворец и строитель государства. kp.ru (2 шілде 2020). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  37. Политологи Кореи: Н. Назарбаев – миротворец и медиатор. 24.kz (22 маусым 2019). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  38. Многовекторная политика позволила зарекомендовать нас как миролюбивую нацию – Нурсултан Назарбаев. inbusiness.kz (28 сәуір 2021). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  39. Казахстан впервые стал председателем Совбеза ООН. dw.com (25 шілде 2019). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  40. Назарбаев: Мир находится в состоянии третьей мировой войны. Forbes (13 қараша 2017). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  41. Назарбаев обсудил с Карзаем проблему конфликтующих сторон в Афганистане. Vlast.kz (13 қараша 2018). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  42. Заседание Astana Club с участием Елбасы прошло в столице. 24.kz (12 қараша 2019). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  43. Зачем Казахстану сирийские переговоры и почему проводилась операция "Жусан". Tengri News (25 шілде 2019). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  44. Kazakhstan to Host Syria Talks. The Diplomat (8 мамыр 2015). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  45. US must prevent a security vacuum in Central Asia. The Hill (11 мамыр 2021). Тексерілді, 20 шілде 2021.
  46. The world today resembles the Cold War years – but smaller states are becoming evermore powerful. Independent (14 мамыр 2021). Тексерілді, 20 шілде 2021.
  47. Проект G-Global: мир инноваций и возможностей. Казахстанская правда (6 шілде 2020). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  48. Назарбаев об ЭКСПО, Сирии и своей работе. Vlast.kz (14 қыркүйек 2017). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  49. Эксперты: программа "Казахстан-2050" - образ будущего для государства. РИА Новости (19 наурыз 2013). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  50. Об утверждении Государственной программы инфраструктурного развития «Нұрлы жол» на 2020 – 2025 годы. Тексерілді, 20 шілде 2021.
  51. Глава государства Нурсултан Назарбаев возглавил партию «Нур Отан» / День за днём / Интернет-газета. Казахстан Мұрағатталған 22 сәуірдің 2016 жылы.
  52. Указ Президента Республики Казахстан от 20 марта 2019 года № 1 «О присвоении звания „Халық Қаhарманы“ Назарбаеву Н. А.»
  53. Назарбаеву официально присвоили статус «почётный сенатор». Радио Азаттык (30 мамыр 2019). Тексерілді, 31 шілде 2019.
  54. Назарбаев получил знак почётного сенатора: Буду приходить, будем советоваться. Informburo.kz (6 маусым 2019). Тексерілді, 31 шілде 2019.
  55. Назарбаев решил передать Токаеву право возглавить Ассамблею народа Казахстана
  56. В Казахстане российский режиссёр Снежкин снимает фильм о первом президенте республики  (орыс.). ТАСС (23 августа 2015). Тексерілді, 1 наурыз 2016.
  57. Казахстанские чиновники ожидают от Снежкина интересный фильм о Назарбаеве. Today.kz (11 қараша 2015). Тексерілді, 1 наурыз 2016.
  58. Образ Назарбаева в театре. Басты дереккөзінен мұрағатталған 28 желтоқсан 2011.(қолжетпейтін сілтеме) Тексерілді, 7 қаңтар 2012.
  59. «Мәдени мұра» бағдарламасы: жазба деректерді жинау және жариялау мәселелері. e-history.kz (22 тамыз 2013). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  60. Статья Главы государства "Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания". akorda.kz (12 сәуір 2017). Тексерілді, 25 маусым 2021.
  61. В Москве прошёл закрытый показ фильма Оливера Стоуна о Назарбаеве.
  62. [1](қолжетпейтін сілтеме)
  63. https://www.theguardian.com/world/2015/mar/11/kazakhstan-president-early-election-nursultan-nazarbayev
  64. https://www.nytimes.com/2005/12/06/world/asia/kazakh-president-reelected-voting-flawed-observers-say.html
  65. https://worldnewsage.com/ru/gallery/persony/top_10_bogateyshih_praviteley_sovremennosti_4d8b29a05ee12/60865(қолжетпейтін сілтеме)
  66. http://kabarlar.org/news/in-world/6638-sostoyanie-klana-nazarbaevyh-ocenivaetsya-v-7-mlrd.html Мұрағатталған 27 наурыздың 2019 жылы.

Сыртқы сілтемелер

Ортаққорда бұған қатысты медиа санаты бар: Nursultan Nazarbayev
Саяси қызметтері
Ізашары:
Бәйкен Әшімов
Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы
1984—1989
Ізбасары:
Ұзақбай Қараманов
New title Қазақстан президенті
1991 (1990) — 2019
Ізбасары:
Қасым-Жомарт Тоқаев
Партиялық қызметтері
Ізашары:
Геннадий Колбин
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы
1989—1991
Лауазымы ыдыратылған